Оның сырын домбырасы айтады
Домбыра – қазақ халқының рухани қазыналарының бірі де бірегейі. Қос ішектен төгілген күймен бірге ұлтымыздың тарихы, тағдыры, салт-дәстүрі мен мәдениеті ғасырдан ғасырға жетіп келеді. Домбыраның үні – халқымыздың бүкіл жан дүниесін, оның мұңын да, қуанышын да, арманын да айшықтайтын қасиетті үн. Сондықтан ұлттық аспаптың қадір-қасиетін дәріптеп, оның өнегесін кейінгі ұрпаққа аманаттау – өнер жолындағы әрбір жанның қастерлі парызы.
Осы аманатты абыроймен арқалап, қасиетті қара домбыраны саналы ғұмырына серік етіп келе жатқан өнер иелерінің бірі – Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияға қарасты Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы, тәжірибелі педагог Маржан Керімшеева. Оның өмір жолы – өнерге деген шынайы сүйіспеншілік пен ұлттық мұраға деген адалдықтың жарқын үлгісі.
Маржан Файзуллақызы қасиетті Отырар өңірінде өнерлі отбасында дүниеге келген. Оның домбыраға деген алғашқы қызығушылығы да отбасы тәрбиесінен бастау алды. Әкесі Майлықожа термелерін нақышына келтіре орындайтын күйші, термеші болса, ағалары домбыра мен гитараның құлағында ойнайтын өнерпаз жандар еді. Осындай өнерлі ортада өскен қыздың жүрегінде музыкаға деген құштарлықтың ерте оянбауы мүмкін бе?!
Балалық шағында бауырларымен бірге ансамбль құрып, ауыл-аймаққа концерт қойып, үлкендердің ақ батасын алып жүрген сәттері Маржанның әлі күнге дейін есінде. Оның өнер жолындағы алғашқы елеулі қадамдарының бірі – бес жасында домбыраның сүйемелдеуімен «Әке туралы жырды» орындап, әкесінің ерекше ризашылығына бөленуі.
– Домбыраны еркін меңгеруіме әкем мен анамның ықпалы ерекше болды. Өнерге деген сүйіспеншілікті бойыма сіңіріп, әрдайым қолдау көрсеткен ата-анама деген алғысым шексіз, – дейді Маржанның өзі.
Өнерге деген бала күнгі құмарлығы уақыт өте кәсіби білімге ұласты. Маржан 1980 жылы балалар саз мектебіне қабылданып, музыкалық білім ала бастайды. Кейін Алматы қаласындағы П.И.Чайковский атындағы музыкалық училищенің (қазіргі колледж) домбыра сыныбына түсіп, кәсіби шеберлігін одан әрі шыңдайды. Осы оқу ордасында домбыра өнерінің терең қыр-сырын меңгеріп, білікті ұстаздардан тәлім алады. Солардың ішінде күйші-домбырашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айгүл Үлкенбаевадай дарын иесіне ұстаз болған Тілеш Бадиловтан алған тағлымын Маржан Файзуллақызы әрдайым мақтан тұтады.
Маржан Керімшеева еңбек жолын 1990 жылы бастайды. 1990-2001 жылдар аралығында ол Жетісай гуманитарлық-педагогикалық колледжінің музыка бөлімінде дәріс беріп, жас ұрпаққа өнердің қыр-сырын үйретті. Ал, халқымыздың күй өнерін кеңінен насихаттауға бағытталған Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрі құрылған кезде, ұжым құрамына алғашқылардың бірі болып қабылданды. Содан бері оркестрдің шығармашылық жетістіктеріне өз үлесін қосып, ұлттық өнердің өркендеуіне қызмет етіп келеді.
Маржан Файзуллақызы үшін өнер мен ұстаздық – бір-бірінен ажырағысыз қос арна. Ол 36 жыл бойы жас ұрпаққа домбыра тартудың қыр-сырын үйретіп, күй өнерінің ерекшелігін шәкірттерінің жүрегіне сіңіріп келеді. Әр шәкіртінің бойындағы өнерге деген талпынысты байқап, қабілетін шыңдау, сахнаға дайындау – ұстаздық жолындағы басты ұстанымдарының бірі.
Шығармашылық жолындағы ерекше белестердің бірі – 2001 жылы қазақ ән өнерінің жарық жұлдызы Шәмші Қалдаяқов қызмет атқарған әйгілі «Шалқыма» ансамблінде еңбек етуі. Бұл кезең өнер иесінің кәсіби тәжірибесін байытып, шығармашылық ізденісіне тың серпін берген маңызды белестердің бірі болды.
Дегенмен, ұстаз үшін сахнадағы жетістіктен де биік бір қуаныш бар. Ол – шәкіртінің биіктен көрінуі. Осы тұрғыдан алғанда, Маржан Файзуллақызы тәрбиелеген шәкірттердің жетістігі аз емес. Оның шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық байқауларда топ жарып, ұлттық өнердің мерейін асырып келеді.
Ұстазы ерекше мақтан тұтатын шәкірттерінің бірі – Нұрсұлтан Оразтаев. Бүгінде ол Сүгір атындағы қазақ ұлт-аспаптар оркестрінің домбырашысы, халықаралық байқаулардың лауреаты әрі жиырма жылға жуық тарихы бар «Тұмар» фольклорлық ансамблінің әртісі. Ал, Еркебұлан Келес пен Дінмұхамед Үсенов Шымкент қалалық оркестрінде жемісті еңбек етіп, өз ұстазының сенімін ақтап жүр.
Ұстаз еңбегінің шынайы бағасы да осында. Шәкіртінің өнер жолында өз орнын тауып, ұлттық өнерге қызмет етуі – ұстаз үшін ең үлкен марапат. Маржан Файзуллақызы да өз шәкірттерінің жетістігін өзінің талай жылғы еңбегінің жемісі деп біледі.
Бүгінде Маржан Файзуллақызы оркестр сапында өнер көрсетіп қана қоймай, шәкірттеріне қазақтың этномәдени мұрасының бірегей үлгісі – ортеке өнерін де үйретіп келеді. Осылайша ол сахнадағы шығармашылық қызметін ұстаздықпен сабақтастырып, ұлттық өнердің сан қырын кейінгі буынға жеткізуді сәтімен жалғастыруда.
Ұлттық өнердің ғұмыры оның дәстүрін жалғастыратын, қадірін білетін жандардың еңбегімен ұзарады. Осындай өмірін өнерге арнаған дарын иелері барда қасиетті қара домбыраның қоңыр үні де, халқымыздың кешегі ғасырлардан жеткен асыл мұрасы да жасай берері анық.
Гүлжайна САПАРХАНҚЫЗЫ,
Ш.Қалдаяқов атындағы филармонияның баспасөз маманы.