«Журналист жолы» кітабының таныстырылымы өтті

Шымкент қаласында Қазақстанның құрметті журналисі Әбдімәлік Ағыбайдың «Журналист жолы» кітабының таныстырылымына арналған «Қаламы қарымды журналист» атты әдеби кеш өтті. Бұл іс-шараға белгілі қаламгерлер, журналистер, ақын-жазушылар және қоғам қайраткерлері қатысты.

Кешті мәдениет қызметкері, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Жұлдыз Өтегенова жүргізді. Әдеби кешке ақын Нармахан Бегалыұлы, жазушы Шойбек Орынбай, тарихшы-жазушы Жақсылық Сыдықбаев, белгілі журналистер Аман Жайымбетов, Өзипа Алтаева, Темірхан Әбдік және басқа да көптеген зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шара барысында Әбдімәлік Ағыбайдың шығармашылығы мен еңбегі туралы баяндалып, оның журналистика саласына қосқан үлесі аталып өтті. Жазушының «Журналист жолы» кітабына енген мақалалар мен очерктер жайында студенттер мен қонақтар өз ойларын ортаға салды.

Кеш қонақтары мен спикерлер Ә. Ағыбайдың шығармашылығына жоғары баға беріп, оның қазақ журналистикасындағы орнын ерекше атап өтті. Сондай-ақ, кітапта қамтылған тарихи оқиғалар мен журналистік зерттеулердің маңызына тоқталды.

Кеш барысында дәстүрлі әндер шырқалып, күмбірлеген күй де тартылды. Әдебиет пен өнердің тоғысқан рухани кешінде көрермендер тағылымды ой алып, журналистика саласына деген қызығушылықтарын арттырды.

Шара соңында кітапхана директоры Раушан Бабажанқызы қорытынды сөз сөйлеп, кешке қатысушыларға алғыс айтты.

Аяжан Молдақасым
Пікір қалдырыңыз