Үздіктер марапатталды

Түркістан облысы бойынша ұлттық спорт түрлерінен «Тұран тұғыры» номинациясының иегерлері анықталды. Салтанатты іс-шарада былтыр халықаралық аренада облыс, ел намысын абыроймен қорғаған спортшылар марапатталып, оларға құрмет көрсетілді. 

Түркістан облыстық көкпар федерациясының ұйымдастыруымен өткен іс-шара жоғары деңгейде өтті. Жаппай көкпар ережесімен сынға түскен үздіктерге 10 номинация бойынша «Тұран тұғыры» статуэткасы табысталды. Атап айтқанда, «Үздік сәйгүлік», «Үздік шабандоз», «Үздік атбегі», «Үздік төреші», «Үздік комментатор», «Үздік аудан», «Үздік көкпар федерациясы» аталымдары бойынша мықтылар есімі анықталды. Сондай-ақ, 200-ге жуық ұлттық спорт түрлерінің жанашырлары арнайы алғыс хаттарға ие болды. Облысымызда көп жылдардан бері ұлттық спорт түрлерін дамытып келе жатқан білікті маман, облыстық көкпар федерациясының президенті Ғани Ахметбаев былтыр ұлттық спортымыз үшін ерекше табысты жыл болғанын атап өтті.
Үздіктерді марапаттауға арнайы келген көкпардан КСРО-ның тоғыз дүркін чемпионы, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ардагер шабандоз Әбілхан Дауылбаев соңғы кездері ұлттық спортымыздың әлемдік деңгейде дамып келе жатқанын жақсылыққа балады. 
Естеріңізге сала кетейік, Астанада өткен V-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Түркістан облысының сайыпқырандары ұлттық спорт түрлерінің барлық түрінен топ жарып, жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінген болатын. 2024 жылды тамаша табыстармен қорытындылаған Түркістан облысының ұлттық спорт түрлері мектебі ұжымы жеңісті жолдарын жыл бойына жалғастыра бермек. Спорт жанашырлары үздіктерді марапаттау арқылы ұлттық спортымызды әлемдік деңгейге дамытуға ат салысайық деп тарқасты.

Ақерке КЕЛЕС,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың студенті.
Пікір қалдырыңыз