Тентектерді тезге салған

Қазақстандағы тергеу органдарының құрылу тарихы КСРО Жоғарғы Кеңесі Төралқасының 1963 жылғы 6 сәуірдегі қаулысынан бастау алады. Содан бері бұл күн тергеушілердің кәсіби мерекесі ретінде атап өтіледі. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін тергеу органдарында тың реформалар жүргізіле бастады. Соның нәтижесінде ҚР Президенті Жарлығымен Мемлекеттік тергеу комитеті құрылды. Ол сол кезеңде айтарлықтай қарымды кадрлармен, жедел-іздестіру қызметтерімен қамтылған ведомство болды. Әйтсе де, ішкі істер органдарымен өзара үйлесімінің жоқтығы, басқа құқықтық органдармен бәсекелес болуы тергеу комитетінің қызметіне теріс әсер етті.
2006 жылы Президент Жарлығымен Мемлекеттік тергеу комитеті таратылып, сол жылы Ішкі істер министрлігінің құрамына кіретін тергеу комитеті құрылды. Қазіргі уақытта тергеу қызметі өзінің бағыт-бағдары мен әдіс-тәсілдері қалыптасқан іргелі құрылымға айналды. Бүгінде осы кәсіпке адалдық танытып, оның қалыптасуына үлкен үлес қосқан кәсіби мамандардың қатарында Әлібек Қасымхановтың есімі ерекше ілтипатпен аталады.
1953 жылы Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген Әлібек ағамыздың негізі мамандығы – мұғалім. Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті факультетін, кейінірек Қазақ Ұлттық университетін заңгер мамандығы бойынша бітірген ол алғашында мектептерде мұғалім, кейін аудандық комсомол комитетінде нұсқаушы, бөлім меңгерушісі болып жұмыс істеді. Осы қызметте жүргенде, яғни 1979 жылы ішкі милиция құрылымын күшейту мақсатында аудандық партия комитетінің жолдамасымен Тереңөзек аудандық ішкі істер бөліміне қарасты жасөспірімдер инспекциясының бастығы болып бекітілді. 1976-1996 жылдары Тереңөзек аудандық милиция бөлімінде тергеуші, аға тергеуші, тергеу бөлімінің бастығы, аудандық ішкі істер бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары сынды қызмет сатыларынан өтті. 1996-1997 жылдары Тереңөзек, Жалағаш және Қармақшы аудандары қосылғанда осы үш ауданға ортақ тергеу комитетін басқарды. 1997 жылы тергеу комитеті таратылғанда, Сырдария аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне қайта тағайындалып, бұл қызметті 2003 жылға дейін абыроймен атқарды. Осы жылдары ол басқарған тергеушілер облыста ең алдыңғы орыннан көріне білді. 2004-2024 жылдары Қызылорда облыстық адвокаттар алқасында адвокат болып жұмыс істеді. Бүгінде Шымкент қалалық адвокаттар алқасының адвокаты ретінде әділеттіліктің салтанат құруына атсалысып жүр.
Әлібек ағамыздың тергеу саласындағы көп жылдық еңбегі мемлекет тарапынан ескерусіз қалған жоқ. ҚР Ішкі істер министрлігінің мерекелік медальдарымен және облыстық полиция департаментінің Алғыс хаттарымен марапатталды. 1988 жылы Мәскеуде өткен Ішкі істер министрлігінің бүкілодақтық жиынында «Ең үздік тергеуші» деген атақпен қоса заттай сыйлыққа қол жеткізсе, 1993 жылы республика бойынша «Ең үздік тергеуші» атанды.
Білікті тергеуші осыдан отыз жыл бұрын орын алған бір оқиғаны былайша еске алады: «Қылмыс жасаумен аты шыққан ауданның И. есімді азаматы абақтыдан шыққан соң досының үйіне барады. Дастарқан басында И-дың назары досының әйеліне ауады. Бойын нәпсі билеген ол әйелдің қарсылығына қарамай, оны зорлауға кіріседі. Сол сәтте күйеуі үстінен түсіп, қолына қалай балта ұстағанын байқамай қалады. Қызбалықпен И-дың басын шауып, сонан соң қалған дене мүшелерін қапқа салып, жақын маңдағы өзенге лақтырып жібереді. Өзеннің үстінде қалқып тұрған мәйітті бірде сол маңдағы малшы байқап қалып, дереу аудандық ішкі істер бөліміне хабар береді. Қапты ашқанда, қолы сыммен байланған адам мәйіті шыға келеді. Алғашында жүргізілген зерттеу жұмыстары оншалықты нәтиже бере қоймады. Дегенмен, мәйітті мұқият тексере келгенде, сол қолында И. деген жазудың бары анықталды. Сотталушының үйін тінту кезінде балтаны таптық. Ондағы қан дақтары қылмысты ашуға негіз болды. Осылайша тынымсыз еңбектің нәтижесінде қылмысты ашуға қол жеткіздік. Мұндай оқиғалар ол кезде көп айтыла бермейтін» дейді білікті тергеуші. Иә, осы бір ғана мысал арқылы қылмысты ашу оңай еместігін, яғни қылмыскерді анықтау кезінде біліктілігің мен тәжірибең болмаса бүкіл жұмысың зая кететініне көз жеткізуге болады.
Бүгінде Әлібек аға мен Баян апа 2 ұл, 2 қыздан өрбіген немерелерге сүйікті ата-әже атанып отыр. Ұлдары әке жолын жалғастырып келеді. Үлкені Нұрболат Байқоңыр қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары болса, кішісі Жанболат Сырдария аудандық СЭС-те заңгер. Ал, қызы Нұргүл медицина ғылымдарының докторы, бүгінде Шымкент қаласында дәрігерлік қызмет атқарса, кенже қызы Нұрсәуле мектепте мұғалім.
«Тергеуші болу үшін адамға ең алдымен төзімділік қажет, – дейді Әлібек ағамыз. – Сосын істің ақ-қарасын ажырату үшін тергеуді Қылмыстық кодекстің баптарына сәйкес жүргізу маңызды. Алдыңдағы іске жауапкершілікпен қарамау да адам тағдырына бей-жайлылық танытқанмен бірдей. Сондықтан бұл қызметті алып жүруге алдымен адалдық қажет». Ағамыздың бұл сөзіне алып-қосарымыз жоқ.
Д.ЖҮСІП.