Мүгедектер ақшасына қол салған...
Облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мәліметіне сенсек, Мақтаарал ауданындағы оңалту орталығы құзырлы органдарға мүгедек балаларға керемет күтім жасадық деп жалған есеп беріп келген. Тексере келгенде, бюджет қаражатын жымқыруда мекеме басшысы мен бас есепшінің ым-жымы бір болып шықты.
Сорақысы сол, басшы мен есепші бұл әрекеттерін 2018 жылдан 2024 жылға дейін жалғастырып келген. Сол аралықта олардың жымқырған ақша көлемі 85 миллион теңгені құраған. Ол аздай, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге бөлінген бюджет қаржысына мекеме басшысы құны 35 миллион теңге тұратын пәтер сатып алған. Сот барысында мұның барлығы мемлекет есебіне қайтарылды.
«Мың асқанға – бір тосқан» демекші, сот сыбайлас жемқорлыққа жол бергені үшін оңалту орталығының басшысы мен бас есепшісін кінәлі деп тапты. Сот үкімімен мекеме басшысы 8 жылға бас бостандығынан айырылса, осы орталықтың бас есепшісі
7 жыл арқалады. Жалған құжат арқылы қазына қаржысын қалтаға басқандардың әрекеті осылай әшкереленді.
Д.ЖҮСІПОВ.