Оңай табыс орға жығады

Бауыржан ЕРМАН,
«Оңтүстік Қазақстан».

Бүгінгі таңда еліміздің экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан дамуына қаржылық пирамидалар аз зардабын тигізіп жатқан жоқ. Осы орайда Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі өткен жылы 20 млрд. теңгеден аса шығын келтірген фактілер бойынша 68 қылмыстық істі тергеп, жәбірленушілерге 13 млрд. теңгеден астам қаражат қайтарылған. Ал, Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті 4 қаржылық пирамида бойынша (Charoit, Eoulus, Chia-Tai, Q-Net) 25 күдіктіге қатысты тергеуді аяқтапты. Өңірдегі жәбірленушілер саны мыңнан асады екен. Қазіргі таңда департамент өндірісінде қаржылық пирамидаға қатысты 3 қылмыстық іс тергелуде (Datamain Ai, «Асар баспана», Chia-Tai). Бұл туралы өңірлік коммуникация алаңында өткен брифингте Түркістан облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Бахтияр Жүзенов айтты. 

Агенттік мұндай заңсыздықтың алдын алу мақсатында қаржылық пирамиданың белгілері бар жобаларды басталмай жатып жоюға бағытталған превенциялық жұмыстарды да атқаруда. Атап айтқанда, агенттік қаржылық пирамидалардан сақ болу, алдын алу және кибергигиенаны қалыптастыру, қаржылық сауаттылықты көтеру жұмыстарын жүргізумен қатар, мектептер мен жоғары оқу орындарында тұрақты түрде дәрістер өткізіп келеді. БАҚ беттерінде, қоғамдық орындарда ақпарат таратып, саябақтарда қаржылық пирамидалардың тізімі бар QR-кодтар орнатылған. Одан бөлек, күмәнді қаржылық ұйымдарды, алаяқтық схемаларды ерте анықтау мақсатында «Baiqa, piramida!» Telegram-боты іске қосылған. Осы бір ғана бот арқылы былтыр интернет желісіндегі 47 қаржылық пирамида анықталып, 300-ге жуық чат, мыңнан астам сайт пен аккаунт «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы бұғатталыпты.
– «Қаржылық пирамидаларға қарсы іс-қимыл» арнайы жобасы жұмыс істеп жатыр. Жобаның басты мақсаты – қаржылық пирамида салымшыларының санын азайту және алдын алу. Жоба аясында қаржылық пирамида құрбаны болғандардың портретін жасау арқылы кәсіби салымшыларды, негізінен салымшылар қай топтағы азаматтар екенін анықтауға бағытталған модуль жасақталды. Кәсіби салымшылар дегеніміз – қаржылық пирамидаларға алғашқы болып қаржы салып, артынан адам тартып пайда тапқан, бірақ шығынға ұшырамаған тұлғалар. Қазіргі таңда осындай салымшылардың тізімі жасалып, оларға қатысты қылмыстық іс тіркеу мәселесі қарастырылуда. Талдау нәтижесінде қаржылық пирамида салымшыларының көпшілігі мұғалімдер, медбикелер және тұрақты жұмысы жоқ азаматтар екені анықталды. Сол себепті мектептер мен жоғары оқу орындарында, емханаларда қаржылық сауаттылық сабақтары өткізілуде. Бүгінгі күнге дейін мұндай сабақтар аудан орталықтарында, қалаларда өткізілген болса, алдағы уақытта оны ауыл-аймақтарда да өткізу жоспарланған. Сонымен қатар, мемлекет қаржылық пирамидалардың алдын алу үшін заңдарды күшейтіп, құқықтық бақылауды қатаңдатуда. Солардың бірі – жарнаманы шектеу.  Яғни әлеуметтік желілер мен интернетте қаржылық пирамидаларды насихаттауға тыйым салынды. Осы орайда арнайы бап енгізілді. Ал, осы уақытқа дейін қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілік болмаған. Бұл жұмыстар нәтиже көрсетіп, салымшылардың азаюына септігін тигізді. Себебі, халық жарнамаға және оңай жолмен байып кетуге болатынына әлі күнге дейін сенеді. Қаржылық пирамида құру мен оған адам тарту, насихаттау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қылмыс болып саналады. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. 
Бұл негізгі құқықтық қағидалардың бірі, – деді Б.Жүзенов.
Спикер қаржылық пирамиданың белгілері мен сақтану жолдарын да атап өтті. Белгілері – құрылтай құжаттары мен мемлекеттік тіркеуінің болмауы; компанияның қаржылық жағдайы туралы ақпарат берілмеуі; компанияның кіріс көзін анықтай алмау; қатысу үшін жарна енгізу; қатысушыларға құнды сыйлықтар табысталатын презентациялар ұйымдастыру. Сондай-ақ, кімде-кім сізге белгілі бір жобаға қаржы салу арқылы мол пайда табуды ұсынса және өзге де салымшыларды тартқаныңыз үшін табысыңыз еселенетінін айтса, бұл қаржылық пирамида болатынын есте сақтаған жөн. Егер қаржылық пирамиданың құрбаны болсаңыз, ақшаны өзіңіз қайтарып алуға әрекеттенбей, бірден Қаржылық мониторинг агенттігінің 1458 сенім телефонына немесе аумақтық департаменттерге хабарласып, алаяқтық туралы өтініш беріп, дәлелдемелерді ұсыну қажет. Ең бастысы,  оңай жолмен тез байып кетуге тырыспаңыз. 


Пікір қалдырыңыз