Кентауда вундеркинд бала өсіп келеді

Кентау қаласында тұратын есепке
жүйрік бес жасар Тамерлан Асанбеков ерекше дарын иесі ретінде таныла бастады. Қазіргі
таңда ол «Еркетай» орталық бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушісі.
Тамерлан 2022 жылдан бері «Радуга» тобында
тәрбиеленіп келеді. Дарынды бүлдіршін отбасындағы үш баланың екіншісі. Тамерлан
- өте алғыр, топта белсенді, өз ойын
ашық әрі еркін айта алатын және достарымен тез тіл табыса білетін бала.
Тәрбиешілері
оны өте дарынды, болашақ математик деп атайды. Тамерлан есепке жүйрік. Ол
есепті шығару барысында бір және көп таңбалы сандарды қиындықсыз шешімін таба
алуымен өзгелерден
ерекшеленіп келеді. Тәрбиешісі Ақбаян Жұмағалиқызы, Тамерланның есепке
деген қызығушылығын байқап, ата-анасына математикадан логикалық есептер
шығаратын қосымша үйірмелерге қатысуын ұсынды.
Тамерлан балабақшадағы әрбір
іс-шара мен сайысқа белсене қатысады. Балабақшада өткен «Күз ханзадасы-2024»
сайысында ерекше талантымен көзге түсіп, бас жүлде иегері атанды.
Тамерланның ата-анасы баласының
ерекше қабілетін байқаған соң, оған жан-жақты қолдау білдіріп, сабағын үнемі
бақылап, қадағалап отырады.
— Президенттің «Қазір бой жарыстыратын заман емес, ой жарыстыратын заман»
деген сөзіне толықтай қосыламын. Бүгінде математиканың адамзат үшін маңызы зор,
сондықтан математикалық терминдермен ойлау әр саналы адам үшін маңызды
жетістік. Тамерланнан болашақта зор үміт күтеміз, — дейді тәрбиешісі Ақбаян Жұмағалиқызы.
Мерей ҚҰЛМАН,
М.Әуезов атындағы ОҚУ-дың 3-курс
студенті.