Батыр атағына ұсынылғанын білмей кетті...

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен көптеген майдангерлердің есімдері көшелерге берілді. Бұл игі іс жөнінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада ерекше тоқталды. Президентіміз сол жиында: «Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам» деп тарихи әділеттіліктің орнауына баса назар аударған болатын.

Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай республикалық ономастикалық комиссияның шешімімен көптеген майдангерлердің есімдері көшелерге берілді. Бұл игі іс жөнінде Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылған іс-шарада ерекше тоқталды. Президентіміз сол жиында: «Бірер күн бұрын менің тапсырмаммен республикалық ономастикалық комиссия елді мекендердегі 500-ден астам көшеге бұған дейін елеусіз қалған жергілікті қаһармандардың есімін беру туралы шешім қабылдады. Бұл шешім – Ұлы Жеңісті, оған қатысушыларды қаншалықты қадір тұтатынымызды көрсететін маңызды қадам» деп тарихи әділеттіліктің орнауына баса назар аударған болатын.
Президенттің тапсырмасымен көшеге есімі берілген қаһармандардың бірі, шардаралық соғыс және еңбек ардагері, қадірменді ел ағасы болған Әбілқасым Жұматаев атамыз еді. Бұл қуанышты хабарды Әбілқасым атамыздың ұлы Марат ағамыздан естідік. Дәлірек айтсақ, ономастикалық комиссияның шешімімен Шардара қаласындағы жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп жатқан учаскедегі №17 атаусыз көшеге Әбілқасым Жұматаевтың есімі берілді.  
Осыдан бірер жыл бұрын Жұматаевтар әулеті ғаламтордан әкелері Әбілқасым ата туралы құнды дерекке кезікті. Тарихи құжатта 1944 жылдың 16 қыркүйегінде 134-ші Бердино дивизиясының 738-ші атқыштар полкінің командирі, гвардия подполковнигі Федоров өз қолымен марапаттау қағазын толтырып, Әбілқасым Жұматаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынғаны жазылған.  Онда осы полктің 6-шы атқыштар ротасының қызыләскері Әбілқасым Жұматаевтың ерлік істері баяндалған. Сол кезде небәрі 
20 жастағы жерлесіміздің жанқиярлықпен соғысқан ерлігі бір парақ қағазда қысқа да нұсқа көрсетіліпті. Мұнда 1944 жылдың жазындағы екі шайқаста Әбілқасым аға көзсіз ерлік жасағаны баяндалады. Оның біріншісі сол жылдың 2 шілдесінде болады. Жаудың артиллериядан және әуеден жасаған соққыларына қарамай Ә.Жұматаев қаруластарымен бірге Висла өзеніне алғаш болып жетіп, керекті нысанды көздің қарашығындай қорғайды. Жаңбырдай жауған оқтың астында фашистердің 4 мәрте жойқын шабуылына тойтарыс беріп, тапсырманы абыроймен орындап шығады. Екінші ерлігі 2 тамызда тіркеледі.  Кең жазықта болған ұрыста Әбілқасым Жұматаев бірінші болып окоптан шығып, жаумен шайқасқа кіреді. Оның артынан бүкіл рота көтеріліп, анталап келе жатқан жаудың бетін қайтарады. Біраздан соң немістер жаңа күшпен тағы шабуылға шығады. Бұл жолы пулеметтен оқты қардай боратқан Ә.Жұматаевтың қолынан көптеген фашист жер жастанады. Қайтсе де пулеметтің үнін өшіруге тырысқан жау солдаттары қазақ сарбазын жан-жағынан қоршап, тірідей қолға түсіруге тырысыпты. Андыздап келіп қалған жауға бұл да жалма-жан бірнеше гранатаны лақтырып үлгереді де, қайтадан пулеметін сарнатып қоя береді. Сол ұрыста жерлесіміздің жаудың 40 сарбазын жер жастандырған хас батырға тән ерлігін полк командирі нақты дәлелдермен баяндай отырып, марапаттау қағазын толтырыпты. Алайда, белгісіз себептермен Әбілқасым Жұматаевқа батыр атағы берілмей қалған.    
