Жарығы сөнбейтін үй

Сабырбек Олжабай,
«Оңтүстік Қазақстан».

Мақтаарал ауданы,  Алғабас ауылындағы Мәдениет үйі былтыр ғана 113 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өткізілді. Жаңа келбетке ие мәдениет ошағында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс бар дегенді естіген соң арнайы ат басын бұрғанбыз. Расында, кірсе шыққысыз болып жаңартылған ғимараттың сыртқы, ішкі көріністері қаншалықты тартымды болса, онда атқарылып жатқан жұмыстар да көңіл көншітерлік екен. 

Мұнда сайдың тасындай іріктелген  өнерпаздар жеткілікті. Соған сай өнер бәйгесінде  жеткен жетістіктері де аз емес. Мәселен,  ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына 130 жыл толуына орай өткен республикалық өнер байқауында Азат Махмут бірінші орынды иемденсе, Түркістан қаласында өткен Әбіш Кекілбаевтың шығармаларынан  көркем сөз оқу байқауында үйірме мүшелері үшінші орынды, облыстық «Өнегелі отбасы» байқауында Әнуаровтар шаңырағы бірінші орынды жеңіп алған.
Мақтанарлық жетістіктер мұнымен тәмамдалмайды. Айталық, бесінші Дүниежүзі көшпенділер ойындары аясында өткен «Аламан құрақ» қолөнер фестивалінде  көп балалы ана Анар Балтинаның есімі Қазақстанның рекордтар кітабына еніпті.  
Бірлік ауылындағы «Абай» Мәдениет үйінде жуырда «Қамажай–2025» атты аудандық би байқауы өткен. Оған аудандағы барлық үміткерлер қатысқан. 14 би тобының арасынан топ жарып «Мырзакент» жалпы орта мектебінің «Еркеназ» би тобы бірінші орынға ие болды.  Екінші орынды Сырым Датұлы атындағы жалпы орта мектебінің «Қызғалдақ» тобы, үшінші орынды Садриддин Айни атындағы жалпы орта мектебінің «Ситора», Шыназбек Бектасов атындағы ЖОМ-ның «Гүлдер» би топтары еншіледі. Қатысушыларға бұдан тыс «Бұраң бел», «Көрермендер көзайымы» аталымдары бойынша жүлделер табысталды.
Мәдениет үйінің қызметкерлері мұнымен шектеліп қалмай, «Балдәурен-2025», «Арай-2025» аудандық ән байқауларын ұйымдастырған. «Балдәурен–2025» ән байқауында Бақыт Сырғалым бірінші орын, «Арай – 2025» байқауында Бақнұр Молдамұратова бірінші орынды талассыз жеңіп алған. Әнші Таня Соколова «Көрермендер көзайымы» номинациясына ие болса, Айсапар Әбдірайым арнайы дипломға ие болған. Бұдан тыс Мәдениет үйінде  өткен «Мақтааралдың мақтаулы келіндері», «Өнерлі», «Қылқалам шеберлері» атты байқаулар  талайлардың талаптарына қанат бітірген. Өмірден ерте кеткен талантты ақын Қосжан Мүсіреповтің «Бәсіре» атты қойылымы сахналаныпты. Міне, осындай іс-шараларды ұтымды ұйымдастыра білгендері үшін Мәдениет үйі былтыр «Жыл үздігі – 2024» байқауының жүлдесіне ие болған. 
Жалпы, санай берсек, Мәдениет үйі қызметкерлерінің жетістіктерін бір мақалаға сыйдыра алмайсыз. Дей тұрғанмен,  ондағы Г. Соколова, С. Айымбетова, М. Әуезова сынды қызметкерлер Табысты, Өркениет, Болашақ, Бірлік, Еркінабат елді мекендердегі өнерлі жастарды іріктеп, ән айтуға баулып жүргенін де айта кетуіміз керек. Осы жастар бүгінде аудандық, облыстық байқауларда топ жарып жүр.
Мәдениет үйінің екінші қабатында ауылдық кітапхана орналасқан. Кітапхананы кемелдену кеңістігі десек, мұнда да атқарылып жатқан мәдени-әдеби іс-шаралар көп-ақ. Жалпы, Мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері өзара ауызбіршілікте жұмыс істеуді дәстүрге айналдырған.
Осындай өрелі істердің жемісі шығар, таяуда ғана Мәдениет үйінің директоры Әлішер Бәйменовке «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі тапсырылыпты. Иә, бұл лайықты баға!
– Ауыл мәдениеті біздің  жұмыстарымыз арқылы да байқалады. Сондықтан біз әр күнімізді қызу еңбекпен бастаймыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың  мәдениет саласы қызметкерлеріне берген тапсырмалары аясында жұмысымызды ширатып келеміз. Президент пәрменімен соңғы жылдары мәдениет саласы қызметкерлерінің айлық жалақылары едәуір көтерілді. Бұл – бізге деген қамқорлық. Ал, қамқорлық пен сенімге нақты іспен жауап беру – басты парызымыз, – дейді Мәдениет үйінің директоры Әлішер Бәйменов.
Алғабас ауылындағы Мәдениет үйінің жарығы бүгінде түні бойы сөнбейтін болған. Жұмыс көп. Кезегін кұтіп тұрған жаңа қойылымдар да аз емес. Ауыл шаруашылығы еңбеккерлеріне арнап қойылатын концерт тағы бар. Басқа да іс-шаралар мерзімінде өтуі керек. Мемлекеттік мерекелер үлкен дайындықпен жан-жақты ойластырылып өтуі тиіс. Міне, осындай ауқымды міндеттері бар Мәдениет үйінің шамы түні бойы жарқырап тұрса, демек, бұған таңырқаудың қажеті жоқ.

Мақтаарал ауданы.  
Пікір қалдырыңыз