Пара алу мен пара беру
Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
Қазақтың «Бәле қайда деме, бассаң, аяқ астында» дейтін тамаша сөзі бар. Мұны, әсіресе, өмір көрген жандар жақсы біледі. Ондайды «жазмыштан озмыш жоқ», басқа салғаны осы болды деп пешенеге тірей салатынымыз да бар. Әрине, төтеннен келген қиындыққа амал бар ма? Ал, біле тұра мән бермеуден, көре тұра ескермеуден болатын оқиғаларға не дейміз? Біз негізгі жайды айтпас бұрын мына оқиғаны жастарға сабақ болсын деген оймен ортаға салғанды жөн көрдік.
Біз сөз еткелі отырған екі азамат бұған дейін облыс орталығында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейтін. Өз істеріне жетік, жұмыстарында абыройлы азаматтардың қалайша мұндай жолға түскеніне әріптестерінен бастап оларды білетін басқа да адамдар жағаларын ұстап, таңданбасқа әдділері қалмады. Қысқаша таратып айтсақ, оқиғаның мәнісі төмендегідей. Орда бұзар отызға әлі тола қоймаған Бақытжан Төлеуов пен Асқар Бекбауов (аты-жөндері өзгертіліп алынды) есімді екі азамат осыдан 5 жыл бұрын халыққа қызмет көрсету орталығына жұмысқа орналасады. Басшылық та жастық жігері жалындап тұрған екі жасқа үлкен сенім артады. Алғашында екеуі де өзіне жүктелген міндеттерді тиянақты атқарып жүреді. Бақытжан жылжымайтын мүлік және автокөлікке қатысты құжаттарды тіркеумен айналысса, Асқар сол құжаттардың заңдылығын тексеретін. Ал, олар бұл міндеттерін қалай атқарды? Өкінішке қарай, екеуінің жауапты қызметке қолы жетісімен тиісті жалақыны місе тұтпай, қызмет бабын асыра пайдалану арқылы жемқорлыққа жол бергені анықталды. Қылмыстық іс материалдарымен танысып, сот мәжілісінде келтірген дәлелдерді саралау барысында олардың күні бүгінге дейін бірнеше рет пара алғаны белгілі болды. Олар осы аралықта әрбір тұрғынға қалтқысыз қызмет көрсетудің орнына әр келушіден 10 мың мен 100 мың теңге аралығында ақша алып, қалталарын қампайта түскен. Ардан аттаған екеудің түптің түбінде бұл әрекеттерінің әшкере болатынын ойламағандары қызық. Олардың пара алу әрекеттері бертінге дейін жалғасып келген. Тіпті, кей адамдарды пара беруге мәжбүрлегендері де қылмыстық істе егжей-тегжейлі көрсетілген. «Мың асқанға – бір тосқан» демекші, екі азамат та кезекті пара алу үстінде құрықталды. Сот шешімімен Бақытжан Төлеуовтің дүние-мүлкі тәркіленіп, 10 миллион теңге көлемінде айыппұл салынып, 6 жылға жаза арқаласа, дәл осындай шешіммен Асқар Бекбауовтың да бар мүлкі тәркіленіп, оған да сол шамада айыппұл салынып, 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Әрине, тәуелсіздік тұсында дүниеге келген Бақытжан мен Асқар сияқты өрендердің адал еңбек етудің орнына жемқорлыққа шатылып жатқаны өте өкінішті жағдай.
Біз пара алуға қатысты бір ғана деректі келтіріп отырмыз. Әйтпесе, бүгінгі қоғамда қызмет бабын асыра пайдалану арқылы пара алуды көздейтіндер жайлы мысалдарды көптеп келтіруге болады. Мұндайға баратындар ішінде, әсіресе, жауапты тұлғалар, үлкен лауазым иелері, шағын мекеме басшылары да аз емес. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заң жыл сайын қатаңдатылып, құлқынның құлына айналғандар заң аясында жазаланып жатқанымен, тойымсыздардың мұндай оғаш әрекеттері тоқтамай тұр. Оған нақты фактілер де аз емес.
Заң демекші, күні кеше сыбайлас жемқорлыққа қатысты заңға тағы да өзгерістер енгізілді. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Ұлан Сарқұлов Мәжіліс депутаттарының алдында жаңа заң жобасының қоғам үшін пайдалы жақтарын тізбелеп шықты. Оның айтуынша, мұндағы ең басты жаңалық, сыбайлас жемқорлардың тізімі жария болатыны. Егер заң қабылданса, кімнің қанша жымқырғаны тайға таңба басқандай көрсетіледі. Онда жемқордың аты-жөні, қылмыс жасаған уақыты, жұмыс орны мен лауазымы және қанша жылға сотталып, қанша пара алғаны толық жария етіледі. Бұл тізім антикордың ресми сайтында жарияланады.
Тағы бір жаңалық, енді параны бергендер мен параны алғандар ғана емес, сол параны беруге немесе алуға ниет етіп, уәде бергендер де жазаға тартылатын болады. Жаңа заңға осындай өзгеріс енгізу мәселесі қарастырылып жатыр. Яғни пара беруге немесе пара алуға ниет етудің өзі де қылмысқа жатқызылмақ. Демек, ақша алу шарт емес, «маған осынша ақша әкеліп бер» деп SMS немесе қағаздың шетіне жазып берсеңіз, соның өзі қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткілікті негіз. Бұдан бөлек заңда мүдделер қақтығысы, тұрмыстық жемқорлыққа қатысты біраз өзгерістер бар.
Дегенмен, заңды қанша қатайтқанымен, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықты түп-тамырымен жойып жіберу, өкінішке қарай, мүмкін болмай тұр. Тамыры тереңде жатқан сыбайлас жемқорлық, әсіресе, білім ошақтары мен ауруханаларда, мемлекеттік қызмет органдарында жиі кездеседі. Сондықтан да жемқорлыққа қарсы негізгі іс-шараларды дәл осы орындарда жүргізіп, оның тиімді атқарылуына ерекше көңіл бөлген жөн. Жоғары оқу орындарында студенттерден ақша алу, ауруханаларда науқастарға тегін берілуі тиіс дәрі-дәрмекті сату, операцияларға заңсыз қаржы талап ету сияқты оқиғалар әлі де болса кездесіп қалатыны жасырын емес. Бұл жерде көп мәселе халықтың азаматтық белсенділігі мен құқықтық сауаттылығына да байланысты екенін айта кеткен жөн. Егер сізден пара талап етсе немесе пара беруге итермелейтін әрекеттер жасаса, онда дереу құқық қорғау органдарына шағымданғаныңыз абзал. Тіпті, қазір халыққа қызмет көрсететін әр ұйым мен мекемеде сенім телефондары жұмыс істейді, сол телефондарға хабарласып әлгі фактілерді баяндасаңыз, елімізде сыбайлас жемқорлықтың азаюына аз да болса үлес қосқан болар едіңіз.