Қан майданда осылайша ерлікпен соғысқан, соғыс біткен соң туған жерге оралып, партия, кеңес органдарында жауапты қызметтер атқарған Әбілқасым Жұматаев ақсақалды шардаралықтар жақсы таниды. Біз де Әбекеңнің көзі тірі кезінде бірнеше мәрте тілдесіп, сұхбаттасқанбыз. Қоссейіт ауылындағы қарашаңырағында да, кейіннен аудан орталығында мемлекет тарапынан берілген жаңа үйінде де болып, қарт майдангердің соғыстағы және бейбіт замандағы өмір жолдарынан сыр шерткен әңгімелеріне қаныққанбыз.
Балалық шағы қиын-қыстау кезбен тұспа-тұс келген Әбілқасым ағамыз біраз уақыт балалар үйінде тәрбиеленіп, ашаршылықтан аман қалғанын айтатын. Соғыс басталғанша Түркістандағы теміржол стансасында еңбек еткен бозбала 18 жасқа толған соң өз еркімен ұрысқа аттаныпты. «1942 жылы өрімдей жастарды тиеп алған қызыл вагон батысқа қарай жол тартып кетті. Бұрынғы Куйбышев қаласында арнайы жаттығудан өтіп, содан кейін ұрысқа кірдік. Калинин облысының Бердино селосында немістерді қоршауға алған әскерлерге барып қосылып, жаумен соғысты бастадық. Мен 20 адамнан құралған барлаушылар взводында болдым» деп сөз бастайтын Әбекең.
Әбілқасым Жұматаев соғыста екі рет жараланыпты. Біреуінде минаның жарықшағы тиеді. Ұрыстың қайнап жатқан кезі болғандықтан медсанбатта дәрігерлер жараны кәдімгі пышақпен тіліп, денені мина жарықшақтарынан тазартқан екен. Жас сарбаз жарасын таңып алып, қайтадан шайқасқа кіріп кете берген. Екіншісінде фрицпен бетпе-бет келіп қалып, екеуі де бір-бірін атып үлгереді. Мұның дәл тигізген оғынан жау қайтып бас көтермейді де, Әбілқасым аға аяғынан жараланады. Госпитальда аз уақыт емделіп, аяққа тұрған соң қайтадан майдан даласына аттанады. Польша мен Чехияны немістерден тазартып, Ұлы Жеңісті Прага қаласында қарсы алады. Алайда, соғыс аяқталғаннан кейін де Еуропа елінде біраз уақыт аялдайды. Танк, басқа да соғыс машиналары шоғырландырылған механикалық корпуста әскери қызметін жалғастырып, кеңес жауынгерлерімен бірге жаудан тазартылған қалаларды ретке келтірумен айналысады. Көп уақыт өтпей Берлин түбіне ауыстырылады. Демалыс күндері 40 шақырым қашықтағы Рейхстагты аралап келеді. Гитлердің үйін көреді. Рейхстаг қабырғасына «Я из Туркестана, Жуматаев Абилкасым» деп қолтаңбасын қалдырып кетеді. «1947 жылы Берлиннен елге қарай пойызға отырдық. Жолда бір ай жүрдік. Қазақстанға жеткенше сыр бере қойған жоқпын. Қасымыздағы жігіттермен ойнап-күліп, көтеріңкі көңіл-күймен келе жаттық. Шиеліден бері асқасын барып туған жердің лебі есе бастады. Сонадайдан мұнартып Әзірет Сұлтанның күмбезі көрінген кезде жүрегім дүрсілдей жөнелді. Жанардан ыстық жастың ыршып кеткенін сезбей де қалдым. 1942 жылы дәл осылай Әзірет Сұлтанға қарай-қарай батысқа жол тартып едім. Енді міне, аман-есен қайтып келе жатырмын. Бес жыл бойғы жат жердегі қиян-кескі шайқастың салмағы бар, туған жерге деген сағыныш сезімдері бар, барлығы жиылып келіп қос жанардан жас болып тамып жатты, тамып жатты» деген еді Әбілқасым ағамыз.  
