Студенттермен кездесті

Түркістандық делегация Солтүстік Қазақстан және Шығыс Қазақстан облыстарына сапар шегіп, ондағы студент  жастармен кездесті. Бұл кездесулер «Серпін–2050» мемлекеттік бағдарламасы аясында ынтымақтастық қарым-қатынас орнату мақсатында ұйымдастырылды.

Жұмыс тобы мүшелері Өскемен қаласындағы Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, ондағы ғылыми-зерттеу орталықтарымен, инклюзивті білім беру жүйесімен және ірі ғылыми жобаларды жүзеге асырушы мекемелердің жұмысымен танысты. Университетте «Серпін–2050» бағдарламасымен білім алып жатқан 472 студент бар, олардың 201-і Түркістан облысынан.
Сонымен қатар, түркістандық делегация Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде студенттермен жүздесіп, пікір алмасты.  Университеттің заманауи ғылыми-зерттеу инфрақұрылымымен және Студенттер үйінің жай-күйімен де танысты.
Сапар барысында делегация Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде болып, білім беру процесі мен жастардың мүмкіндіктерін саралады. Бұл кездесулер Түркістан облысы әкімдігі мен Шығыс Қазақстан облысының жоғары оқу орындары арасында ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Айта кетейік, жұмыс тобы осы сапарында Павлодар қаласындағы университеттерге де ат басын бұрып, «Серпін» бағдарламасы бойынша білім алып жатқан жастармен кездесті.
Пікір қалдырыңыз