Қоғамдық көліктер жаңартылды

Өңірімізде жолаушылар тасымалына қатысты мәселелер оң шешімін тауып келеді. Мәселен, Ордабасы ауданында 11 әлеуметтік маңызы бар бағыт жергілікті бюджеттен субсидияланып, қоғамдық көліктермен қамтамасыз етілген болатын. Әйтсе де, жолаушыларға қызмет көрсетуші мердігер мекеменің көліктері ескіргендіктен проблема туындап, аудан әкімі Азат Оралбаев салаға жауапты басшыларға кемшіліктерді жедел жоюды тапсырған болатын.

Осы мақсатта аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мен жолаушылар тасымалдаушы мердігер мекеме «SARavto» ЖШС аудан көлеміндегі 13 қоғамдық көлікті жаңартты.
Жақында аудан басшысы арнайы мемлекеттік бағдарлама арқылы лизингке алынған жаңа отандық қоғамдық автокөліктердің алтауын салтанатты түрде табыстады.
Арнайы рәсімде аудан әкімі халыққа сапалы қызмет көрсету бағытындағы тапсырманы нәтижелі орындаған тиісті сала мен мердігер мекеме қызметкерлеріне ризашылығын білдірді. 
Айта кетейік, аудан орталығы Темірлан елді мекенінде 4 және халық көп шоғырланған Шұбарсу ауылында 2 қоғамдық автокөлік жолаушы тасымалдауды бастады. Қалған 7 автокөлік жолаушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында қосымша қондырғылармен жабдықталып, ауданға мамыр айының соңына дейін жеткізіледі.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз