Мақсат – еңбек нарығының сұранысын қанағаттандыру

Техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі еңбек нарығының қажеттіліктеріне орайластырыла жасалған. Мұндай оқу орындарында теориялық біліммен қатар практикалық дағдыларды меңгеруге мүмкіндіктер қарастырылған. Осылайша білім алушылардың жұмысқа орналасу мүмкіндігін арттыру мақсатында колледждер оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жаңа тенденциялар мен нарық талаптарына сай жасайды.
Білім беру бағдарламаларын әзірлеу кезінде колледждер оқытудың әртүрлі технологияларын, нысандарын, оқу процесін ұйымдастыру мен бақылау әдістерін өздері таңдай алады. Сонымен қатар, білім беру бағдарламалары жастарды еңбек нарығының талаптарына бейімдеу, әлеуметтік және экономикалық даму, жұмыспен қамтуды арттыру, өмір бойы білім алу мүмкіндігін қамтамасыз ету арқылы қажетті дағдыларды игеруге және қысқа мерзімде жұмысқа тұруға, сондай-ақ, қажет болған жағдайда қайта оралып, басқа да қосымша біліктіліктерді меңгеруге мүмкіндік береді. Бұл шаралар өндірістегі технологиялық өзгерістерге және еңбек нарығының сұранысына бейімделуге бағытталып отыр. Алдағы уақытта кәсіптік білім беру ұйымдары жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлайтын болады.
Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының академиялық дербестігі оқу орындарына білім беру бағдарламаларын әзірлеу, оқыту әдістерін таңдау, кадрлық саясат жүргізу және басқару процестерін жетілдіру бойынша білім беру бағытында үлкен серпін беріп отыр.
Бұл білім беру сапасын арттыра отырып, жаңа технологиялар мен әдістерді енгізуге мүмкіндік береді және кәсіптік білім беруді еңбек нарығына икемді түрде бейімдейді.
Академиялық дербестікті кеңейту «Білім туралы» заңның және Қазақстан Республикасының білім беру реформалары аясында жүзеге асырылуда. Техникалық және кәсіптік білім берудің беделін арттыру – бүгінгі білім беру жүйесінің өзекті міндеттерінің бірі болып отыр.
Кәсіптік колледждердің түлектері бүгінде отандық өндірісті дамыту және оның қарқынды өсуін қамтамасыз ету, елдің экономикалық тәуелсіздігіне қол жеткізу, мемлекеттің гүлденуі мен әл-ауқаты үшін жемісті еңбек етуде. 2022 жылдың 27 мамырында Түркістан жоғары көпсалалы аграрлық колледжінің 50 жылдығына орай «Аграрлық салада ғылым мен өндірістің ұштасуы – сапалы маман даярлаудың кепілі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді, онда академиялық дербестік аясында дайындалған оқу-әдістемелік құралдар таныстырылды.
Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжінің 2023-2027 жылдарға арналған жылдық жоспары аясында халықаралық ақпараттық қоғамға бейімделген жаңа мамандарды даярлауға баса мән беріліп отыр. Мәселен, «Тамақтандыруды ұйымдастыру» мамандығында оқитын жастардың академиялық ұтқырлығын енгізу үшін шетелдік компаниялармен халықаралық ынтымақтастық бойынша Түркия елінің озық инновациялық технологияларын игеру, үйрену мақсатында 2024 жылы 18 қаңтарда «Caspian Center» ЖШС-імен меморандум түзілді. Ал, 29 қаңтарда Түркия елінің ATG Hotels жаһандық аспаздық тобының атқарушы директоры Булент Юлдузбен және ATG Group тамақ және сусындар тобының директоры Хасан Киличтің қатысуымен білім алушылардың ата-аналарына академиялық ұтқырлық туралы түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Меморандумға сәйкес Түркияның озық инновациялық технологияларын үйрену мақсатында колледждің жоғары курстағы 27 білім алушысы мен 1 арнайы пән оқытушысы Анталья, Бодрум, Кемер қалаларында іс-тәжірибеден өтті.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Бұл шешім техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін реформалау қажеттілігінен туындады. Мемлекет басшысы жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын насихаттауды мақсат етеді.
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру бұл еңбек нарығының сұранысына сәйкес білікті мамандарды даярлауға бағытталған кешенді процесс, қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, олардың қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан-салалы үдеріс. Бұл міндеттің үдесінен шешу үшін кәсіби білім беру жүйесін жетілдіру, біліктілікті арттыру, еңбек жағдайларын жақсарту, еңбекақы мен әлеуметтік кепілдіктерді көбейту, жұмысшы мамандықтарын жаңарту, оның мән-маңызын кеңінен насихаттау, мемлекеттік, қоғамдық, жергілікті деңгейде қолдау көрсету ісін жетілдіре түсуіміз керек.
Қорыта айтқанда, жастардың кәсіби білім алуына мүмкіндіктерін арттыру әрбір кәсіби білім беретін оқу орындарының басты мақсаты болып қала береді.
К.КАМАЛОВ,
Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі
директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары.
Н.ОСПАНОВА,
әдістемелік кабинет меңгерушісі.