«ғылымды қаржыландыру 20 есеге өсті»

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – еліміздегі ғылым-білімді дамытуға қомақты үлес қосып жүрген бірегей оқу орындарының бірі. Өткен жыл университет ұжымы үшін жемісті, жағымды жаңалықтарға толы кезең ретінде есте қалды. Біз таяуда университет ректоры Жанар Темірбековамен сұхбаттасып, көкейде жүрген сұрақтарымызды қойған едік.
– Биылғы оқу жылы университет жаһандық зерттеулерге негізделген Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings компаниясы әзірлеген рейтингте ТОП-200 оқу орны қатарына енді. Қуаныштымыз. Десек те, оқырмандарға түсінікті болсын, рейтинг көрсеткіші қандай критерийлермен анықталады?
– Иә, университетіміз жаһандық зерттеулерге негізделген Азия мемлекеттері унниверситеттерінің Quacquarelli Symonds (QS): Asia University Rankings компаниясы әзірлеген рейтингте ТОП-200 оқу орны қатарына кірді. Бұдан да басқа бірнеше беделді рейтинг агенттіктері бар. Солардың арасында QS бізге көбірек танымал. Өйткені, алғашқылардың бірі болып біздің елдің жоғары оқу орындары аталған агенттік рейтингіне қатысып, өздерінің орнын белгілей бастады. Біздің университетіміз де 2021 жылдан бастап дайындық жұмыстарын жүргізген. 2023-2024, 2024-2025 оқу жылының нәтижелерін көріп отырмыз. Біз бірінші жылдан-ақ үздік 800 оқу орнының қатарына ендік, өңірлік ЖОО-лардың басым көпшілігі мыңдықтан кейінгі орындарда болды.
Бұл рейтингте бірнеше критерийлер бар. Солардың ең негізгілерінің бірі – академиялық бедел. Академиялық бедел көрсеткіші басқа (шетелдік) университеттердің профессор, ғалымдарының осы оқу орнына берген бағасымен анықталады. Өзге университет ғалымдарының біздің профессорлармен бірлесіп ғылыми жоба жүргізуі, яки, біздің профессорларымыздың отандық, шетелдік университеттерге барып дәріс оқып келгенде сол жақта қалдырған әсерінен де академиялық бедел көтерілуі мүмкін. Бұған халықаралық профессура мен студенттердің академиялық ұтқырлықпен тәжірибе алмасуы да әсер етеді. Одан бөлек студент пен оқытушы-профессор құрамының ара қатынасы, бір оқытушыға қанша студенттен келеді деген мәселелер бар. Осылардың барлығы есептеледі. Ол көрсеткіштердің әрқайсысының белгілі бір деңгейде салмағы бар. Ең салмақтысы – әлгі айтқан академиялық бедел критерийі.
Еліміздің ЖОО-лары арасында рейтингте біз алғашқы ондыққа кіреміз. Ал, Азия көлеміндегі университеттер арасында алғашқы үздік 200-ге кіру жақсы көрсеткіш. Мұның барлығы бір күнде болған шаруа емес, әрине. Алдыңғы жылы TURKTİME жобасы бойынша 10 үлкен халықаралық конференция өткізіп, оған 30 елден 2500 ғалым келіп қатысты. Олар университет жайында оң пікірлерін қалдырды. QS-те Rankings by Subject деген маңызды дүние бар. Яғни, мұнда пәндерге мән беріледі. Осы бойынша біздің университетте оқытылатын 3 пән бойынша – педагогика бойынша алғашқы 251-300-ші, өнер мамандықтары бойынша 451-500-ші, заманауи тілдер бойынша 201-250-ші орындамыз.
– Академиялық тараптарда қандай өзгерістер бар? Қанша білім беру бағдарламасы жүзеге асып жатыр? Білім беру базаларының жаңартылуы және аккредиттелуі, қосдипломды білім беру, жалпы БББ сапасын көтеру бойынша қандай жұмыстар жүргізілді?
