Тұлғаға тағзым – тарихқа құрмет

Таяуда Арқалық қаласында осы шаһардың 70 жылдық мерейтойы мен мемлекет және қоғам қайраткері, этнограф, ұлт руханиятының сардары Өзбекәлі Жәнібековтің туғанына 95 жыл толуына арналған тағлымды іс-шара өтті. Мерекелік бағдарлама аясында «Арқалыққа сәлем!» концерті, XXXIX облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты, «Арқалықтың ақ таңы» спектаклі және басқа да мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылды.

 Қос мерейтойға орай ұйымдастырылған мәдени-рухани іс-шараларға Түркістан қаласының өкілдері де арнайы қатысып қайтты. Өңірден барған делегация құрамында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мадияр Әліпов, Түркістан қалалық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев және өңірдің зиялы қауым өкілдері болды.

Арқалық төріндегі мерейтойлық бағдарлама «Өзбекәлі Жәнібековті еске алу рухани кешімен» басталды. Кеш барысында ұлт мәдениеті мен тарихи санасын жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосқан тұлғаның өнегелі өмір жолы, ел игілігі жолындағы ерен еңбегі кеңінен сөз болды. Қайраткердің қазақ руханиятына сіңірген еңбегі мен соңына қалдырған мол мұрасы кейінгі ұрпаққа үлгі ретінде дәріптелді.

Түркістан өңірі үшін Өзбекәлі Жәнібеков есімінің орны бөлек. Өйткені, көрнекті тұлға Түркістанның тарихи-мәдени мұрасын жаңғыртуға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға және рухани мұраны дәріптеуге айрықша еңбек сіңірді. Осы тұрғыдан алғанда, Арқалық жұртының Ө.Жәнібековтің мерейтойын туған өлкесінің өкілдерімен бірге атап өтуі тарихи сабақтастық пен рухани байланыстың жарқын көрінісі деуге болады.

Арқалықтағы айтулы басқосулар екі өңір арасындағы мәдени-рухани байланысты нығайтып қана қоймай, ел тарихында өзіндік із қалдырған тұлғалардың тағлымын ұлықтауға жол ашты. Мұндай мерейтойлар – өткенді бағалап, тұлғалар өнегесін ұрпаққа аманат етудің, елдік құндылықтарды дәріптеудің маңызды үлгісі.

 

Түркістан қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Пікір қалдырыңыз