«Тура биде туған жоқ...»

Қара қылды қақ жарып, әділетті шешім айту кім-кімге болса да оңай шаруа емес. Дегенмен, қазақ тарихында бетің бар, жүзің бар демей турасын айтатын кешегі билердің жалғасы – бүгінгі судьялар халықтың сотқа деген сенімін арттырып, Президенттің «заң және тәртіп» қағидатын қоғамда орнықтыру жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осы орайда айта кетер бір жайт, біздің бүгінгі сот билігі жоғарыда атап өткен билер институтынан тамыр тартатыны анық. Яғни «тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» ұғымы бүгінгі сот жүйесінің де негізгі ұстанымы деуге болады.
Мемлекет басшысы жыл сайынғы Жолдауларында құқықтық мемлекет пен әділетті қоғам құру жолында судьялардың тазалығына көп нәрсе байланысты екенін айтып келеді. Яғни сот қызметі сыбайлас жемқорлықтан әрқашан бойын аулақ салуы тиіс. Қазір осыған орай білікті судьялар корпусын қалыптастыруға, олардың жауапкершілігін көтеруге баса назар аударыла бастады. Олар да өз кезегінде әділдік іздеген жандарға ізгілікпен қарап, әділ билік айтудың үлгісін көрсетуі тиіс. Себебі, халық сотқа соңғы үмітін арқалап келеді. Егер сот шешіміне көңілі толмаса, тұтас мемлекетке деген сенімсіздік пайда болады. Сондықтан судьяның шығарған әрбір шешімі өте әділ болуы керек.

Құрасбек РЫСҚҰЛБЕКОВ,
Түркістан облыстық мамандандырылған 
ауданаралық экономикалық сотының төрағасы.    

Пікір қалдырыңыз