Етегі ерте түрілген...

Роза Бекетаева,
«Оңтүстік Қазақстан».
Ұлт пен ұрпақтың болашағы туралы айтқанда, ең алдымен «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін халық едік. Ежелден құлағымызға сіңісті болып келген бұл сөз бүгінде кері сипат алып барады: соңғы жылдары елімізде «бесіктен белі шықпай жатып» жүкті болып қалған қыздар көбейді. Сорақысы сол, аузынан әлі уыз сүті кетпеген аналардың алды небәрі 12 жаста. Статистика солай дейді...
Қаршадай болған қарағым-ай!
«Қыздың ары – ұлттың ары» дейтін халқымыз қашанда бұрымдының құлағына да, жүрегіне де ұят пен иманды құйып отыратын. Қызы ес жия бастағаннан анасы мен жеңгелері етек жабуды үйретуші еді. Қазақы үйдегі «қырық тыйым» осылай басталатын. Иә, халқымыз ұрпақ өрбітіп, келешек келбетін қалыптастыратын қыз баланың тәлім-тәрбиесіне, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына ертеден ерекше мән берген.
Десек те, жаһандану дәуіріндегі жастар арасындағы жаңа түсінік бұл тыйымдардың көбесін сөгіп, құндылығын құрдымға жіберіп жатқандай. Шынында, бүгінгі жастың түсінік-пайымы, пікір-көзқарасы жарты ғасыр бұрынғы жағдаймен тіпті де салыстыруға келмейді. Мінез-құлық пен жүріс-тұрыс та өзгерген. Өзгергені соншалық, соңғы жылдары ар мен ибаны арсыздық алмастырған жаһандағы жағымсыз жағдайлар қазақ қоғамында да көптеп кездесе бастады. Соның бірі – кәмелетке толмаған қыздар арасындағы жүктілік.
Ойнақтап жүріп от басқан қыз балалардың болашағы туралы айтылып, жазылып жүргені жалғыз бұл емес. Дегенмен, соңғы 5 жылдағы жағдай мүлде ушығып кеткендей. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, пандемиядан кейінгі жылдарда 15-18 жас аралығындағы қыздар арасында туу көрсеткіші шамамен 1,5 есеге артқан. Қазір бұл мәселе тіпті дабыл қағатын деңгейге жетті. 2023 жылы елімізде әлі оң-солын танып үлгермеген 5094 қыздың босануы соның айғағы. Олардың арасында 14 жасқа толмаған 11 қыз бар. Ал, ең кішкентайы – 12-де.
Денсаулық сақтау министрлігі «былтырғы жағдай бұған қарағанда тәуір, жасаөспірім қыздар арасындағы жүктілік және босану 10,2%-ға төмендеді» дейді. Төмендегені мынау – 2024 жылы кәмелетке толмаған 1800 қыздың жүктілігі тіркелген. Алаңдайтынымыз – бұл анықталғандары ғана! Оң жақта отырып, жатырына жан бітіп қалған қыздың жаманатын шығармайық деп, қала берді әулеттің сүйегіне түскен таңбадан тезірек құтылайық деп мәселені ың-шыңсыз һәм үн-түнсіз шешу үшін жасанды түсік жасататындардың саны жоқ мұнда. Өйткені, оларды бақылау мүмкін емес. Мұны Денсаулық сақтау министрлігі де мойындап отыр. «Өкінішке қарай, барлық жеке клиникалар кәмелетке толмағандардың жүктілігін дәрі-дәрмекпен тоқтату туралы мәліметтерді бермейді» дейді Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бала гинекологы Елена Лущаева. Бұл сөз буыны бекімей жатып түсік жасататындар аз емес дегенді білдіреді.
Айта кетейік, біздің елде 18 жасқа толмаған қыздардың жүктілікті үзу туралы өз бетінше шешім қабылдауға құқығы жоқ. Бұл – ата-аналармен немесе заңды өкілдерімен бірлесіп қабылданатын шешім. Десек те, ата-ана оң жақта отырып «ерте есейген» перзентін қарабеттіктен құтқарамын деп амалсыз күнәға күнә жамайтыны белгілі. Осылай елде 18 жасқа толмаған қыздар арасында мың қыздың үшеуі түсік жасатады.
