Ұрпақтар сабақтастығына да мән берудеміз

«Kazplast» ЖШС-і құрамындағы біздің тігін цехымыздың ашылғанына 4 жыл болды. Қазір мұнда 150 адам тұрақты жұмыс істейді. Жұмысшылар негізінен бұрынғы «Луч» фабрикасында және ұйық-трикотаж фабрикаларында еңбек еткен тәжірибелі тігіншілер. Арамызда оқуды жаңадан бітірген жастар да бар. Тіпті зейнет жасындағылар да кездеседі. Тігіншілер тәулігіне 8 сағат жұмыс істейді. 

Ресейден арнайы тапсырыс алғанбыз. Теміржолшыларға арналған қысқы арнайы киімдер тігеміз. Шикізаттың барлығы сол жақтан келеді. Келісімшарт бойынша жұмыс істейміз. Тапсырыс берушілер дайын болған тауарды өздері алып кетеді.
Кәсіпорнымыздың директоры – Дана Есембекқызы Жұмабаева. 
Леңгір қаласынан Зертас ауылына қарай шыға берісте жаңадан үш қабатты ғимарат бой көтерді. Құрал-жабдықтар орнатылған соң таяуда пайдалануға берілмек. Осы жаңа фабрика іске қосылса, мұнда 400 жұмысшы еңбек ететін болады. Заманауи жабдықтар, жайлы асхана, ыңғайлы жұмыс кестесі еңбек өнімділігін арттыратынына сенімдіміз. 
Реті келгенде еңбекақы жөнінде де айта кетейін. Бізде ең төменгі жалақы 110-120 мың теңге болса, шебер тігіншілердің айлық жалақысы 200 мың теңгеден асады. Фабрикада тігіншілермен қатар, бригадирлер,  жұмыс жеткізіп берушілер, тігілген форманы тазалаушылар, дайын тауарды ораушылар да еңбек етеді. 
Жас мамандарға үйретері көп тәжірибелі тігіншілер Зәузат Ахат, Мейрамкүл Тастанбекова, Хадиша Боталиева, сондай-ақ, бригадирлер Айғаным Медетова, Ақерке Бекбау-ова, технолог Севара Ашурбаеваның тыңғылықты жұмыстарын атап өткім келеді. 
Жас маман демекші, кадрларды даярлау ісіне баса мән берудеміз. Леңгір қаласындағы №8 кәсіптік лицейден келген жас мамандарды тәжірибелі тігіншілерден тәлім алуға жібереміз. Осылай ұжымда ұрпақтар сабақтастығын да жолға қойып отырған жайымыз бар. 

 Динара АСАНОВА,
«Kazрlast» фабрикасының цех бастығы.
Пікір қалдырыңыз