Алтынсарин кітапханасының жаңа дәуірі басталды

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Алпыс жылдан аса үздіксіз қызмет атқарып келе жатқан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасы соңғы бірнеше жылда күрделі жағдайға тап болып, жабылуға да шақ қалған. Дегенмен, мемлекет мүддесін ойлайтын азаматтардың ықпалымен бұл құтхана Шымкент қаласынан Түркістанға көшіріліп, біршама уақыт облыстық «Фараб» кітапханасы ғимаратында отырып, жұмыс істеді. Жуырда облыс әкімдігі қаладағы жаңа ғимараттардың бірін балалар кітапханасына жалға берді. Осылайша Ыбырай Алтынсарин атындағы кітапхананың Түркістандағы жаңа дәуірі басталды.

Екінші тынысы ашылған ұжым «Болашаққа – кітаппен» атты іс-шара өткізді. Оған келген қонақтар алдымен балалар әдебиетінің классигі Андерсеннің туғанына 220 жыл толуына орай жасақталған және қазақ балалар жазушыларының кітаптары қойылған көрмені тамашалады. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің еңбектеріне негізделген «Алтынсарин әлемі» кітап көрмесі де назарға ұсынылды. 
Іс-шараны белгілі журналист Роза Нарымбетова, ҚР еңбек сіңірген қызметкері, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері Несіпкүл Өтебаева, ақын, ҚР Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі Айдар Сейдазым және облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Жанат Шардарбекова ашып, балалар кітапханасының алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі. Одан кейін жас оқырмандар белгілі ақындардың өлеңдерін оқып, күй тартып, би билеп, әуезді әндер шырқады. Іс-шара соңында кітапхана директоры Рысбек Летаев қонақтарға алғыс білдіріп, өнер көрсеткен оқушыларды алғыс хатпен марапаттады. Одан бөлек, алдағы уақытта облыс әкімдігі кітапханаға жеке ғимарат алып беретінін айтып, сүйінші хабармен бөлісті.
Айта кетейік, облыстық балалар кітапханасының іргетасы 1961 жылы қаланған. Кітапхана өз қызметін 1961 жылы 340 дана кітап қорымен бастаған. Әдепкіде 4 қызметкер бір ғана шағын бөлмеде отырып жұмыс істеген. 1976 жылы облыстық балалар кітапханасына Шымкенттегі В.И.Ленин (қазіргі Әл-Фараби) көшесінің бойынан 9 қабатты үйдің 1-қабатынан орын беріліп, сол жылы 23 наурызда қазақтың ұлы  ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімімен аталған. Балалар кітапханасы Шымкент қаласынан Түркістан шаһарына 2024 жылдың қазанында көшіп келді. Қазіргі таңда мұндағы кітап 
қоры – 236 403 дана. Қорда балаларға арналған әлемдік әдебиеттер, заманауи көркем әдебиет (отандық және шетелдік), оқу үдерісіне көмектесетін салалық және анықтамалық әдебиеттер, мерзімді басылымдар, аудио және бейне материалдар, электронды басылымдар бар. Одан бөлек, кітапхананың сирек қорында 250-ден аса кітап, пластинкалар мен диафильмдер сақталған. Бүгінде кітапхана білім беретін, бос уақытты тиімді пайдаланатын, ақпараттық және коммуникативтік орталық болып саналады. 
Кітапханада бір-бірімен тығыз байланыста жұмыс істейтін 8 бөлім мен 1 сектор бар. Ұжым мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге, 1-9-сынып оқушылары мен балалар жетекшілеріне қызмет көрсетеді. 
Пікір қалдырыңыз