Айта кетейік, Қазақстанда мың адамға шаққанда кәмелетке толмағандардың саны 7,9 адамды құрайды. Бүгінде елімізде 18 жасқа толмаған 6 миллион 921 мың 35 бала бар. Оның 51,3%-ы – ұл, 48,7%-ы – қыз бала.
Мал құлағы саңырау...
Ел ішінде жағымсыз жайлар кездесіп қалса, «Мал құлағы саңырау» дейтін халықпыз. Жамандыққа жас буынның құлағы үйренбесін деген ниеттегі бабаларымыздың даналығынан туған үлкен философиялық мәні бар ұғым. Дей тұрғанмен, жасөспірімдердің болашағына балта шауып жатқан осы бір жайды айтпай қалуға тағы болмас. «Жаман айтпай, жақсы жоқ»...
БҰҰ деректері бойынша, Қазақстандағы әрбір алтыншы жүктілік абортпен аяқталады екен. Оның ішінде, әрине, біз сөз етіп отырған әлі оңы мен солын танып үлгермеген қаршадай қыздарымыз да бар. Біз қаршадай дейміз-ау, елімізде жасөспірімдердің 70 пайызы 15 жасқа дейін-ақ алғашқы жыныстық қатынасқа түседі дейді ашық көздердегі дерек. Салдары әне: ерте жүкті болып қалған қыздардың 70%-ы жасанды түсік жасатса, 15%-ы өздігінен түсік тастайды екен. Қыздардың тек 15%-ы ғана сәбиін аман-есен босана алады дейді мамандар. Егер екі жыл бұрын босанған 5094 қызды осы айтылған 15% дейтін болсақ, шын мәніндегі жағдайды бағамдай беріңіз.
Қорқыныштысы, мұндай қыздардың басым көпшілігі имандылықтың ұясы саналатын ауылдық жерлерден...
Әдетте, қанымызда жоқ, болмысымызға жат нәрселер Батыстан келеді деп жатамыз ғой. Осы оймен ұлы ұлағатты, қызы ибалы болған қазақтың жастарына ерте жүктілік қайдан келді деп Батыстың біраз деректерін қарастырғанбыз. Сөйтсек, Еуропада бұл статистика біздегімен шамалас болып шықты. Қорқыныштысы да сол, Қазақстан бұл жөнінен әлем елдерінің ішінде алдыңғы отыздықтың ортасында тұр.
Ақыры айтқан екенбіз, ендеше, деректерді де сөйлетейік, кәмелетке толмаған қыздар жүктілігі жөнінен әлем елдері арасында көш басында АҚШ тұр. Онда кәмелетке толмаған әрбір мың қыздың 57-сі жүкті болып, 34-і он беске жетпей ана атанады екен. Ал, жалпы, жер бетінде жыл сайын 15-18 жас аралығындағы 16 миллионға жуық қыз бала босанады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша бұл әлемдегі барлық туудың 11%-ын құрайды. Мұндай жағдайлардың 95 пайызы өте кедей және табысы орташа елдерде анықталған. Статистикаға сәйкес, қыздардағы жүктіліктің 30%-ы жасанды үзумен, 14%-ы түсік тастаумен және 56%-ы босанумен аяқталады. Олардың үштен екісі некесіз босанады.
Арысы мұхиттың арғы бетінде, берісі өзіміздің елде болып жатқан жағдайлардан қазақылық әдепті барынша сақтап қалған деп сипатталатын Оңтүстік өңірі де сау қалмапты. Күнтізбесі кеше ғана біткен өткен жылдың 10 айында облысымызда 374 жас қыздың жүктілігі тіркеліп, 135 өрімдей қыз балалы болған деген ақпарат тарады (azattyq-ruhy.kz). Ал, «2023 жылдың 10 айында есепке алынған жасөспірімдер жүктілігі 389 болса, оның 210-ы ана атанған. Осылайша етегі ерте түріліп, кәмелетке толмай жатып жүкті болу жағынан Түркістан облысы республикада «антилидер» саналады.
Суицидтің бір себебі осы екен...
