Басты мақсат – жастарды маман етіп шығару

Түркістан жоғары көпсалалы, қолөнер колледжі – қазіргі жаһандану кезеңіндегі өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті мамандар даярлауда өзіндік орны мен шежірелі тарихы бар білім ордасы. Тарихы 1934 жылдан басталатын білім ордасынан есімдері елімізге танымал талай ғалымдар, белгілі қоғам қайраткерлері, зиялы азаматтар өсіп шықты.
Колледждің материалдық-техникалық базасы заманауи технологиялық жүйемен қамтамасыз етілген, студенттерге барынша қолайлы жағдай жасалған. Білім ордасы Дүниежүзілік банк жариялаған конкурста «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша грант жеңіп алған. Өңірдегі еңбек нарығының сұраныстарына сай, жеңіл өнеркәсіп саласын дамытуға үлес қоса алатын білікті педагог кадрлар мен білім алушылар бүгінде республикалық және облыстық деңгейде жоғары жетістіктерге қол жеткізуде. Білім ордасы облыс көлемінде «Сән технологиясы» бойынша құзыреттілік орталығы болып саналады. Дәстүрлі түрде өткізілетін «Үздік шебер» байқауында арнайы пән оқытушылары бірінші орынды ешкімге берген емес.
Колледж студенттері республикалық облыстық «WorldSkills Turkestan», «WorldSkills Kazakstan» чемпионаттарында, түрлі зияткерлік сайыстар мен олимпиадаларда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп, оқу ордасының мерейін үстем етіп келеді. Колледж спортшылары – түрлі облыстық, республикалық және халықаралық жарыстардың, әлем чемпионаттарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері.
Жұмысшы мамандығының беделін көтеру, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіндегі реформаларды жүзеге асыру мақсатында білім алушыларға барынша қолайлы жағдайлар жасалған. Шәкіртақы мен жан басына шаққандағы қаржының көбеюі, жастардың уақытын тиімді өткізуіне, бос жүрмей, білім мен дағдыны игеруге бағытталуына жол ашады. Бұл шаралар студенттердің белгілі бір мамандық иесі болып қалыптасуына, еңбекқорлық пен кәсіпқойлық құндылықтарын бойына сіңіруіне ықпал етуді көздейді. Басты мақсат – білім алушы жастардың болашақта ел дамуына үлес қосатын білікті маманға айналуы.
«Жас маман» жобасы аясында колледжіміз «IT» және «Қолөнер» мамандықтары бойынша республикалық деңгейдегі құзыреттілік орталығы саналады. Аталған жоба аясында «3 D модельдеу және протиптеу», «Кибернетика, робототехника», «Бағдарламалық инженерия және Biq Data талдау» сияқты бірнеше кабинет-зертханалар ашылды.
Дуальді оқыту жүйесі арқылы білім алушыларымыз өңірдегі озық мектептер мен балабақшаларда, өнеркәсіп орындарында өндірістік тәжірибеден өтуде.
Педагог кадрларымыз білім сапасын арттыру мақсатында ғылым мен техниканың озық үлгісі болған мемлекеттердің тәжірибесін үйреніп, біліктіліктерін арттыруда. Атап айтқанда, Түркия, Сингапур, Малайзия, Франция, Германия, Белоруссия, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан сияқты елдердің оқу үдерісіндегі жаңашылдықтарды үйреніп, тәжірибе алмасуда.
М.Сейілбекова,
Түркістан жоғары көпсалалы,
қолөнер колледжінің әдіскері.