Берлинге жол ашқан

Ел басына күн туған шақта Отан қорғау үшін қолына қару алып, майданға аттанғандардың бірі Жолдыбай Манкеев болатын. Ол 1941 жылы желтоқсан айында Леңгір (қазіргі Төлеби) ауданынан аттанған 60 азаматпен бірге алдымен Жамбыл қаласында жасақталған №268 полктің құрамында алты айдан астам уақыт даярлықтан өтеді! Сөйтіп, 1942 жылдың 27 шілдесінде батысқа бет алады.
Жаумен алғашқы айқасқа Ж.Манкеев Чеботаревка (Украинаның Одесса облысы) селосында түседі. Бұл кезде ол №179 полк құрамында болған. Қараша айы. Кеңес әскерлері бекініс құрып жатқан. Төрт тәулік бойы окоп қазып, қорғанысқа әзірленіп жатқан шақта неміс ұшақтары кеңес жауынгерлерін бомбаның астына алады. Артынша жаудың жаяу әскері шабуылға шығады. Табан астында кескілескен шайқас басталып кетеді. Тосыннан басталған шабуылға төтеп берген Қызыл армия жауынгерлері фашистерді кері шегіндіре отырып, бірнеше елді мекендерді азат етеді. Кеңес әскерлері осылай ақ қар, көк мұзда тоқтаусыз алға жылжи отырып Ворошиловград қаласы, одан әрі Новоайдар поселкесін басып өтіп, Барбаров деревнясына дейін жетеді.
«1942 жылы Попов-2 деген селода ағайыным Қаражанмен кездесіп, арқа-жарқа болып қалдым» дейтін Жолдыбай қария өз әңгімесінде.
Константиновка қаласын азат етуде (1943 жылы) артиллерист Жолдыбай Манкеевтің ерлігі ерен. «Большая Белазоровка» елді мекенін азат етуде де қанды қырғын орын алады. Сол шайқаста қаруластары Досымбеков, Қашақов, Бөлеков ерлікпен қаза табады. Жауынгер Жолдыбайдың өзі қатты жарақаттанып, госпитальға жеткізіледі.
Екі жылға созылған ауыр шайқастардан соң құрамында Ж.Манкеев бар 3-армия сарбаздары қысқа мерзімді демалысқа шығады. Осылай аз-кем күш жинап алып, Киев, Житомир қалалары үшін болған шайқастарға қатысады.
1944 жыл. Маусымның 14-і күні бүкіл майдан шебінде кеңес әскерлері жаппай шабуылға шығады. Алда – танктер, соңында жаяу әскер, олардың соңынан артиллеристер мен ұшақтар алға жылжып келеді. Горохов қаласында немістер қатты қарсылық көрсетеді. Дұшпан ұшақтары алдыңғы шепті бомбылап, кеңес әскерлерінің алға жылжуына кедергі келтіреді. Бір табан да шегінбейміз деп бекінген екі жақ күн мен түнге қарамай төрт күн шайқасады. Ақыры күш пен айла асырған кеңес әскерлері немістердің қорғанысын бұзып-жарып, Буг өзеніне дейін жетеді. Одан әрі қарай Польшадағы Висла өзеніне шығады. Фашистер де өліспей берісер емес. Дегенмен, төбеден қарша жауған оққа қарамастан тек қана алға жылжыған кеңес жауынгерлері үлкен күшпен Сандомир, Остенгрос қалаларын азат етеді. Осы жерде құрамында артиллерист Жолдыбай Манкеев бар кеңес әскерлері үлкен шығынға ұшырайды. Жаудың үш танк, екі жаяу әскер дивизиясы 76-корпустың штабын жойып, тұтас батареяны талқандайды. Бірен-саран жауынгерлер ғана аман қалады. Олар екінші тәулікте қоршауды әрең бұзып шығады.
Ж.Манкеевтің майдан жорығына көз жіберсеңіз, жаужүрек жауынгерлердің қандай қиындық болса да тек қана алға жылжып отырғанын, Жеңіске жетпей тоқтамаймыз деген жігерді байқайсыз. Осы жігермен олар көп шығын болғандарына қарамастан Одер өзенінен өтіп, Грумбурх қаласын жаудан азат етеді.
Ұлы Жеңіс жақындап қалған кез. 1945 жыл. Сәуір айының аяғына қарай құрамында Ж.Манкеев бар кеңестік әскер Шпрее өзенінен өтеді. Кескілескен ұрыс жүргізе отырып, Берлиннен 18 шақырым жердегі орман ішіне кіріп, фашистердің ордасын қоршауға алатын арнайы топқа қосылады. 31 сәуірде командирлер Берлинге кіретін жолды күзетіп тұрған 8 танктің көзін жоюға Жолдыбай Манкеевтің батареясын аттандырады. Тапсырма мүлтіксіз орындалып, Берлинге жол ашылады. Сөйтіп, кеңес әскерлері 2 мамырда Берлин қаласына кіреді. Эльба өзенінен өтіп, 5 мамырда Дрезден қаласын фашистерден азат етеді. Жолдыбай атамыз 9 мамырда Ұлы Жеңісті Прага қаласында қарсы алады.
Жолдыбай Манкеев зеңбірек расчетында көздеуші болған. Ол 1945 жылы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылған. Алайда, кейбір шовинистік көзқарастағы командирлердің қысастығынан бұл жоғары атақ қазақ қаһарманына бұйырмады. Жерлесіміз 1944 жылы Сандомир қаласын азат етуде көрсеткен ерлігі үшін жауынгерлік «Қызыл Ту» орденімен, 1945 жылы Одер өзенінен өтіп, бірқатар қалалар мен селоларды азат етуге қатысқаны үшін ІІ дәрежелі Кутузов, 12 ақпанда Александр Невский, Богдан Хмельницкий ордендерімен марапатталған. Ал, Берлин, Прага операцияларына қатысып, жанқиярлық ерлік көрсеткені үшін Кеңес Одағының маршалы Коневтің арнайы грамотасына ие болған. Кеңес Армиясының Бас қолбасшысы, генералиссимус И.В.Сталиннің бұйрығы бойынша «Мақтау қағазына» және соғыстан кейін еңбектегі жетістіктері үшін көптеген медальдарға ие болды.
Ж. Манкеев елге1946 жылы оралады. Келе сала «Кеңесарық» ұжымшарындағы жұмыстарға араласты. Бұрынғы майдангер 1947 жылы «Кеңесарық» ұжымшарының басқарма төрағасы болды. Ал, 1951 жылы Жамбыл ұжымшары ауылдық Кеңесінің төрағасы қызметін атқарды. 1953 жылы Жамбыл төрағасының орынбасары (парторг) болып, бұл қызметті 1959 жылға дейін атқарған. Кейін Куйбышев және Калинин атындағы ұжымшарларда бригадир, жылқы фермасының меңгерушісі болып 1965 жылға дейін еңбек етті. Ал, 1965-1968 жылдар аралығында Абай атындағы ұжымшарда тексеру комиссиясының төрағасы болып қызмет атқарды.
Майдангер Манкеев жұбайы Қиякүл Райымқұлқызы екеуі он ұл-қыз тәрбиелеп өсірген ардақты азамат еді. Ол 1981 жылы қайтыс болды.
Қаһарман жауынгердің көзсіз ерліктерін жерлестері ұмытпайды.
Мұхитхан ҮМБЕТҰЛЫ,
тарихшы-этнолог,
«Алтын Орда-капитал» қоғамдық қорының президенті.
Серікқали МӘТҚАЛИҰЛЫ,
журналист.