«Стартап жобалар – қоғамдағы тың серпіліс»

Қазір жаһандық ілім-ғылым көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатыр. Тиісінше, сол үрдістің етегіне жармасып, өздеріне керек білімді ала білгендер әлемге ортақ проблемалардың шешімін табуға өзіндік үлестерін қосып келеді. Олардың ішінде, әсіресе, стартап жоба жасаушыларды ерекше атап өтуге болады. Бүгінгі кейіпкеріміз Мұқадір Мейірбан да бірнеше өзекті мәселені шешуге көмектесетін жобаларды әзірлеп, оларды сәтімен іске асырып келеді.

– Сонымен сұхбатымызды «Сіз кімсіз, Ка мырза?» демекші, «Сіз кімсіз, Мұқадір Мейірбан?» деген сұрақтан бастасақ...
– Мен Қытай Халық Республикасындағы Алтай аймағында дүниеге келгенмін. Үш жасымда Қазақстанға қоныс аударып, Өскемен қаласында тұрдық. Сол қаладағы инновациялық мектепте білім алып, Қ.А.Ясауи атындағы халық-аралық қазақ-түрік университетіне оқуға түстім. Қазір менеджмент мамандығының 3-курс студентімін. 
– Өз мамандығыңыздан бөлек қандай істерге қызығасыз?
– Заман ағымына сай басқа жастар секілді мен де IT саласына қызығамын. Тіпті, осы салада «Turkistan IT Hub-пен» бірлесіп, қосымша жұмыстар да істеп жүрмін. Бұл мекеме менің стартап жобаларымды іске асыруға үлкен септігін тигізді. Одан бөлек, халық- аралық биржа саласын зерделеймін. Ал, хобби ретінде атқа мінемін, саятшылық құрамын.
– Стартап жобалармен айналысу саласына қалай келдіңіз?
– Мектепте жүргенде әлеуметтік жобалармен айналысқанмын. Сол кездің өзінде білім саласына қатысты жоба әзірлеп, үш мыңға жуық құрбы-құрдастарымызды оқытқан едік. Ол жобаны жасауға пандемия кезінде білім беру деңгейінің төмендеп кеткендігі түрткі болды. Ал, 2-курстан бастап «Ясауи стартап» курсында оқыдым. Содан соң университеттің арнайы жасақталған «Enactus Yasawi» командасына қосылып, коммерциялық жобалар жасай бастадым. Яғни бұл салада қандай да бір жемісті жоба жасай алсам, ол ХҚТУ-дағы арнайы «Enactus Yasawi» клубының арқасы дер едім. Одан кейін стартап жобаларымды «Turkistan IT Hub-қа» енгізіп, бірлесе іске асыра бастадық.
– Қай бағыттағы жобалармен айналысасыз? Осыған дейін қандай жобаларды дүниеге әкелдіңіз?
– Негізі әртүрлі бағыттағы жобалармен айналысамыз. Десе де, IT саласында көбірек еңбектенемін. Біршама уақыт бұрын «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының» бизнес-терекері болып қабылдандым. Экологиялық жобалармен де айналысамын. Ең алғашқы жобамның атауы «Өзгеріс» болатын. Бұл жоба жапырақтың целлюлозасын алу арқылы одан қарғын су шығаруға негізделген. Одан кейін азаматтарға құқықтық кеңес беретін жоба және «Жеңгетай» деген жоба жасадым. Ал, қазір таза табиғи қоспалар арқылы биологиялық таза өнім алу жобасын жүзеге асырудамыз. Жалпы, 18 рецепт дайындап, соның ішіндегі асқазан мен бауырға көмектесетін екі рецептке лицензия алмақпыз. Егер лицензия ала алсақ, өнімімізді нарыққа шығарамыз. Сондай-ақ, IT саласы бойынша онлайн және офлайн форматта жұмыс істейтін «TurMed» жобасын әзірледім. Бұл жоба аясында жасалған цифрлық бағдарлама медициналық кеңестер беріп отырады және «Жедел жәрдем» жеткенше қандай ем жасау керектігін түсіндіреді.
– Іс жүзінде жүзеге асырылған жобаларыңыз бар ма?
