Адам алаяқ болып тумайды

Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Жеңіл жолмен ақша табуға келгенде адамның көзі соқыр, құлағы керең бола қалады» деуші еді бір атамыз. Кезінде осы сөздің парқына мән бердік пе, бермедік пе, қазір есте жоқ. Дегенмен, бүгінгі нарық заманында оңай жолмен қомақты қаржыға кенелгісі келетіндердің көбейіп тұрғаны шындық. Көпшілігі алаяқтардың құрған тұзағына түсіп қалып та жатыр. Бірақ, тұзаққа түсіп қалғандардың бәрінің бірдей тауы шағылып, беті қайтып қалып жатқан жоқ...
Заман ілгерілеп, технология дамыған сайын алаяқтардың да адамдарды алдау тәсілдері жаңарып барады. Олар жеңіл жолмен ақша табу үшін небір қитұрқы әрекеттерді ойлап табады. Бұрын алаяқтарды табу, олардың алдау әрекеттерін анықтау қазіргімен салыстырғанда жеңілірек еді. Бүгінде олар айлалы әрекеттерін бүркемелеп, өздерін әшкерелемеудің небір айла-тәсілдерін ойластырады. «Reframe» тұлғалық дамыту орталығының психологы Қаракөз Момбаеваның айтуынша, алданушы мен алдаушылардың психологиялық ерекшеліктерін білу кез келген адамды қырағы болуға тәрбиелейді. Алдымен қандай адамдар алаяқтардың құрбанына айналады? Олардың басқалардан нендей айырмашылықтары бар?
Қаракөз Қадырбекқызының айтуынша, алаяқтардың құрбандары көбіне ақпараттың жетіспеушілігінен зардап шегеді екен. Олар әлеуметтік желіден келетін қауіп-қатерді елемей, күнделікті орын алып жатқан жағымсыз жаңалықтарға атүсті қарайды. Сыни тұрғыдан ойлаудың жеткіліксіздігі де кейде алаяқтардың пайдасына шешіліп жатады. Жалпы, сыни тұрғыдан ойлау дегеніміз, тиімді шешім қабылдау, жағдайды алдын-ала болжау, түпкі нәтижені көре білу. Жасыратыны жоқ, көптеген адам оқыған ақпаратын талдай алмайды.
Кей адамдар байлыққа оңай жолмен жетудің жолдарын іздейді. Ондай адамдарға алаяқтар табыс табудың жолын үйретемін деп үйіп-төгіп уәде береді. Өкінішке қарай, қай жерде тегін нәрсе бар десе, сол жерге құстай ұшып барып, жаға жыртысып жүретіндер аз емес. Интернет алаяқтарына жем болатындар да осы типтегі адамдар. Өзін-өзі бағалаудың төмендігі адамдардың көпшілік ортадан жырақтауынан, жалғыздықтан немесе достарының аздығынан, тұйықтығынан, ұялшақтығынан, эмоциясының тұрақсыздығынан көрінуі мүмкін. Мұндай адамдардың тілін алаяқтар тез табады. Жанында ақылдасатын достары болмағандықтан, олар жақсы өмір сүруге уәде беретін адамдарға сенуге дайын тұрады.
Көптеген адам әлі де «ғажайыпқа» сенеді. Яғни олар құнды заттарға ие болу мүмкіндігін жіберіп алудан қорқады. Алаяқтар оларды түрлі тәсілдермен асықтырып, құнды заттың саны шектеулі екенін, мұндай мүмкіндік күнде бола бермейтінін айтып, алданушының ойлануына мұрша бермейді. Сөйтіп, тез аударым жасауға көндіреді немесе банк картасының құпия ақпаратына қол жеткізеді. Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдар да алаяқтарға тез алданады. Ондай адамдардың көңіл-күйі тұрақсыз, көбіне ештеңеге қызықпай, күйзелісте жүретіндіктен, алдануға бейім тұрады. Алаяқтар мұндай жағдайда адамды көрмей-ақ оны дауыс ырғағынан, сөз саптасынан анықтайды да, сөйлесе келе, оларды «қиындыққа тап болған» отбасыға ақша аударуға көндіреді.
Ал, алаяқтардың психологиялық портреті қандай? Психологтың айтуынша, адам өмірге алаяқ болып келмейді. Ол уақыт өте келе пайда болады. Ал, оны соған жетелейтін нәрсе – отбасындағы тәрбие. Мәселен, ата-аналар баласын кішкентай кезінде өтірік айтып, көп алдаса, «мені жақсы көретін адамдар маған осылай қарым-қатынас жасап жатса, бұл қалыпты жағдай екен ғой» деген ой санасында тұрақтап қалады. Өскен кезде ата-анасынан алған сол тәжірибені басқаларға да қолданғанды жөн көреді. Яғни басқаларды алдап, арбау олар үшін қалыпты жағдай саналады. Ондай адамдардың түйсігі өте жақсы жұмыс істейді. Біреумен сөйлескен кезде даусы арқылы адамның іші-бауырына кіріп, оның естігісі келіп тұрған сөздерді тауып айтады. Ал, олардың құрбандары өздеріне сенімсіз, мойнына жауапкершілік алғысы келмейтін, басқалардың көзқарасына тәуелді болып келеді. Осы қасиеттерді алаяқтар жақсы пайдаланады. Адам қатты күйзеліске түскенде, мидағы шындықты сараптап тұратын бөлігі өте төмен деңгейде жұмыс істейді. Бұл да алаяқтар үшін таптырмас мүмкіндік.
Адамдармен тікелей қарым-қатынас жасайтын алаяқтар сырт көзге сүйкімді, сөйлеу мәдениетін меңгерген болып келеді. Алаяқтармен сөйлесе қалсаңыз, оларды ешқашан мұндай қызметпен айналысады екен деп ойламайсыз. Алаяқтардың тағы бір қасиеті, олар құмар ойындарына бейім әрі тәуекелшіл келеді. Бір рет қомақты ақшаны алақанында ұстағаннан кейін олар бұл істерін тек пайда табу үшін ғана емес, жағымды эмоция сыйлайтын құмар ойын ретінде қайталап отырады. Сонымен қатар, алаяқтардың бойында салқындық, сенімсіздік, жазалауға, кек алуға деген ұмтылыс жоғары болады. Себебі, олар жақсы өмір сүру үшін алдаудың қыр-сырын үйренуден жалықпайды. Ал, кейбір адамдарды алаяқ деуге аузың бармайды. Себебі, олар адамдардың санасында мықты, табысты кәсіпкердің образына еніп, түрлі алдамшы әрекеттер жасайды.
Ал, алаяқтарға алданбау үшін не істеу керек? Қарапайым ғана қағида, бейтаныс нөмірден қоңырау шалып, «мынадай жағдай болып қалды, дереу ақша керек» дегеннің ешбіріне сенбеңіз. Әлдебіреулерден келетін сілтемелерді де ашпаған дұрыс. «Сіз сыйлық ұтып алдыңыз» деп келетін хаттарды да жауапсыз қалдырған жөн. Ал, «сіздің карточкаға ақша аударсам, маған банкоматтан шешіп бересіз бе?» деген өтініштерді мүлде елемеген абзал. Қысқасы, қай-қайсымызға да алаяқтарға алданған адамдардың басынан өткен оқиғалары сабақ болғаны жөн. Себебі, жеңіл жолмен келген ақшаның ешкімге опа бермейтінін бүгінгі өмірден аз көріп жүргеніміз жоқ.