Әлемді өзгерткен чемпиондар
Спорт адамның физикалық мүмкіндіктерін шыңдап қана қоймайды, ол сонымен қатар бүкіл қоғамға әсер ететін қуатты күш. Көптеген спортшылар өздерінің табандылығы, жетістіктері және адамгершілік қасиеттері арқылы спорт әлемін ғана емес, бүкіл қоғамды өзгертуге үлес қосты. Бүгін біз спорт тарихында да өзіндік орны бар, әлемді өзгертуге де үлес қосқан бірнеше тұлға туралы әңгіме қозғамақпыз.
Джесси Оуэнс: нәсілшілдікке қарсы жеңіс
1936 жылғы Берлин Олимпиадасы өзіндік ерекшеліктерімен есте қалды. Тарихта алғаш рет Олимпиада алауының эстафетасы ұйымдастырылды, ал, ойындар теледидар арқылы көрермендерге бірінші рет көрсетілді. Бірақ, Берлин Олимпиадасы өтпей қалудың аз-ақ алдында тұрды. Себебі бұл уақытта неміс жерінде ұлтшылдық пен нәсілшілдік дерті асқынып тұрған. Германия билігі спортшылар мен қонақтардың қауіпсіз болатынын айтып, елде нәсілшілдік жоқ дегенді түсіндіруге тырысып бақты.
Гитлер мен Геббельстің жоспары бойынша бұл Олимпиадада жеңіс тұғырына тек ақ нәсілді адамдар ғана көтерілуі керек-тін. Алайда, бұл жоспарды АҚШ-тан келген қара нәсілді спортшы Джесси Оуэнс бұзды. Ол жеңіл атлеттер сынында Олимпиаданың 4 алтын жүлдесін (үшеуі жүгіру, біреуі ұзындыққа секіру) жеңіп алды. Бастапқыда жоспарланғандай, Адольф Гитлер жеңімпаздардың бәрін өзі шығып құттықтауы тиіс еді. Бірақ, қара нәсілді спортшылар жеңіске жеткен спорт түрлері бойынша марапаттау рәсіміне Гитлер шыққан жоқ. Джесси Оуэнстің Берлин Олимпиадасындағы жеңісі спортта ғана емес, жалпы қоғамда қара нәсілді адамдарға деген көзқарасты түбегейлі өзгертті.
Мұхаммед Әли: стереотиптерді бұзу сөз емес
Барлық кезеңдегі бокс рейтингін қарасақ, ауыр салмақтағы боксшылар арасында Мұхаммед Әли (Кассиус Клей) бірінші орынды ешкімге берген емес. Ол өзін «ұлы» деп атайтын. Әрине, Әлидің спорттық мансабы мінсіз, жеңіліссіз болды деп айта алмаймыз. Рокки Марчиано мен Флойд Мейвезерге қарағанда Мұхаммед Әлидің шаршы алаңнан жеңіссіз қайтқан кездері болды. Бірақ, ол рингте ғана емес, қоғамда қалыптасқан стереотиптерге қарсы жұдырықтасты. Оның мәртебесі артқан шақта нәсілдік бөлініс АҚШ-та шарықтау шегіне жеткен еді. Мұхаммед Әли өзін ақ нәсілділерге арналған орталыққа кіргізбей қойғаны үшін Олимпиадада иеленген алтын жүлдесін лақтырып жіберді.
1967 жылы Кассиус Клей әскер қатарына барудан бас тартып, Вьетнамдағы соғысқа қатыспайтынын мәлімдеді. Осыдан кейін ол боксшы лицензиясынан айырылып, әуесқой бокстағы мансабына нүкте қойылды.
Алайда, Әлидің спорттық мансабы мұнымен тоқтап қалған жоқ, қайта тасы өрге домалады. Боксшы алдымен ислам дінін қабылдап, аты-жөнін өзгертті. Содан кейін кәсіпқой рингке шығып, шоудың көкесін көрсетті. Расымен Әли боксты нағыз шоуға айналдырды. Тіпті, спортты түсінбейтіндердің өзі Мұхаммед Әли шығатын жекпе-жекті күн санап күтіп отыратын болды. Бокстағы қазір біз «трэш-ток» деп атап жүрген (жекпе-жек алдында қарсыласты сөзбен түйреу) шоу жасаудың тәсілін Мұхаммед Әли қалыптастырған. Онымен жекпе-жекке шығатын қарсылас рингке шықпай жатып жеңілетін. Ол – қоғамда қалыптасқан пікірлердің әруақытта шындық бола бермейтінін, оған қарсы тұрып, жеңіп шығуға болатынын дәлелдеп берген тұлға.
Билли Джин Кинг: спортта бәрі тең
Аңғарсаңыздар, жоғарыда аталған спортшылардың есімдері тарихта қоғамдағы теңсіздікке қарсы күрескен қайраткер ретінде де қалған. Атақты теннисші Билли Джин Кингтің де ерлігі спорт әлемінде жоғары бағаланады.
2020 жылы жапониялық теннисші Наоми Осака әйелдер арасында тарихтағы ең табысты теннисші атанды. Жапон қызы бір жыл ішінде 40 млн. АҚШ доллары көлемінде табыс тапқан. Бүгінде теннистегі жоғары табыспен ешкімді таң қалдыра алмаспыз. Алайда, осыдан 50 жыл бұрын теннисте ерлер мен әйелдерге берілетін сыйақының айырмасы жер мен көктей болатын.
