Зияткер жастар сайысы

Қазығұрт ауданында облыстық қоғамдық даму басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен «AL-FARABI» интеллектуалды ойынының облыстық кезеңіне іріктеу сайысы өтті.
Бұл зияткерлік сайыстың басты мақсаты – облысымыздағы дарынды жастарды анықтау, интеллектуалды орта қалыптастыру, олардың танымдық қызығушылығын ояту арқылы білімге деген құштарлықтарын арттыру, азаматтық көзқарастарын, логикалық ойлау қабілеттерін дамыту болып табылады.
Білімділер бәйгесіне Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов арнайы қатысып, командаларға сәттілік тіледі. Ал, «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің басшысы Ернар Нұралыұлы жастардың зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған осындай жобалардың еліміздің жарқын болашағын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратынына тоқталды.
Интеллектуалды ойынға Қазығұрт ауданына қарасты ауыл округтері мен Сарыағаш, Төлеби аудандарынан келген барлығы 25 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, өздерінің білімдерінің арқасында үздік нәтиже көрсеткен 6 команда облыстық кезеңге жолдама алды.
Қазығұрт ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.