Солтүстікте жұмыс та бар, ырыс та бар

Қазақстанның солтүстік, орталық және шығыс өңірлері – табиғи байлыққа толы, ірі кәсіпорындары жеткілікті аймақтар. Ол өңірлерде қай салада болмасын, жұмыс табу мүмкіндігі біздің өңірмен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Алайда, ол облыстарда қол күші жетіспейді. Ауыл шаруашылығы мен өндіріс, білім мен медицина салаларында да кадр тапшылығы өткір сезіледі.
Осы олқылықтың орнын толтыру үшін қолға алынған «Қоныс аудару» бағдарламасы тек көші-қон мәселесін шешу ғана емес, болашаққа бағытталған нақты мүмкіндік. Жаңа өңір – жаңа тыныс, жаңа кәсіп пен тұрақтылықтың кепілі.
Бағдарлама бұл күндері Түркістан облысында кең көлемде жүзеге асуда. Жетісай мен Мақтаарал аудандарында өткен жәрмеңкеге еліміздің 7 аймағынан келген арнайы делегация қатысып, 10 мыңнан астам бос жұмыс орнын ұсынды. Тұрғындарға бағдарлама шарттары, еңбекпен, баспанамен және әлеуметтік қолдаумен қамтамасыз ету жолдары жан-жақты түсіндірілді.
Бағдарлама аясында бірқатар қолдау көрсетіледі. Ең алдымен көшу шығындары толық мемлекет есебінен өтеледі. Кейін бір жыл баспанамен қамтылып немесе жалдау ақысы мен коммуналдық төлемдері өтеледі. Тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіп ашуға да мүмкіндік жоғары. Балабақша, мектеп, жер телімі сынды әлеуметтік мәселелер толық ескеріледі.
Жетісай ауданында өткен жиынға ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Әсет Бағдатұлы, облыстық «Еңбек мобильділігі орталығының» директоры Абзал Дәулет- әліұлы, Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Нұркен Серікұлы қатысып, 300-ге жуық тұрғынмен еркін форматта әңгімелесті. Нәтижесінде 40-қа жуық жетісайлық, мақтааралдық 35 азамат қоныс аударуға ниет білдірді.
2015 жылдан бері «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында Түркістан облысынан көптеген отбасы өз еркімен солтүстік өңірлерге қоныс аударып, жаңа өмірге қадам басты. Ал, Мақтаарал ауданынан 2018-2024 жылдар аралығында солтүстік өңірлерге 144 отбасы қоныс аударған.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі.