АҚШ-тың баж салығы Қазақстанға қалай әсер етпек?
Әдетте біздің қазақ «Сәуір болмай, тәуір болмайды» деп жаймашуақ мезгілдің келуінен ерекше үміт күтеді. Биылғы сәуірдің қаншалықты тәуір болатынын кім білсін, әлем экономикасы үшін бұл ай АҚШ президенті Дональд Трамптың баж салығын енгізуімен басталды.
Бәрімізге мәлім болғандай, 2 сәуірге қараған түні АҚШ президенті 185 ел мен аумаққа қосымша баж салығын енгізді. Тізімде біздің еліміз де, көршілеріміз де бар.
Трамптың бұл әрекеті Американың ұлылығын қалпына келтірудегі жақсы ойластырылған жоспары ма, әлде әлемді зардабы орасан зор депрессиямен қорқытпақшы болған «шок терапиясы» ма? Экономистер мен саясаттанушылар қазір бұл әрекетті қызу талқылап жатыр. Біз де Трамптың баж салығын тереңірек сараптап көрелік.
Жоғарыда айтып өткенімдей, АҚШ президенті Дональд Трамп бірқатар елдерге, соның ішінде Қазақстанға да сауда баж салығын енгізетінін мәлімдеді. Әңгімені АҚШ экономикасы үшін импорттық тауарларға баж салығын енгізудің қандай әсері бар, Трамп не үшін мұндай қадамға барды деген сұрақтарға жауап іздеуден бастайық.
АҚШ экономикасы – әлемдегі ең ірі экономика. Алайда, дәл қазір АҚШ-тың орасан зор және үнемі өсіп келе жатқан сыртқы қарызы да бар. Сыртқы қарызының негізгі бөлігі Қытайға тиесілі. Бұрын инфляцияға байланысты сыртқы саудадағы олқылықтарды іс жүзінде нөлге дейін төмендетуге болатын болса, енді ол мүмкін емес.
Трамптың айтуынша, 2024 жылдың өзінде АҚШ-тың сыртқы саудадағы теріс сальдосы 1,2 трлн. долларды құраған. Ол мұны елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер деп атап, жарлығын Халықаралық қатынастардағы төтенше құзырет туралы 1977 жылғы заңға негіздеді. Бұл заң АҚШ президентіне Конгреске қарайламай шешім шығаруға мүмкіндік береді. Дональд Трамп осылай қауіпті жағдайдан шығуға тырысады. Ақ үй басшысы журналистерге берген жауабында жаңа баж салығы Америка экономикасының дәрісіне айналатынын айтты.
Трамптың шешімі қазірдің өзінде әлемде «сауда соғысы» деп аталуда. Ол ең алдымен Қытай мен Еуропаға бағытталған.
АҚШ-тың Қытайға экспорты шамамен 500-600 миллиард долларды құрайды екен. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қазақстанның экспорты екі миллиард доллар ғана.
АҚШ-тың баж тарифтерін қолданудың басты себебі – барлық елдерден ғасырлар бойы жинақталып қалған қарыздарын жинау. Ақ үйдің әрекетін осылай түсіндіретіндер бар. Трамп АҚШ-тың дұшпандары да, одақтастары да Америкадан сатып алатын тауарлардан көбірек тауар сатса, одан пайда көреді деп санайды. Тарифтер мұндай импортты шектейді және американдық өндірушілерді қолдайды, ал, кірістер қазынаны толтырады және экономикалық өсуді ынталандыру үшін салықтарды азайтуға мүмкіндік береді.
Америка президентінің айтуынша, бұл тарифтер отандық өндірушілерді қолдауға бағытталған. Мысалы, АҚШ Оңтүстік Кореядан келетін тауарларға 25 пайыздық баж салығын енгізді, бірақ, автокөліктердің айтарлықтай бөлігі, мысалы, Hyundai қазірдің өзінде АҚШ-та шығарылады. Осылайша, бұл баж салығы оларға іс жүзінде ешқандай әсер етпейді. «АҚШ әлемдегі ең үлкен нарық және билік, ол отандық өндірісті ұлғайтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға ұмтылуда» дейді ол.
АҚШ-тың бұл саясаты Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді? Ақ үй баж салығының екі түрін жариялады. Біріншісі 10 пайыздық базалық мөлшер, екіншісі әріптес елдің АҚШ тауарына салған салығына қарымта жауап.
Жаңа тарифтер әртүрлі елдерден келетін импортқа қолданылады: Еуропалық Одақ үшін – 20%, Қытай үшін – 34%, Вьетнам үшін – 46%, Тайвань үшін – 32%, Жапония үшін – 24%, Оңтүстік Корея үшін – 25%, Тайланд үшін – 36%, Швейцария үшін – 31%, Индонезия үшін – 32%, Малайзия үшін – 24%, Камбоджа үшін – 49%, Ұлыбритания үшін – 10% және Оңтүстік Африка үшін – 30%.
