Жапырағын жайған бәйтерек

Ақындар екінің біріне өлең арнамайды. Ал, өлең сен әлі бірінші, екінші кластарда оқып жүргеніңде арналса, арналып қана қоймай, мектептің қабырға газетіне жарияланса ше? Бүгінде жасы тоқсанға таяған Нұрмахан Тасболатұлына ол бірінші класта оқып жүргенде-ақ өлең арналыпты. Ал,
Баласы Тасболаттың
Нұрмахансың,
Ешкімге зияны жоқ жүрген жансың.
Шықсаң да абыройдың биігіне,
Танытып кішілікті жұрттан астың.
Нұрмахан ұлы едің қалпенің,
Сүйіктісі болып өстің жалпы
елдің, –
Ел сенімін ақтап өстің жасыңнан,
Өсіп-өндің алғысын ап бар жанның, – деген өлең жолдарын кейіннен қазақтың біртуар ақыны Қаныбек Сарыбаевтың өзі арнапты. Қаныбек ақынның «ұлы едің қалпенің» деп отырғаны Нұрмахан Тасболатұлы І937 жылы 8 мамырда Отырар ауданындағы Маяқұм ауылында өмір есігін ашқан. Әкесі Тасболат жасынан діни ілім-білімге жақын болып, 12-13 жасынан-ақ «қалпе» атанған білімдар кісі болыпты. Құдай шеберге, берем десе оп-оңай ғой. Жасынан имани, діни тәрбие алған және өмірін адалдықпен өткізген әке-шешенің тәрбиесі құр кеткен жоқ. Жасынан көпшіл, білімқұмар, елге пайдалы қайбір іске болса да аянбайтын Нұрмахан ақсақал алдымен 1954 жылы Шәуілдірдегі Жамбыл атындағы орта мектепті үздік бітіріп, Шымкенттегі индустриалды техникумға түседі де, оны да 1957 жылы үздік тәмамдап, аудандық пошта байланысы саласына жұмысқа тұрады.
Сол кезде бар болғаны 21 жастағы балаң жігіт 1957 жылдан 1996 жылға дейін 40 жылдай бір салада тапжылмай қызмет етті.
«Қалың талға жел үйір, жақсы адамға сөз үйір» дейді халқымыз. Алайда, Нұрмахан аға осы 40 жылда артынан жаман сөз ертпепті. Мұндай тазалықтың сыры да о баста бір Алланың пәрменімен әкесі Тасболат қалпе мен сүйікті жары Пәтима (Пәти) жеңгеміздің жасынан құлағына құйған «арам ақша, арам дүние әкелуші болма» деген сөзінде жатыр деп білеміз.
Кейіпкеріміз өзінің дүние есігін ашқан жері «Абсабат» (Овцевод) жөнінде «Мен үшін «Абсабат» киелі, қасиетті бақ мекен, жер жәннаты. Оған тең келер жер жоқ. Қайта оралмас балалық бал дәуренімнің 15 жылы – шәкірттік, алаңсыз, уайымсыз өмірім сонда өтті» деп тебірене жазған екен бір еңбегінде. Құт пен кие қатар қонған «Овцевод» кеңшары үшін 1949 жыл ұмытылмастай айтулы кезең болды. Ерен еңбектерінің арқасында киелі мекеннен Оспан Шораев, Мінәйдар Қарамолдаев, Мұсабай Құлымбетов, Төлеген Бойтанов, Нұсқабай Құлымбетов, Күмісбек Сапақов, Қайқыбай Қуатбеков, Қожамұрат Нарымбетов Социалистік Еңбек Ері атанса, бас зоотехник Тәліп Ақпанов, шопан Кенжеғұл Бораншиев Ленин орденімен марапатталды. Игілікті іс жалғасын тауып, араға бірнеше жыл салып Ілияс Қыдырбаев та Социалистік Еңбек Ері атанып, кеңшардың даңқын көкке көтерді.
Нұрмахан ағаның тағы бір ерекше қыры – қаламгерлігі десек болады. Сонау жас кезінен жазғандары 2-3 кітапқа жүк боларлықтай. Әрқашан жұртқа болсын деп жүретін ел ағасы мұнан бөлек, өзі өмір бойы жинаған қимас кітаптарын мектептерге тегін таратып берді.
Атап айтсақ, өзінің туған жері Маяқұмдағы Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебіне – 116 кітап, аудан орталығындағы Жамбыл орта мектебіне 96 кітап сыйлап, күллі ұжымды да, оқушыларды да риза еткені бар.
– Облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне 100 жыл толыпты. Мен осы газетті 8 жасымнан жаныма серік еттім. Әлі күнге дейін жаздырып аламын. Шығармашылық табыс тілеймін басылымға. Сендер де осы газеттің перзентісіңдер. Аман болыңдар, – дейді Нұрмаған ағамыз.
«Достарыңның кім екенін айт, мен сенің кім екеніңді айтамын» деген тәмсіл бар халықта. Ауылдың ардақтысы атанған Нұр-ағамыз аудан орталығында да құрметке бөленді. Өз ісінің хас шебері, достыққа берік, көпшіл де көркем мінезді жанның аты көпке танымал достары аз болған жоқ...
Қысқаша тоқтала кетсек, аудандық байланыс торабын көп жыл бойы абыроймен басқарған Рысқұл Биімбетов, жақсы аты елімізге танымал ұлағатты ұстаз, физик-математик Сейіт Есенбаев, сол поштада басшының орынбасары болып көп жыл еңбек еткен Абай Жаппарқұлов, талай жыл аудандық атқару комитетінде мінсіз қызмет еткен Ноян Дүйсенбаев, кеңшар директоры болған Сұлтан Мырзахметов, өз ісінің нағыз хас шебері, аудандық байланыс торабын мінсіз басқарған Қалжан Төрежанов сынды атпал азаматтармен көп жыл дос-жаран, сыйлас дос болып өмір көшінде бірге жүрді. Бүгінде олардың көпшілігі шын дүниелеріне аттанған. Нұрекең достарын еске алып, әруақтарына Құран бағыштап отырады.
Ауданның, соның ішінде байланыс саласының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Нұр-ағамыз өмірлік серігі, «Батыр ана» Пәтима жеңешеміз екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Олардың барлығы да жоғары білімді, отбасылы, берекелі шаңырақ иелері.
Нұрмахан Тасболатұлының Құрмет грамотасы, «Еңбек ардагері» медалі, «Коммунистік еңбек екпіндісі», «Социалистік жарыстың жеңімпазы» сынды марапаттарының өзі бір төбе. Сонымен бірге 2007 жылдан «Отырар ауданының құрметті азаматы», «Тыл ардагері», «Ұлы Жеңіске – 60,65,70,75 жыл» мерекелік медальдары тағы бар.
Міне, осындай ерен еңбегіне, өсірген ұл-қыз, немерелеріне, көптеген шәкірттеріне қарап отырып Нұрмахан Тасболатұлы ақсақалды «жапырағын жайған бәйтерек» демегенде не дейміз?! Аман болыңыз, аға!
Ә.Белгібай,
журналист.