Статистиканы «сөйлетіп» жатырмыз ғой. Ал, ондағы әр санның артында тұтас бір тағдыр тұрғанын білеміз бе?.. Сүрініп кетіп, бүлініп жүрген тағдырлардың өмір көші ары қарай арнасына түсіп кете ала ма, жоқ па, белгісіз...
Бұл мәселе өткен аптада Сенатта да сөз болды. «Жамбыл, Түркістан, Маңғыстау облыстарындағы деректер жағаңды ұстатады» дейді депутаттар. Бірақ, қыздың ғана емес, тұтастай ұлттың ұятына кір келтірген жағдайдың алдын алу мәселесіне келгенде әзірге нақты бір шешім табылмай тұр. Ал, салдары жоғарыда келтірілген статистикадан да сұмдық: ерте жүкті болған қыздардың мінез-құлқында суицидтік үрдістер мен психологиялық бұзылулар пайда болады дейді мамандар.
Иә, «ойнақтап жүріп, от басқан» қыздың жан жарасын да, тән жарасын да емдеп жазу оңай емес. (Мұны психологтар қашаннан айтып келе жатыр). Өйткені, ерте жүктілікпен босану жасөспірімнің физиологиялық және психологиялық дамуына кері әсер етеді. Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас бала гинекологы Елена Лущаева ерте жүктілік ауыр әрі түрлі асқынулармен өтетінін айтады. Мұндай қыздардың одан кейінгі жағдайы да оңала қоймайтын көрінеді. Әлі жетілмеген ағзасына күш түскен өрімдей қыз өмірге өкпелі, өзіне сенімсіз, психикасы тұрақсыз келеді екен. Оның соңы ұдайы депрессия мен суицидке жетелейтіні айтпаса да түсінікті.
Жоғарыда ерте жүктілікті жасанды жолмен үзу немесе түсік тастау оқиғалары да кездесетінін айттық. Мұның да қайта бала көтере алмау секілді зардаптары шаш-етектен. Қазақстанда жылына 80 мыңға жуық түсік жасалады екен. Енді қараңыз: бедеулік диагнозы қойылатын 100 әйелдің 75-сінде оның бірден-бір себебі алғашқы жүктілікте жасатқан түсік болып саналады. Ерте жүктілік салдарынан бір рет түсік жасатқан ағзада кейін де жүктіліктің асқынуы жиілеп және уақытынан бұрын босану екі есе артатыны тағы бар. Ағзаға да, заңға да, тіпті дінімізге де жат бұл жайдың соңы тіпті өлімге әкеліп соқтыруы мүмкін.
Қазақстанда кәмелетке толмаған қыздардың жүктілігі ең көп таралған кезең – 15-17 жас аралығы. Дәрігерлерді алаңдататыны да осы. «15 жасында жыныстық қатынасқа түскен қыздарда жатыр мойны обыры 2 есе жиі кездеседі. Ал, осы жаста аяғы ауыр болған бойжеткендердің қайтыс болу қаупі ересектерге қарағанда 20 есе көп» дейді олар. Ол ғана емес, етегі ерте түрілген жасөспірім қыздардың жартысы жыныстық жолмен берілетін қауіпті ауру жұқтырады екен. Елімізде 21 мың АИТВ (ВИЧ) жұқтырған адам болса, соның 40%-ы – 15-тен 30 жасқа дейінгі жастар. Ары қарай айтудың өзі қорқынышты.
...Қыз – сұлулық пен ақылдың символы, ұлтқа келер ұят пен ардың өлшемі. Халқымыз сол үшін де қызды ерекше қадірлеген. Құт қызды жағалап жүреді деп сенген, қонақ деп құрметтеген. Бұрынғының бұрымдысы отбасы мен әулетінің ғана емес, бүтін бір елдің бет-бейнесі болған. Бүгінгі бойжеткендер жайлы солай айта аламыз ба? Ықылым заманнан қыз бала тәрбиесіне ерекше ден қойған халқымыз үшін бұл өте түйткілді мәселе. Ал, шешімі қандай? Қайтпек керек?
«Қызым – үйде, қылығы – түзде» деген осы-ау...