Кім «картоп жарды?»

Жастар арасында осындай «жаргон» бар. Тар жерде тауып айтқан сөзі немесе ойламаған жерден жасаған ұсынысы ауыздан- ауызға өтіп, көпшіліктің талқысына түсіп жатса, оны өздерінің тілімен «картоп жарды» деп жатады. Жанама түрде жиі айтылатын «жаргон» кейінгі кезде тура мағынасымен де сәйкес келе қалғанын көрмейсіз бе?!

Иә, осыдан бір жыл бұрын тәттінің бағасы тым қымбаттап кетіп, дүкен сөрелеріндегі қантты жұрт жылан жалағандай етіп еді. Енді міне, соңғы бір айдан бері көшеге шықсаңыз картопты сөз еткен біреу... Жастардың тілімен айтқанда, тәтті «темадан» қалып, елдің ішінде елеусіздеу ғана айтылатын картоп «картоп жарды». Жаңа жылдың алдында ғана келісі 150-200 теңгеден сатылған картоп соңғы бір айда неге екі-үш есеге дейін қымбаттап кетті? Сатушылардың сөзіне сенсек, тау-тау болып үйіліп жататын картоптың қасқалдақтың қанындай қат дүниеге айналуына экспорттың шамадан тыс артуы себеп. Мұны ресми билік те жоққа шығармайды. «ҚазАқпарат» агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, өткен жылы 605 мың тоннаға жуық картоп экспортталған. Бұл – соңғы он жылдағы рекордтық көрсеткіш. Экспорттың артуы ішкі нарықтағы тапшылықты туындатып, оның соңы сұранысты арттыратыны түсінікті. Ал, сұраныс бар жерде бағаның көтерілетіні тағы рас. 

Жалпы, бағаны тұрақтандыру үшін жергілікті билік қоймадағы тауарды қолжетімді бағамен босатудың бар әрекетін жасап жатыр. Бірақ, мойнына құрық салдырмайтын асау аттай бұлқынған нарық бұл тәртіпке мойынсұнғысы келмейді. Соның салдарынан сауда нүктелеріндегі картоп бағасы ауа жайылып, бүгінде 350-400 теңгеден сатылуда. Ал, әлеуметтік дүкендердегі азғантай тауар тұтынушылардың сұранысын толық қанағаттандыра алмайды. Сол үшін бағаны тұрақтандырудың ең тиімді жолы ретінде ішкі резервті дәлме-дәл есептеу керек. Яғни жергілікті халықтың сұранысын қанағаттандыру үшін әр нәрсені жеткілікті деңгейде дайындап, оған әсер ететін сыртқы факторларды да назардан тыс қалдырмаған жөн. Айталық, ауа райының қолайсыздығынан немесе тағы басқа да себеп-салдарлардың кесірінен қандай да бір өнім аз болып қалған жағдайда оның орнын толтыру үшін күнілгеріден әрекет еткен абзал. Нарықты бағындырудың тағы бір жолы, биыл қымбат болған өнімнің орнын, оған жасалған шығынды, керісінше, арзан болған тауардың бағасы арқылы теңестіруге болады. Мысалы, биыл картоп қымбат болды дейік, есесіне асқабақ, пияз, қырыққабат сияқты көкөністер қолжетімді болып тұр. Осы ретте Мемлекет басшысының «егістік алқаптарынан дүкен сөрелеріне дейін» деген бастамасының маңызы зор екенін еске салғымыз келеді. Ауылды жерлерде есік алдындағы егістік жерлерін тиімді пайдаланатындар сырттан көкөніс, жеміс-жидек сатып алып жатпайды. Тіпті, артылғандарын нарыққа шығаратындар да жоқ емес. Бірақ, біз олардың өз өнімдерін еркін саудаға шығаруға қаншалықты жағдай жасап отырмыз?

Картоп бағасына байланысты зерттеу мақала жазып жүріп, Шымкент қаласындағы Қырғы базарға бардық. Бұрындары базардың кіреберісіне жайма жасап, ауылдардан келгендер өздерінің алма, өрік, шие, жаңғақ сияқты өнімдерін саудалап отыратын. Қазір сауда орталығының айналасын темір қоршаумен қымтап тастапты. Бау-бақшасындағы алмалары мен жаңғақтарын пұлдап, оның ақысына басқа керек-жарағын алатын қарапайым тұрғындар ашық сауда жасаудан қалды. «Есік алдындағы алманың көптігі сонша, теріп тауыса алмаймыз. Бұрындары базарға әкеліп сататын едік. Қазір ретсіз сауда жасауға болмайды деп рұқсат бермей қойды. Базардан арнайы орын алыңдар дейді. Тұрақты сауда жасау үшін пәленбай мыңға арнайы орын сатып алуың керек. Оған біздің жағдайымыз жоқ. Тек алма, жүзім, жаңғақ, долана пісетін мезгілде болмаса, басқа уақытта базарға шыға бермейміз. Сол үшін бізге уақытша сауда жасайтын орын керек» дейді аты-жөнін айтқысы келмеген келіншек. 

Иә, шынында да, есік алдындағы алма, өрік, жаңғақ сияқты жемістер бекерге шіріп кетпеу үшін осындай жағдай жасау керек-ақ. Оны ұйымдастыру да соншалықты қиын емес, тек ауылдардан келген әлгі өнімдердің жарамдылығын тексеріп тұратын зертхана болса жетіп жатыр. 

Базар маңында сауда жасауға рұқсат берілмегендіктен, ауылдан келген ағайын өз өнімдерін арбаға салып алып сатып жүр. Сол күні осындай «көшпелі» сатушылардың бір-екеуін сөзге тартып, сыр суыртпақтап көрдік. Өзін Төлеби ауданындағы Тасарық ауылынан келдім деп таныстырған келіншек «үйіргелік жерімізде жиырма түп жеміс ағашы бар. Малынып салған кезде жарты тоннаға дейін өнім аламыз. Соны сатып, басқа керек-жарақтарымызды түгендеп жүретін едік. Соңғы жылдары ол өнімдерімізді базарға шығарып сатуға рұқсат бермей қойды. Алыпсатарлар тым арзан сұрайды. Амал жоқ, биыл алмаларды турап, малға беріп жатырмыз. Түсінген адамға біздің тау жақтың алмасы өте құнарлы. Біздің адамдар соның қадірін білмей, сырттан келген алманы қымбат бағаға сатып алып жеп жүр. Егер жергілікті тұрғындарға өз өнімдерін сатуға мүмкіндік жасаса, тұтынушылар шетелдің дәмсіз алмасына шығындалмаc еді. Есесіне ел де өз керегін осылай реттеп отырған болар еді. Қазір біздің өнімнің құнсызданып кеткені сонша, бір келі алманың ақшасына бір келі картоп сатып ала алмайтын жағдайға жеттік» деп ашынады. 

Қарапайым шаруалардың пікірінен түйгеніміз, ішкі өнімді көбейтпей, тұтынушылардың сұранысын толық қамтамасыз ету мүмкін емес. Ол үшін бәлкім, ауыл шаруашылығы мамандары жылда егілетін өнімдерге мониторинг жасап, қайсысына басымдық беру керек екенін алдын-ала хабарлап отыруы керек шығар. Нарықтың қыспағынан осындай әдіс-тәсілдер арқылы шықпасақ, қоймадағы өнімнің есебінен бағаны тұрақтандырамыз деу бекершілік сияқты. Мұндай қысылтаяң шақты тиімді пайдаланатын біреулер ертеңгі күні тағы да «картоп жарып» жүрмесін...


Ақбота ӘБДІХАН,

студент. 

Пікір қалдырыңыз