– Мәселен, жаңа ғана атап өткен «TurMed» жобасының қосымшасы Android платформасында бар. Одан бөлек, «I-Iow» жобасы Telegram-бот ретінде жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ, жоғарыда биологиялық өнім алу жобасы жөнінде айтып өттік. Осы жоба да жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында отандық және қытайлық дәрігерлермен кеңес өткіздік. Пайдалы өнімді нарыққа шығару үшін лицензия ғана қажет болып тұр.
– Жетістіктеріңіз туралы айта отырсаңыз...
– Жетістіктер, шүкір, бар. Осы салада жүріп бизнес-терекер болдым, бірнеше компанияның сертификатын алдым. Бірнеше байқауда жеңіс тұғырынан көріндім. Былтыр «Қазақстанның үздік студенті» атандым. ЮНЕСКО-ның мүшелері қатарына қосылдым. 
– Жалпы, стартап жобалар қоғамға қандай пайда әкеледі?
– Қазіргі таңда Қазақстан әлеуетіне ауыз толтырып айтарлықтай инвестиция тартып жатқан жобалар – стартап жобалар. Әсіресе, жас буынның стартап жобалары АҚШ-та, Азияның көптеген мемлекеттерінде үлкен сұранысқа ие. Нәтижесінде әрбір жоба еліміздің игілігіне мыңдаған, миллиондаған доллар инвестиция түсіруде. Бұл – шет мемлекеттердің қыруар қаржысы Қазақстан нарығына еніп, ел қазынасына құйылып жатыр деген сөз. Сондықтан барлық салаға бағытталған стартап жобалар бағыты өте ауқымды қозғалыс, тың серпіліс деп айтуға болады. Тіпті, бір стартап жоба белгілі бір алпауыт компанияның немесе өндіріс орнының бастамасы десек, қателеспейміз. Себебі, кез келген нәтижелі іс осылай жоба жасаудан басталады. Сондай-ақ, стартап жоба дегеніміз тек қана жаңа идея емес, ол жаңа бизнес көзі, жаңа табыс жолы болып саналады. Біз жасап жатқан жобалар «Тұрақты даму мақсаттарының» 17 бірдей қағидасына негізделеді. Ол 17 қағида әлемдегі ахуалды жақсартуға арналған. «Стартап жобалар қоғамға қандай пайда әкеледі?» деген сауалға осылай жауап берсек болатын шығар.
– Алдағы уақытта қандай бағыттар бойынша жоба жасамақсыз?
– Атқаратын іс те, жасайтын жоба да өте көп. Олардың арасында коммерциялық және коммерциялық емес жобалар да бар. Мәселен, қазір киберқауіпсіздік проблемасы өте өзекті проблема. Сондықтан ғаламтор арқылы теріс пиғылын іске асырғысы келетіндерге қарсы жасанды қорғаныс желісін дайындап жатырмыз. Бұл жүйе сізге қандай да бір бейтаныс адам хат жазған кезде оның алаяқ немесе алаяқ емес екендігін, яғни сенімділігін анықтай алатын болады. Ол үшін өзіңізге келген күмәнді хабарламаны скриндеп, чат-ботқа жүктейсіз, бот сенімділік пайызын шығарып береді. Мысалы, «бұл адамның алаяқ болу ықтималдығы 80 пайыз» деген секілді ақпарат ұсынады. Екінші бағыт контент, SMM және таргет салаларына бағытталады. Себебі, біз әлі де осы үш қызметті бір платформаға біріктіре алмай келеміз. Бұл жобамыз іске асса, мәселен, сіздің бизнесіңіз болса, мәтін дайындап, аватарын әзірлеп, жарнамаңызды жүргізіп, таргетін де атқарып беретін болады. Жалпы, қазір ғылым қарыштап дамып жатыр. Сол ғылымға ілескен адам ғана мол мүмкіндікке ие болады.
– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет! Әр жобаңыз жемісті болсын!

Сұхбаттасқан  
Назерке ТӘЖІБАЙ,
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың 4-курс студенті.
Пікір қалдырыңыз