Біздің елге қатысты баж салығы – 27%. Бұл көршілес ТМД елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Баж салығы бұрынғы КСРО-ның бірқатар елдері: Молдова үшін – 31 пайыз, Украина, Грузия, Әзербайжан, Армения, Түркіменстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан үшін – 10 пайыз. Бұл тізімде Ресей, Беларусь, Иран, Куба және Солтүстік Корея елдері жоқ.
АҚШ Қазақстан үшін негізгі сауда серіктесі емес. АҚШ-қа еліміздің экспорты ЖІӨ-нің 0,5 пайызынан аз мөлшерді құрайды. Статистикаға үңілер болсақ, өткен жылы Қазақстан мен АҚШ арасындағы тауар айналымы 4,2 млрд. долларды құрады. Бұл 2023 жылғы көрсеткіштерден 4 пайызға жоғары. 2024 жылы Қазақстан АҚШ-қа 2 миллиард доллардың тауарын экспорттаған, оның ішінде мұнай (1,1 миллиард), уран (322,9 млн.), күміс (239,9 млн.) бар.
Сонымен қатар, біздің ел АҚШ-қа ферроқорытпа мен тантал да жеткізеді. АҚШ-тан келетін импорт 2,1 млрд. долларды құрады, оның ішінде жеңіл автомобильдер (322,7 млн.), ұшақтар мен бөлшектер (93,4 млн.), медициналық мақсаттағы бұйымдар (38,7 млн.) бар.
Қазақстан АҚШ-қа шикізаттан басқа ешнәрсе экспорттамайды. Дегенмен, баж салығы бізге жанама түрде болса да әсер етуі мүмкін. Себебі, Қазақстан экспортта Еуропаға тәуелді. Еуропаға қазақстандық мұнай экспортталады. Қытайға да мұнай сатады. Баж салығы бұл аймақтардағы өндірісті төмендетуі мүмкін. Ал, Қазақстан экономикасы негізінен мұнайға тәуелді болғандықтан, оны тұтыну азайса, бұл отандық экономикаға әсер етпей қоймайды.
Қытай, Еуропа және АҚШ экономикасы әлемдік экономиканың шамамен 60 пайызын құрайды. Егер бұл елдердің экономикасында проблемалар туындаса, енгізілген баж салығы өнімдердің қымбаттауына әкеліп соғады. Біз үшін көп нәрсе долларға деген сұранысқа байланысты болады. Сонымен қатар, қазіргі уақытта трежериске (АҚШ мемлекеттік бағалы қағаздарына) инвестицияларды қысқарту және оларды басқа активтерге, соның ішінде алтынға аударудың жаһандық үрдісі байқалады. Мемлекет трежеристі қосымша капитал көзі ретінде пайдаланады. Инвесторлар трежеристі сатып алғанда, олар өз ақшаларын үкіметке қарызға береді. Алған қаржыны жаңа жол салу сияқты нақты маңызды жобаларды жүзеге асыруға жұмсайды.
Ал, трежериске инвестицияларды қысқарту жалғасып, доллар әлсірейтін болса, қысқа мерзімде біз ешқандай нәтиже көрмейміз. Бірақ, доллар нығайса, импорттың қымбаттау қаупі де айтарлықтай ұлғаяды. Сарапшылар мұны «Трамптың сауда саясаты әлемдік экономиканың дамуын бәсеңдетеді, бұл шикізатқа сұраныстың төмендеуіне әкеледі» деген алаңдаушылықпен түсіндіреді.
Жалпы, кез келген тарифтер мен олардың өсуі экономикаға кері әсер етеді, өйткені, ол баяулай бастайды. Яғни 100 теңге тұратын зат 127 теңге болса (баж салығының әсерінен), онда адамдар оны азырақ сатып ала бастайды. Тиісінше, оны азырақ өндіре бастайды, экономикалық жағынан аз өсім болады. Сондықтан еліміз үшін бұл жағдайды дұрыс пайдаланудың жолдарын іздестіруіміз керек. Ең тиімдісі, Мемлекет басшысының айтқанындай, экономикамызды әртараптандыруды тездетіп, цифрландыруды жандандыра түскеніміз абзал. Трамптың саясатынан аңғарғанымыздай, елге инвестицияны көбірек тартып, өндіріс орындарын көптеп ашуымыз керек.
* * *
Қазақта «Ер болсаң бопсаға шыда» деген сөз бар. Әлем елдері, ішінде Еуроодақ бар, олар да қарсы шараларды қолға ала бастағаны сол еді, Трамп шегініс жасады. Ол Қытайдан басқа елдерге баж салығын ендіруге 90 күн мерзімге мораторий жариялады. Алайда, бұл әлемдік сауда соғысы осымен тәмамдалды дегенді білдірмейді...
Қуатбек ҚАЛЫҚҰЛОВ,
Шымкент университетінің «Бизнес және басқару»
кафедрасының меңгерушісі.