«Сізде арыстанның жүрегі бар»

Серікқали Жексенбаев, «Оңтүстік Қазақстан».


Бір қайраткердің ғұмыры арқылы кейде тұтас мемлекет тарихының бір кезеңі сабақтастырыла зерттелетіні бар. Жұмабек Тәшеневтің ғұмыры арқылы да біз ел тарихының күрделі кезеңімен таныса аламыз.

Жұмабек Ахметұлы 1915 жылы 20 наурызда Ақмола уезінің Танакөл ауылында дүниеге келген. Жігерлі жас 1928-1938 жылдар аралығында белсенді комсомол мүшесі ретінде көзге түссе, 1940-1952 жылдары Солтүстік Қазақстан облысында шаруашылық, кеңес, партия органдарында қажырлы қызмет етті.

...Ол қызметке араласқан уақыт қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған кезі болатын. Жас Жұмабек қазақты қынадай қырған ашаршылықты да, кейінгі қуғын-сүргінді және соңғы сұрапыл соғысты да көрді. Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында шаруашылық, кеңес және партия қызметтеріндегі еңбектерінің нәтижесінде тәжірибе жинақтап, ысылған азаматты республика басшылығы 1952 жылы Ақтөбе облысына басшы етіп тағайындайды. 

1955 жылы сәуірде Ж.Тәшеневті Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы етіп сайлайды. Міне, осылайша Ақтөбедегі қызметінен кейін 1955-1960 жылдары Жұмабек Ахметұлы 5 жыл республика Жоғарғы кеңесін басқарды.

 Ж.Тәшенев сталинизм құрбандарын ақтау жөніндегі комиссияға басшылық еткен жылдары репрессия құрбандарының адал есімдерін қалпына келтіру жолында көп еңбек сіңірді. Комиссия төрағасы ретінде сотталғандарды ақтау ісінде ғана емес, сондай-ақ, қуғын-сүргінге ұшырағандардың отбасыларын, ата-аналары лагерьлерде қаза тапқан балаларды тұрғын үймен қамтамасыз етуде де көп жұмыстар атқарды. Мәселен, осындай отбасыларға арнап салынған үйлерден Мағжан Жұмабаевтың жесірі Зылиха және басқалар пәтер алды. Оның тікелей атсалысуымен Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің, Ілияс Жансүгіровтің және басқа да сталиндік қуғын-сүргіннің темір құрсауына түскен тұлғалардың шығармалары қайта басылып, жарыққа шықты.

Ол Ұлы Отан соғысына қатысушыларға да ерекше қамқорлықпен қараған. Куәгерлердің естеліктеріне қарағанда, Ж.Тәшенев Бауыржан Момышұлы мен Рақымжан Қошқарбаевты Кеңес Одағының Батыры атағына ұсыну туралы мәселені бірнеше рет көтерген. Майдангер-батыр, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі болған Сағадат Нұрмағамбетовке де көмектескен.

Жұмабек Ахметұлы 1960 жылы Қазақстан Үкіметінің басшысы қызметіне бекітіледі. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы қызметінде болғанда  212 пәтерлік үлкен, жаңа технологиямен салынған үйді түгелімен өнер және әдебиет қайраткерлеріне бергізеді. Қазіргі Алматы қаласындағы Қонаев пен Қабанбай батыр көшелерінің қиылысындағы сол үй бүгінге дейін «Қазақ ауылы» немесе «Тәшенев үйі» деп аталады. Бұл үйге қоныстанған танымал қайраткерлердің арасында Ілияс Омаров, Бибігүл Төлегенова, Гүлфайруз Ысмайылова, Кәукен Кенжетаев пен Шабал Бейсекова, Жамал Омарова, Сейфолла Телғараев, Құрманбек пен Шолпан Жандарбековтер, Шара Жиенқұлова, Қапан Бадыров, Жүсіпбек пен Хабиба Елебековтер, жазушылар Хамза Есенжанов, Зейін Шашкин, Жүсіп Алтайбаев, Балғабек Қыдырбекұлы, ғалым Әбді Тұрсынбаев және тағы басқалар болды.

Алматының қақ ортасындағы батыстан шығысқа қарай шамамен 12 шақырымға созылатын кең даңғылға Абай есімін бергізіп, қазіргі Республика сарайының алдында тұрған Абай ескерткішінің лентасын қиған да Ж.Тәшенев еді. Сөз бен істің алшақтығына жол бермейтін Ж.Тәшенев Абай ескерткішінің жасалуын тікелей өзі қадағалап отырған екен.

