Партизан соқпақтары

Ұлы Отан соғысының ардагері Әбу Шілімбетов 1922 жылы Бәйдібек ауданы, Тасқұдық ауылында дүниеге келген. Шымкент қаласындағы Қ.Сыпатаев атындағы жетіжылдық мектепті бітірген деп жазылыпты өмірдерегінде.

Соғыс оты тұтанған 1941 жылы Шымкент қаласында жасақталған 410 полктің 17-ші атқыштар  бригадасының автоматшылар ротасының сапына қабылданған ол алты айлық даярлықтан өтеді.
Аталған полк алғаш рет 1942 жылы маусым айында Ворошиловград қаласының маңында ұрысқа түседі. 1942 жылғы 15 тамызда Әбу Шілімбетовке №410 санды партизан куәлігі табыс етіледі. Сол жылдары «Грозный»  атты партизандар құрамасында   комсомол комитетінің хатшысы болып қызмет атқарады. Майдангер Әбу Шілімбетов алғашқы жауынгерлік барлауда жаудың 12 солдатының 8-ін өлтіріп, 2-ін жарақаттап, 2-ін тұтқынға алып келеді.
1943 жылы қазақтың белгілі ақыны Жұмағали Саин бастаған 43 сарбаздан тұратын автоматшылар ротасы жау қоршауына түспес үшін уақытша шегіндіріледі. Олар жау әскерлерінің алдын тосқауылдап тұрған. Үш күнгі алапат  ұрыстан кейін төртінші тәулікте түн жамыла  жау шебін бұзып өтіп, қалған сегіз адамымен «Грозный» партизандар отрядының құрамына қосылады.  Осы кезде Әбу Шілімбетовтің   жау тылына өтіп, Жұмағали Саинның отрядын жау қоршауынан алып шыққанын айта кетуіміз керек.
Міне, осыдан бастап Әбу Шілімбетовтің партизандық өмірі басталады. Осы ұрыста Жұмағали Саинның кеудесіне оқ тиіп, жарақат алады. Ол госпитальге бармай, ормандағы санитарлық бөлімнің емін қабылдап, полк жауынгері Әбу Шілімбетовке «мені тастама, өзіңмен  бірге болайын» деген тілек білдіреді. Жұмағали Саин  И.Сиворонов басқаратын «Грозный» партизандар құрамында қалуға сұранады. Өтініші орындалып, жарақаты ауыр Жұмағали Саинға  Әбу Шілімбетов қамқор болып, қазақ бауырының жанында жүреді. Жаралы Жұмғали Саинды полк партизандары төрт ай бойы плащ палаткаға салып жүргендерін  Әбу атамыз өз естелігінде айтып кеткен екен.
1943-1944 жылдары Украина елді мекендерін жаудан азат етудегі ерліктері үшін Әбу Шілімбетов «Қызыл Жұлдыз» орденімен марапатталады.
Әр қадамы өлім мен өмірдің арасындағы партизандар неміс эшелондары жүретін күре жолдарды, көпірлерді, жаудың негізгі күші орналасқан қару-жарақ қоймаларын талқандауға қатысады. Бұл Донбасс аймағында аты аңызға айналған «Грозный» атты партизандар отрядының жанқиярлық ерлік істері еді. Осынау ержүрек партизандардың арасында Әбу Шілімбетов атамыз да бар болатын.
1943 жылы 14 шілдеде неміс басқыншыларына  қарсы жүргізген ерлігі үшін Әбу Шілімбетов екінші дәрежелі «Отан соғысының партизаны» медалімен наград-талады.
1944 жылы Украинаны жаудан азат етудегі шайқаста  Әбу Шілімбетов  аяғынан жарақат алып, 4-5 ай госпитальде емделіп, жазылған соң еліне  қайтарылады.
1944 жылдың мамыр айында туған жерге табан тіреген Әбу Шілімбетов  1946 жылға дейін Тасқұдық ірі қара фермасының меңгерушісі, одан кейінгі жылдары қойма меңгерушісі, «Ортақшыл» ұжымшары төрағасының мал шаруашылығы жөніндегі орынбасары, 1952-1955 жылдары ұжымшар басшыларын даярлайтын  мектептің тыңдаушысы, содан кейін қой фермасының меңгерушісі болып  абыроймен еңбек етеді. Ауданның ауыл шаруашылығы саласына  агроном ретінде үлкен үлес қосады. Ауылды көгалдандыру, бау-бақша өсіру, дәнді-дақылдарды сұрыптау, оларды жергілікті жердің климатына сәйкестендіріп жаңа сорттарын дайындауда тәжірибелі маман ретінде көп еңбек сіңіреді. Зейнеткерлікке шыққанға дейін Әбу Шілімбетов қай салада болсын мінсіз қызмет атқарады.
Ол үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіріп, олардан 23 немере, 10 шөбере көреді. Майдангер атамыз 1985 жылдың 11 қазаны күні  63 жасқа қараған шағында өмірден озды. Отты жылдары ерлік көрсетіп, елге оралған соң да елдің еңсесін көтеруге бар күш-жігерін жұмсаған  Әбу атамыздың есімі ұмытылмайды.
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінде партизан Әбу Шілімбетовтің фотосуреттері, құжаттары, марапаттары сақталған. Биыл «Ұлы Жеңіске 80 жыл» республикалық акциясы аясында  «Шаяннан шыққан қос батыр» атты экспозициялық бұрыш дайындалды. Арнайы бұрыштан Әбу Шілімбетов атамыздың да деректерін көруге болады.

Эльмира ЖАМАШОВА,
Бәйдібек ауданы сәулет-көркем музейінің экскурсия жетекшісі.
Пікір қалдырыңыз