1973 жылы АҚШ-тың Техас штатында кортқа Бобби Риггс пен Билли Джин Кинг шығады. Бұл ойынды теледидар арқылы 90 миллионнан астам адам тамашалады. Телевизиялық трансляциялар үшін бұл 1969 жылғы адамның Айға қонуынан кейінгі рекордтық көрсеткіш еді. Ер мен әйелдің бәсекесінде Билли Джин Кинг жеңіп шығады. Сол жылы алғаш рет АҚШ-тың ашық чемпионатында ерлер мен әйелдердің сыйақысы теңестіріледі.
Виктор Чукарин: тұтқыннан – тұғырға
Екінші дүниежүзілік соғыс басталған кезде Виктор Чукарин КСРО-ның спорт шебері атанып қойған-ды. Майдан даласына бармаймын десе де оны ешкім күштеп әкете алмайтын. Алайда, соған қарамастан ол қолына қару алып, соғысқа аттанды. Киев қаласын қорғаған артиллериялық бөлімнің құрамында жауға қарсы соғысты. Ұрыстардың бірінде ол басынан жараланып тұтқынға түсіп қалады. Тұтқында болған үш жарым жыл ішінде Чукарин 17 лагерьде болыпты. Көрмеген азабы жоқ. Неміс әскері тұтқынға түскендерден құтылу үшін олардың аяқ-қолдарын байлап, теңізге ағызып жіберген. Чукариннің көрер жарығы бар екен, оны ағылшын балықшылары көріп қалып, құтқарып алады.
Үйіне оралғанда Виктор Чукариннің салмағы небәрі 40 келі болған екен. Тұтқында көрген азабына қарамастан ол қалыпты өмірге оралып қана қоймай, спорттық мансабын қайта бастауды көздейді. Арада бірнеше жыл өткенде елішілік жарыстарда жеңіске жетіп, Олимпиадаға дайындықты бастайды. Спортты тастап кетпегені бекер емес екен. Тұтқыннан оралғаннан кейін мойнына Олимпиада ойындарының 11 жүлдесін тақты, КСРО чемпионатын 13 рет жеңіп алды. Тұтқында жүргенде Чукаринде болашақта Олимпиада тұғырына көтерілемін деген ой болмаған да шығар?!
Шаварш Карапетян: ерліктің ерен үлгісі
Армениялық спортшы Шаварш Карапетян бала кезінен жүзумен кәсіби түрде айналысуды армандапты. Алайда, бапкерімен болған келіспеушіліктен кейін ол арманымен қош айтысқан. Бірақ, Карапетян су спортынан алыстаған жоқ. Жүзуді тастағанмен, су астына сүңгумен айналыса бастайды. Осы спорт бойынша бірнеше мәрте КСРО чемпионы атанып, әлемдік рекордтарды да жаңартады.
Бірақ, оның атын әлемге танытқан спорт емес, Еревандағы кездейсоқ оқиға еді. Өзінің бауырымен таңғы серуенге шыққан Карапетян су қоймасына батып бара жатқан троллейбусты көріп қалады. Ол ойланбастан суға қойып кетеді. Сол сәтте троллейбустың ішінде 46 адам болған екен. Спортшы соның бәрін судан алып шығады. Алайда, оның 26-сы ауруханада көз жұмады. Карапетян да зардап шекпей қалмады, тыныс алу мүшелеріне зақым келіп, ауруханаға жатып шықты. Кейіннен осы ауруы асқынып, үлкен спортқа қайта орала алмады. Дегенмен, бар күш-жігерін жинап, өзінің 11-ші әрі соңғы рекордын тіркеді.
Кәсіби мансабын аяқтаған соң да Карапетянның аты ерлік істермен танылды. 1974 жылы Шаварш Карапетян мінген автобус жүргізушісінің жүрегі ұстап қалады. Бұл сәтте автобус екі жағы құз құлама жардың үстімен келе жатқан. Карапетян дереу жүргізуші отыратын кабинканың терезесін сындырып, рөлді ұстап үлгереді. Осылай автобустағы ондаған адам ажалдан аман қалады. Спортшы 1985 жылы тағы да бірнеше адамды жанып жатқан ғимараттан аман алып шығады.
Елена Бережная: өмірге екі рет келген
Жұптасып мәнерлеп сырғанау әлемдегі ең қиын спорт түрі саналады. Бұл спорт – қос жұптың әдісті бір уақытта, бірдей етіп жасауымен ерекшеленеді. Ресейлік мәнерлеп сырғанаушы Елена Бережная 1996 жылы өзінің жұбы Олег Шаховпен бірге жаттығу жасап жүреді. Кенет Олегтің конькиі Еленаның басына тиіп, самай сүйегін зақымдайды. Ота жасау үшін Бережная үшін дереу ауруханаға жеткізеді. Жарақат салдарынан оның өмірмен қош айтысуы да мүмкін еді. Басына екі рет ота жасалады. Біз қазір ота деп жеңіл айтып отырғанымызбен, бұл оталар Елена Бережнаяға оңайға соқпады. Операцияның ауыр болғаны соншалық, ол жүруді, сөйлеуді, оқу-жазуды басынан бастап қайта үйренді. Құдды өмірге қайта келгендей. Осындай ауыр сынақтардан өткен Елена Бережная аяққа тұрып қана қойған жоқ, үлкен спортқа қайта оралды.
1998 жылы Наганода өткен қысқы Олимпиада ойындарында жұптасып мәнерлеп сырғанаудан күміс жүлдегер атанса, төрт жылдан кейін Солт-Лейк-Сити Олимпиадасының алтын тұғырына көтерілді!