Өңір әлеуетін индустриалды аймақтар көтереді

Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мақсатында облысымызда 14 индустриалды аймақ ашылған. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров осы бағыттағы жұмыстарға басымдық беруде. Мақсат – өндіріс орындарын көбейту. Биылдың өзінде облыста аумағы 744 гектарды құрайтын жаңа 
5 аймақ құрылды.

Атап айтсақ, «Жетісай» индустриалды аймағы – 59 гектар, «Отырар» индустриалды аймағы – 85 гектар, «Арыс» индустриалды аймағы – 30 гектар, «Қарамұрт» индустриалды аймағы – 523,9 гектар және «Шардара-2» индустриалды аймағы 46,1 гектар алқапты алып жатыр. Бұл аймақтарда құны 129 млрд. теңгені құрайтын 84 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 49,7 млрд. теңгеге 17 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 
Бұларға қосымша Төлеби ауданында 1 индустриалды аймақ ашу және Түркістан қаласы мен Ордабасы ауданындағы 2 аймақты кеңейту жұмыстары жүргізілуде. Сауран ауданында «Шағын өнеркәсіптік парк» жобасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында 152 өндірістік ғимарат салу, 308 млрд. теңге инвестиция тарту көзделген болатын. Бұл бастама 6 040 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда 11 жоба іске қосылып, (11 ғимарат) жұмысын бастап та кетті. Бұл ғимараттарда жаңадан 790 жұмыс орны ашылды. 
Биыл тапсырылатын 29 ғимараттың құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталды. Нәтижесінде 26 жобаны іске қосу жұмыстары жүріп жатыр. Жалпы, І кезеңде 2 мыңнан астам жұмыс орнын құру көзделген. Яғни 136,8 млрд. теңгеге 37 жоба жүзеге асырылады. Қытайдың ірі компаниясымен келіссөз жүргізіліп, өнеркәсіптік парк аумағында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт салу бойынша келісім жасалды. Жобаның құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы – айына 600 дана.
Парк аумағында «Жасыл суық Қазақстан» (UBC) халық-аралық компаниясы тоңазытқыш шығаратын зауытты іске қосты. Жобаның жалпы құны 60 млн. евро болса, толық іске қосылғанда жылына 140 мың дана тоңазытқыш шығарады деп жоспарланған. 
«Шағын өнеркәсіптік парк» жобасының мультипликативтік тиімділігін ескере отырып, Бәйдібек, Келес, Ордабасы, Төлеби, Түлкібас, Сайрам және Сарыағаш аудандарында осы тәжірибені кеңінен ендіру жұмыстары жүргізілуде. Сәуір айында Ордабасы ауданында 8 гектар аумақта «Бадам» өндірістік паркінің құрылысы басталды. Осынау паркте кәсіпкерлер 5 өндіріс орнын ашпақ. Бұдан бөлек, Сауран ауданындағы Иассы, Қарашық, Үшқайық, Жүйнек ауылдарында жергілікті кәсіпкерлер өз қаражаты есебінен 4 шағын өндірістік алаңда 22 ғимараттың құрылысын бастап кетті.
Пікір қалдырыңыз