Өңіріміз көш бастады

Түркістан облысында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары өткен жылдың басынан бері 97,2%-ды құрап, облыс бағаны тұрақтандыру жұмыстары бойынша өңірлер арасында бірінші орынға шықты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағаларын тұрақтандыру арқылы өңірдегі инфляция көрсеткіші төмен деңгейде сақталып келеді. 11 айдың қорытындысы бойынша инфляция көрсеткіші 7,6%-ды құрап, бұл көрсеткіш бойынша да Түркістан облысы республикада 4-орынға тұрақтады. 

«Түркістан» ӘКК өкілінің хабарлауынша, бағаны тұрақтандыру бойынша делдалдық схемаларды тергеу жөніндегі комиссия белсенді жұмыс істеуде. Комиссияның негізгі қызметіне бағаны негізсіз өсірмеу, сауда үстемесін асырмау, өндірушіден сауда нүктесіне дейінгі баға тізбегін қарау функциялары кіреді. Өткен жылы комиссияның 96 отырысы өткізілді. Бағаны негізсіз өсіру, сауда үстемесін асыру, өнімсіз делдалдарды анықтау бойынша 281 факті қаралып, әкімшілік айыппұл салу үшін олар тиісті органдарға жолданды. Осы жұмыстардың нәтижесінде баға тұрақты деңгейде сақталып келеді. Жалпы алғанда, айналым схемасы, форвардтық келісімшарттар, қоймадағы қорларды есептегенде тұрақтандыру қорында 32 мың тонна азық-түлік қоры бар. 
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, азық-түлік қоры жеткілікті. Сыйымдылығы 4000 тоннаны құрайтын заманауи қойма толық пайдалануға берілді. Қоймада азық-түлік тауарлары талапқа сай сақталып, сауда орындары мен әлеуметтік дүкендерге тұрақты жөнелтілуде. 
2025 жылдың маусымаралық кезеңіне тұрақтандыру қорын көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін 11 тауар өндірушімен 1,1 млрд. теңгеге  4 309 тонна картоп, 2 735 тонна сәбіз, 2 460 тонна пияз, 1 883 тонна қырыққабат және 2 234 тонна күріш, 1 санатты 13,5 млн. дана тауық жұмыртқасын сақтау мерзімімен форвардтық келісімшарттар жасалды. Халықты көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету мақсатында аудан, қала әкімдіктерімен бірлесіп, 2025 жылға егіс құрылымы бекітілді. Жоспарға сәйкес, ауыл шаруашылығы дақылдары 906 мың гектарға егіледі деп жоспарланып отыр. 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Пікір қалдырыңыз