Шеңгелдіге газ келді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес шалғайдағы елді мекендер де табиғи газбен қамтылуда. Соның бір мысалындай, таяуда Сарыағаш ауданы, Жылға ауылдық округіндегі Шеңгелді елді мекені табиғи газға қосылды. 

Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев Шеңгелді елді мекеніне барып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Тұрғындарды қуаныштарымен құттықтап, шалғай ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді. Ауыл тұрғындары аудан басшысына өз ризашылықтарын білдірді.
Аталған елді мекендегі тұрғын үйлерді «көгілдір отынға» қосу үшін бюджеттен қаржы қаралған. Құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, газ құбырлары тартылды. Бүгінде елді мекендегі 300-ден астам отбасы және әлеуметтік нысандар табиғи газбен қамтылды.
Айта кетейік, Сарыағаш ауданына қарасты елді мекендерді ауыз сумен, табиғи газбен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен атқарылуда. Қазіргі таңда аудандағы 63 елді мекеннің 52-сі табиғи газбен, 49-ы ауыз сумен қамтылған. 
Пікір қалдырыңыз