– Университетте 169 білім беру бағдарламасы бар. Оның ішінде 85 бакалавриат, 39 магистратура, 13 докторантура, 32 резидентура бағдарламасы бойынша білім беріледі. Олардың 80-90 пайызы дерлік жаңартылды. Бірқатар пәндер алынып, орнына жаңа пәндер енгізілді. Қосдипломды білім беру бойынша туризм және медицина мамандықтарында жұмысты бастадық. «Орта білім беруді жаңғырту» жобасының аясында университетімізде инновациялық 18 білім беру бағдарламасы енгізілді және 3 білім беру бағдарламасының мазмұны жаңартылды. Сондай-ақ, 7 педагогикалық даярлау бағыты бойынша 6 айлық «Педагогтік қайта даярлау» курстары ашылды.
Әлемнің озық университеттерінің профессорларынан дәріс алып, заманауи әдістермен танысып, біліктіліктерін арттыру мақсатында ОПҚ үшін BMG Upskill компаниясымен келісімшарт жасалып, Coursera платформасындағы дәрістерге 152 лицензия сатып алынды. Платформаға тіркелгендер – 250, кемінде бір курсты сәтті аяқтаған – 136 оқытушы, жалпы университет бойынша 340 сертификат алынған. Иә, Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығы ашылып, оны Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек пен облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев келіп лентасын қиған сәт те өткен жылдың айшықты оқиғаларының бірі ретінде есте қалды. Білім беру бағдарламаларының аккредиттелуі бойынша, жалпы білім беру базасының сапасын арттыру бойынша үздіксіз жұмыс жүргізілуде. Өйткені, білім сапасын анықтайтын көрсеткіштердің негізгі бағыттарының бірі осы академиялық саясатпен ұштасады.
– Ғылыми жұмыстар бағытындағы жетістіктерге тоқталсаңыз: ғылыми-зерттеулер, ғылыми жобалар, жас ғалымдарға қамқорлық пен оларды ғылыми жұмыстарға тарту, ашылып жатқан зертханалар және олардың білім деңгейін көтеруге ықпалы туралы таратып айтсаңыз.
– Университетте ғылыми жұмыстар бағытына айрықша мән беріледі. Таратып айтар болсақ, университеттің ғылыми жарияланымдарының сапасы мен санын арттыру мақсатында Clarivate Analytics (Web of Science), Scopus базалар бойынша жыл бойы 25 оқыту-түсіндірме іс-шаралары мен семинарлар ұйымдастырылды. Яғни оқытушы-профессор құрамына халықаралық журналдарда мақала жариялаудың әдістемесін үйреттік. Алдыңғы жылы «Қысқы мектеп» аясында ҚР ҒЖБМ 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалары бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурстың құжаттамасы туралы семинар ұйымдастырылып, ғалымдарымызға ғылыми жоба конкурстарында жеңіске жетудің оңтайлы жолдары түсіндірілді. (YASAWI WINTER SCHOOL атты қысқы мектеп биыл да жалғасуда). Білікті, осы салада жиі грант ұтып алып жүрген ғалымдар өз тәжірибелерімен бөлісті. Осылайша ғылыми жобалар конкурсына дайындалдық, 52 ғылыми жоба ұсынылды. Оның ішінде 5 ғылыми жоба жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру бойынша, 4 ғылыми жоба гранттық қаржыландыру бойынша мақұлданды, бұл жобалардың жалпы қаражаты 722 миллион теңгені құрады.
2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа 1 ғылыми жоба ұсынылып, 449 миллион теңге жеңіп алған болатынбыз. Ал, 2024-2026 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар бойынша бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурсқа 1 ғылыми жоба ұсынылып, 3 млрд. 999 млн. теңге жеңіп алдық.
2024-2026 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру саны – 4, жас ғалымдарды гранттық қаржыландыру саны – 5 болса, 1 жоба бағдарламалы-нысаналы қаржыландыруға қол жеткізді.
