2024 жылдағы ең атышулы үкімдер
Өткен жылы Түркістан облыстық соттарында бірқатар атышулы істер қаралып, сот үкімдері шықты. Осыған орай жылдың ең есте қалған істерін еске түсіруді жөн көрдік.
Балаларының не жазығы бар еді?..
Бұл жантүршігерлік оқиға осы жылдың 7 ақпанында Түркістан қаласында орын алды. Қызылорда облысы, Шиелі ауданының тұрғыны Бота Хамитқызы 6 ақпан күні жұмыстан шыққан бетте балаларын алып, Түркістанға бет алған. Сапарын алдын-ала жоспарлаған әйел Түркістанға дейін 10 мың теңгеге көлік жалдаған. Қалаға келісімен алдын-ала таңдап алған пәтеріне барып, түнгі сағат 11-лер шамасында балаларын ойын-сауық орталығына апарған. Онда балаларын ойнатып, бірер сағаттан соң жалдамалы пәтерге қайта келген. Алдымен балаларын ұйықтатып, кейін қызы мен ұлын кезекпен дәлізге шығарып тұншықтырған. Сөйтіп, түнгі бірде балаларын өлтіріп, артынша өзіне қол салмақ болады. Алайда, ол ойынан айнып, таңертең Шымкент қаласына шығып кетеді.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ақпаратына сүйенсек, әйел бұл әрекетін алдын-ала жоспарлаған. Алдымен 4 жасар қызын, сосын 2 жасар ұлын тұншықтырып өлтірген. Өзінің айтуынша, күйеуімен арада жанжал болған. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін күйеуі үйіне келмеген соң келіншек осындай әрекетке барған. Сотта келіншек есінде ештеңе қалмағанын айтып, соңында сөзінен тайқып кеткен. Келіншектің соты алқабилердің қатысуымен өтті.
Түркістан облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты оны ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танып, 15 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Бір әулеттен 5 адам...
Екі адамды атып өлтірді деген күдікке іліккендердің екеуіне – 20 жыл, қалған үшеуіне 25 жылдан жаза кесілді.
Қанды оқиға былтыр тамыз айында Арыс қаласында болған. Жер үйдің ауласында демалып отырған жігіттерді бетін тұмшалаған екі жігіт қарумен баса көктеп кіріп, атып кеткен. Оқиға орнында бокстан бұрынғы облыс чемпионы, «Черный Алмас» лақап атымен танымал Алмас Жолдасов пен 23 жастағы Жандәулет Қабылов көз жұмды. Жарақат алған тағы екі адам ауруханаға жеткізілген. Жараланғандардың бірі полиция қызметкері.
Көп ұзамай 53 және 25 жастағы жалдамалы жендеттер ұсталды. Олар тіпті адам өлтіруге тапсырысты кім бергенін де айтып берген. «Черный Алмас» мұның алдында сотталушылардың туысын өлтірген екен. Кек қайтару үшін жиналған бір әулеттің жігіттері екі туысын дайындап, қаруларына дейін сайлап берген.
Кісі өлтірген ағайындылардың екеуі 20 жылға, ал, 24, 26 және 20 жастағы қылмысты ұйымдастырушылар 25 жылға сотталды.
Бөлшектелген мәйіт
Сарыағаш ауданына қарасты Қабланбек ауылында күйеуін аса қатыгездікпен өлтірген 34 жастағы әйелге қатысты сот үкімі шықты.
Қаралы оқиға 2023 жылдың тамызда орын алған. Ерлі-зайыптылардың арасындағы жанжалға TikTok әлеуметтік желісі себеп болған. Күйеуі әйелінің әлеуметтік желіге бейнежазба жүктегеніне наразылық білдіріп, арадағы ұрыстың ақыры кісі өлімімен аяқталған.
Қылмысын жасыру үшін әйел марқұмның денесін бөлшектеп тастаған. Мәйітті бөшкеге салған ол көршісіне өтініш жасап, Келес өзеніне барған. Әйелдің түн ішіндегі әрекетінен күдіктенген көршісі үшінші күні бөшкені ашып көрген. Осылайша, көршісінің арқасында Құндыз Молдабекованың қылмысы әшкере болды. Ол бұған дейін мәйіттің бөлшектелген үш бөлігін өзенге ағызып үлгерген еді. Оған қоса жолдасының көлігін 2 миллион 300 мың теңгеге сатып жібергені анықталды.
Оған 99-баптың 2-бөлігі және 190-баптың 1-бөлігі бойынша айып тағылып, сот үкімімен 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Арақ ажалға апарды
Сайрам ауданына қарасты Қарамұрт ауылында 30 жыл отасқан күйеуін қылқындырып өлтірді деп айыпталған 49 жастағы Лобар Хажиева сот үкімімен 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот оны Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша кінәлі деп тапты.
Оқиға 12 сәуір күні кешке марқұмның үйінде болған. Сол күні ішімдік ішіп келген күйеуі әйелінен арақ сатып алуға ақша тауып беруін талап еткен. Әйелі берген ақшаға арақ ішіп алған күйеуі ізінше әйелінің бетіне түкірген. Күйеуінің бұл қорлығына шыдамаған Хажиева оны киімінің белбеуімен үй ауласында қылқындырып өлтірген. Сөйтіп, айыпталушы ішімдік ішіп алып отбасының мазасын алған күйеуін қасақана өлтіріп, аса ауыр қылмыс жасаған. Айыпталушы мен марқұмның кәмелет жасына толған ортақ төрт баласы бар.
Д.ЖҮСІП.