Н.С.Хрущев Қазақстанды бөлшектеу туралы идеяны бірнеше рет көтерген болатын. Жұмабек Тәшенев, әлбетте, Қазақстанды территориялық бөлшектеуге қарсы шықты. Қазақстанның шекарасын өзгерту қажеттігі жөніндегі Н.С.Хрущевтің пікіріне бір жиында Ж.А.Тәшенев былайша жауап қайтарды: «Мұндай мәселелерді талқылау ғана емес, қойылуына да түпкілікті қарсымын!» Сонда Н.С.Хрущев ашулана: «Тыңда. Сен кімсің, Саяси Бюроның шешіміне қарсы шығатын?! Егер осылай болатын болса, біз бұл мәселені сіздің келісіміңізсіз де шешеміз. Кеңес Одағы – біртұтас ел, сондықтан кімге қандай аумақты беруді КСРО Жоғарғы Кеңесі шешеді» дейді. Оған Ж.Тәшенев: «Егер Жоғарғы Кеңес әр республиканың аумақтық мәселесіне өз бетінше араласатын болса, онда КСРО Конституциясын өзгерту керек, – деп қарсылық білдіреді. – Онда әрбір республика өзінің тарихи қалыптасқан аумағында меншік құқығына ие екендігі айтылған. Егер бұл заң бұзылатын болса, онда бізге халықаралық ұйымға шағымдануға тура келеді, солай емес пе?!»...

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Д.А.Қонаев жиыннан шыққаннан соң қайсар әріптесіне таңырқағанын байқатып, «Жұмеке, Сіз шынымен нағыз батырсыз. Сізде арыстанның жүрегі бар!» депті. Бұған Жұмабек Тәшенев «Туған халқым үшін тозаққа да түсуге дайынмын!» деп жауап қайтарған дейді.

Ж.Тәшеневтің орнынан алынуы биліктің оның білімділігі мен қайсар мінезін ұнатпауынан болған еді. Ол ең әуелі ел байлығы мен ұлттық құндылықтарды отаршылардың қанды шеңгелінен қорғаштап бақты. Биік мансаптан ұлттық мүддені жоғары қойғаны үшін елдің бірінші басшысы болуына бір-ақ қадам қалғанда қызметінен алынып, Шымкент облысына қуылды. Бұдан кейін де кеңестік жүйе тарапынан оған қарсы жасалған қиянаттар аз болған жоқ. Бірақ, мұның бірде-бірі туа бітті қайсар жанды мұқата да, мойыта да алған жоқ.

Тарих Жұмабек Тәшенев тұлғасын ана тіліне, қазақ баспасөзіне жанашыр тұлға ретінде де таниды. Тың игеру жылдары Солтүстік Қазақстан өңіріндегі бес облыста облыстық газеттер жабылып, қазақ журналистері жұмыссыз қалған уақытта республикалық қазақ тілді басылымдардың да басына қауіп төнді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы Тәшеневтің қарсылығының нәтижесінде «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») және басқа да қазақ газеттері жабылудан аман қалды.

Жұмекең қазақтың шығармашылық адамдарына, дарынды тұлғаларына да қамқор болды. Мәселен, 1958 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеудегі онкүндігін жоғары деңгейде өткізуге үлкен күш-жігер жұмсап қана қоймай, бес бірдей өнерпазға (Қ.Қуанышбаев, Р.Жаманова, Е.Серкебаев, Ш.Айманов, М.Төлебаев) ең жоғарғы атақ – КСРО халық артисі атағын алып беруде де Жұмабек Тәшенев үлкен қайраткерлік танытқан. 

Елі мен туған жері үшін осындай ерен еңбек сіңірген Ж.Тәшенев жоғарғы қызметтен 1961 жылы қаңтар айында босатылған соң, бес ай жұмыссыз қалып, кейін Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметіне дейін төмендетілді. Содан алпыс жасқа жеткенін күткендей, ол 1975 жылы наурыз айында мемлекеттік қызметтен шұғыл еңбегі сіңген дербес зейнеткерлікке жіберілді. 

Жанқиярлық еңбегі үшін  кезінде ол Ленин, «Еңбек Қызыл Ту» және «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталған болатын. Соқтықпалы-соқпақсыз өмір жолын бастан кешірген аяулы азамат 1986 жылы  18 қарашада 71 жасқа қараған шағында дүниеден озды. 

Пікір қалдырыңыз