Қорыта айтқанда, кейінгі 4 жылда ғылымды қаржыландыру 20 есеге өсті. 2021 жылы бұл қаржы 395 млн. теңге болса, биыл гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 8 миллиард теңгеге жетті. Университет ғалымдары ғылыми жобаларға қатысып, үстеме жалақы алып, жағдайларын жақсартуда.
– Қоғамға пайдалы болу миссиясына көп мән бересіз, осы ретте университет Түркістан облысы тұрғындары үшін қандай пайдалы жобаларға бастамашы болып жүр?
– Жалпы, университеттің 3 миссиясы болады: білім беру, ғылыми- зерттеу жүргізу, қоғамға пайдалы болу. Біздің университет халықаралық оқу орны болғандықтан қоғам ұғымының ауқымы кеңірек. Біз әр кез қоғамға пайдалы болуды көздейміз. Түркістандықтар үшін керемет жобамыз бар. Әлеуметтік жағынан осал топқа жататын отбасы балалары үшін жыл сайын 100 баланы университет клиникасында сүндетке отырғызып, оларға той жасап береміз. «Ана жұрттан ата жұртқа – денсаулық көпірі» жобасы аясында біздің дәрігерлер Түркия Республикасының жетекші медициналық мекемелерінен тағлымдамадан өтіп келіп жатыр. Бұл жобаның басталғанына биыл – төртінші жыл. Жоба аясында түркиялық білікті дәрігерлер университеттің клиника-диагностикалық орталығында бірнеше рет бірлескен ота жасады, бірнеше рет науқастарды тегін қабылдап, диагноз қойып, ем шараларын тағайындады. Бұл да жергілікті тұрғындарға пайдалы болды. Неврология, нейрохирургия салаларының мамандары үшін түркиялық профессорлар дәріс оқып, семинарлар өткізді.
Облыс көлемінде бағдарламалы-нысаналы қаржыландыру жобасы «Оңтүстік Қазақстан өңірінде тұрақты дамуды қамтамасыз ету» деп аталады. Оны біз 3 негізге бөліп қарастырамыз: денсаулық сақтау, екінші бағыт – биотехнология, ол бойынша инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы ботаникалық бақтың құнды гендік қорын сақтау, қалдықсыз өнім өндіру (бұл жүзеге асты), үшінші бағыт – экология. Қазір өңір үшін маңызды үш бағытта да жұмыс істелініп жатыр. Өндірістік цехта 13 түрлі өнім өндіріліп, алдағы уақытта басқа да өнімдерді нарыққа шығару жоспарлануда. Өнімдер сұранысқа ие, таза табиғи өнім болғандықтан сұраныс жоғары.
– Жанар Амангелдіқызы, университет әзірлеген ұрпақтар сабақтастығы деуге тұрарлық бір жобаны білеміз. Соңғы уақытта оқу орнында өмірден озған ғалымдарға құрмет көрсету үрдісі байқалуда...
– Иә, оқу ордамызда елеулі еңбек еткен, универсиететтің іргесін қалап, оқу орнының осы жетістікке жетуіне ерен еңбек сіңірген ардақты ұстаздардың есімі ескеріліп, құрмет көрсетілді. ҚР ҰҒА академигі, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы Лесбек Тәшімов атындағы дәрісхана ашылды. Спорт және өнер факультетінің ғимаратында ҚР Халық әртісі, профессор Райымбек Сейтметов атындағы сахна залының, ҚР халық әртісі, профессор Қажыбек Бекбосынов пен ҚР халық әртісі, профессор Рахима Жұбатырова атындағы қос аудиторияның ашылу салтанаты өтті. Жақында ғана, филология факультетінің ғимаратында белгілі ғалым, академик, Рахманқұл Бердібай атындағы конференция залы ашылды. Бұл үрдісті дәстүр тағлымы, алдыңғы толқын аға буынға құрмет деп санаймыз және осындай лайықты тұлғаларды құрметтеу шаралары одан әрі жалғасатын болады.
– Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп-көп рахмет! Жұмыстарыңызға табыс тілейміз.
Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,
«Оңтүстік Қазақстан».