Соғыстан оралған соң Түркістан қалалық Кеңесі атқару комитетінде жұмыс істеп, Киров аудандық партия комитетінде, одан облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінде нұсқаушы болды. 1953 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің жанындағы  Жоғары партия мектебіне оқуға қабылданады. Партия мектебін бітірген соң Арыс–Түркістан каналы құрылысының партия комитетінің хатшысы, 1962 жылдан бастап «Байырқұм», «Овцевод», «Сүткент», «Восход» кеңшарларында партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. Соғыстағы жауынгерлік ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», ІІІ дәрежелі «Даңқ», І дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталды. Бейбіт өмірдегі жемісті еңбегі үшін «Құрмет белгісі» орденін және  «Еңбектегі ерлігі үшін» медалін кеудесіне тақты. Шардара ауданының құрметті азаматы атанды. Жұбайы Қаламқас апа екеуі 2 ұл, 4 қыздан 20-ға тарта немере, оншақты шөбере сүйді. Әбілқасым атамыз 2012 жылы өмірден өтті. 
Марат Әбілқасымұлы жоғарыдағы құнды құжаттың көшірмесін еліміздегі Қорғаныс министрлігіне жолдағанымен, ол жақтан ешқандай нәтиже болмағанын айтады. Ал, Президент тапсырмасымен әкелерінің атына көше берілетінін естігенде үй-ішімен қатты қуанып отырғанын жеткізді. Марат ағаның жұбайы Алмаш жеңгеміз әзіз атасын сағынышпен еске ала отырып, бір-екі оқиғаны айтып берген болатын.
– Замандастары әліге дейін атамды құрметпен еске алады. Бір отырыста ардагер ұстаз Жамал Төлешевамен қатар отырып қалдым. Танысып, біліскен соң баяғыда мектеп директоры болып жүрген кезде оқушылармен мақта терімге барған шақтарын айтып берген еді. Бірде екі-үш оқушысымен жан-жағын қамыс басқан егістік алқапта келе жатып жолдан адасып кетіпті. Сонда бір «Уазик» көлігі анадайдан көрінген соң алдынан шығып, тоқтатқан ғой. Ішінен еңсегей бойлы, ақ шашты, жүзінен мейірім шуағы төгілген бір үлкен кісі түсіпті. «Ағай, мына жол қайда апаратынын айтып жібермейсіз бе?» деп жөн сұрайды. Сонда ол кісі әзіл-шынын араластырып, «барлық жол коммунизмге апарады» деп, бұларды көліктеріне отырғызып алып, діттеген жерлеріне жеткізіп салыпты. Сол кісі – менің атам.  Тағы бірде атамыз қызметтік көлігімен құм ішіндегі шопандардың жағдайымен танысу үшін отар аралайды. Бір шопанның үйіне түсіп, тамақтанады. Алдарына табақ тартылып, ет келген кезде дәмнен ауыз тиген атамыз «келін, айналайын, мына етті қалтаға орап салып берші, жолда жей саламыз» деп, еттің бәрін қалтаға салып алып, қайта жол жүріп кетеді. Былай шыға бере көлік жүргізушісі атамнан «Әбеке, мұндайыңыз жоқ еді ғой, неге бұлай етті салдырып алдыңыз» деп таңғалып сұрайды. «Ее, айналайын-ай, әлгі келін ұялмасын деп жасаған амалым ғой. Өйткені, табақтағы еті құрттап кетіпті. «Мынау тамағың бүлініпті» деп айтсам ол әйелді үйіндегілердің бәрі ұрсады ғой. Сондай масқарасы шықпасын деп әдейі алып кеттім» депті. Сонда атам өзін емес, әлгі шопанның әйелін ойлап отыр ғой. Не деген адамгершілік десеңізші, – дейді Алмаш жеңгей.  
Марат ағаның пайымдауынша, Әбілқасым атамыз өзінің Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылғанынан бейхабар болған. Әйтпесе, осындай болды деп айтуы керек еді.  «Ерлік ешқашан ұмытылмайды» деген  осы болса керек.

Әділ ӘБДІРАМАНОВ,
журналист.
Шардара ауданы.  

Пікір қалдырыңыз