«Мәліметтерді алу үшін сақинамды шешіп бердім»

– Роза Сәтқызы, кітапханашы мәртебесі туралы үнемі дабыл қағып жүресіз. Осы жанашырлығыңызды көпшілік естісе деген  оймен  өзіңізбен  сұхбаттасуды жөн көрдік.  Бұл салаға қалай келген едіңіз? 
– Кітапханашы болуды армандадым десем өтірік болар. Әкем Сәттің қалауымен 1984 жылы  алдымен ЖенПИ-дің педагогика және психология мамандығына оқуға түсіп,  2-курстан соң кітапханашы мамандығына ауыстым.  Бәрі шебер  Алланың қалауымен  болатын  жазмыш қой, мен үшін  тек қайырлы болғанына кейін нарық жылдарындағы тоқырауда көзім жетті. Кентауда жұмыс таппай қаналып жүргенімде, жоғары білімді кітапханашы іздеп жатқан университетке библиограф болып қабылданып, алты айдан соң университет кітапханасының меңгерушісі болып тағайындалдым. Көзі ашық, көкірегі ояу интеллигенциялық топ – оқытушы-профессорлар ұжымында ректорат мүшесі болдым. Университетте кітапханашы болып қызмет атқарған күннен бастап, Алланың менің нәсібімді осы мамандықтан бергенін түсініп, мойындай бастадым. 
– Бұл «балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кеткен, кітапхана, клубтардың шетінен жабылып тоқырауға ұшыраған тоқсаныншы жылдар ғой, солай ма? Ешкімге ешнәрсе керек болмай қалған сол заманда оқырманға мәдени қызмет көрсету де оңай болмаған шығар?..
– Мен осы жылдар ішінде тек салалық, оның ішінде жоғары оқу орындарында қызмет етіп келемін. Әрине, ол кезде білім беру орындарының да, рухани орталықтардың да тоз-тозы шығып жатты. Мәселен, тігін мамандарын даярлайтын  училищенің он мыңдай кітап қоры бар кітапханасы жойылып, бар қазынасын саудагерлер отын ретінде пайдаланғанын көзіміз көргенмен, аман алып қалуға дәрменіміз де, пәрменіміз де жетпеді. Ол кітаптардың көпшілігі тігін тігуге,  матаның сапасына арналған бағалы оқулықтар еді ғой. 
Ал, өзім қызмет еткен  Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медицина факультетінде негізінен  қазақша оқулықтар тапшы, қолда барының өзі сапасыз еді. Есімде, Кентаудың баспаханасында басылған 1000 дана сөздік кітап осындай сапасыздығының салдарынан қорапта тұрып, кейін  макулатураға өткізілді. Ғылыми сапалы оқулықтар тек 1994 жылдан бастап  жазыла бастады. Дербісәлі Сексенбаев, Жомарт Нұрқасымұлы, Алшынбай Рахышұлы,  Смағұл Қайшыбай-ұлы сияқты авторлардың неврология, акушер-гинекология, анатомия сияқты түрлі саладағы оқулықтары медицинаны алғаш  қазақша сөйлеткен қарлығаштар еді. Бұл тізімді толықтырған осы ХҚТУ медицина кафедрасының меңгерушісі Балқия Қалимұрзинаның «Ішкі аурулар» оқулығы қазір болашақ дәрігерлерді даярлауда таптырмайтын оқулықтардың біріне айналды.  Айта кетейін, оқулық авторы Балқия Сағатқызының жетекшілігімен  жарық көрген   кітапты белгілі журналист, кейін «Оңтүстік Қазақстан» газетінде салалық  журналистиканың кәсіби маманы болған Үмітхан  Алтаева жазып шыққан. Өте сауатты, түсінікті, құнарлы дүние дер едім.  Әттеген-айы, факультетте сол кезде лаборант болып еңбек еткен Үмітхан  апайымыздың есімі құрастырушы редактор  ретінде бұл оқулыққа енбей қалған.  Ал, оқулық қазір  болашақ  дәрігерлерді даярлауда еліміздің барлық медициналық оқу орындарында пайдаланылып  жүр.   
Мен осының барлығын  зерттеп, зерделеп, әріптестерімнен сұрастырып жүріп оқырман қажетін қамтамасыз етемін.  Кейбір кітаптарды басқа оқу орындарынан ауысып келген  студенттерден сұрастырып, қай жерде қандай жақсы кітап бар екенін біліп аламын. Оқырман  қажетін  осылайша өтедік.  
– Салалық  кітапханада жұмыс істеудің көпшілік кітапханада жұмыс істеуден  айырмашылығы неде? 
– Салалық кітапханалар тікелей болашақ  мамандарға, білімгерлерге қызмет ететіндіктен ғылыммен біте қайнасып жатуы керек деп ойлаймын. Өкінішке  қарай, бізде бұл мәселе кенже қалған. Жуырда «Ұлыс-медиа» медиапорталы дайындаған  зерттеу бағдарламасын көрдім.  Шетелге кеткен қазақтың мықты жас ғалымдары Қазақстанда ғылым мен  өндірістің  ұштаспайтынын айтады.  Бұл  кітапхана саласында да кездесетін мәселе. Өз тәжірибемнен білетінімді айтайын.  2011 жылы Шымкенттегі іргелі оқу орындарының бірінде оқытушы болып  студенттерге кітапхана ісінен  дәріс оқыдым.  Болашақ  кітапханашыларға балалар оқитын  кітаптар  тізбесін  ұсынуымыз қажет.  Атағы дардай әлгі оқу орнының кафедрасында балаларға оқуға ұсынылатын  кітаптар  тізімі тек орыс тіліндегі «Тимур және оның командасы», «Павлик Морозов» сияқты орыс жазушыларының кітаптары болып шықты. Арасында «Менің атым Қожа», «Алпамыс мектепке  барады» сияқты өзіміз киносын көрген  бірді-екілі шығармалар  ғана бар.  Қаракөздерге кітап оқуды үйрететін қазақ жазушыларының басқа еңбектері қайда? Бұл сұрақ жатсам-тұрсам жанымды жегідей жеп, маза бермеді. Сөйтіп,  магистрлік жұмысымның тақырыбын  «Балаларға арналған кітаптар» деп  алдым.  Алматыны шарлап, бүкіл  баспаларды жаяу-жалпылап аралап жүріп, балалар әдебиеті бойынша шығарылып жатқан дүниелерге зерттеу жүргіздім. Таң қалдырғаны – сонша баспа үйі шоғырланған үлкен қаладан  бірде-бір маман менің зерттеу тақырыбыма қызығушылық танытып,  бірге жұмыс істеуге құлшыныс танытпады. Барлығының да айтар жауабы «Балалар әдебиетіне сұраныстың жоқтығынан ондай кітаптар шығармаймыз» болды. Ал, неге сұраныс жоқ, қайтсек оны бар қыламыз сияқты, тағы басқа да сұрақтардың жауабын  білуге ден қойған, тіпті керек еткен ешкім жоқ. Міне, ғылым мен өндірістің  байланысы жоқтығы осы емес пе?! Егер өндіріс ғылымды қажет етсе,  алдына зерттеу тақырыбымен барып  тұрған  мені пайдалануы тиіс еді ғой. 
– Содан ары қарай не істедіңіз?
– Содан  Кітап палатасына бардым. Бұл палата – елімізде шығып жатқан барлық баспа өнімдерін,  кітаптарды, мерзімді баспасөз мақалаларын жинақтайтын бірден-бір  статистикалық орталық. Обалы не керек,  директоры жақсы-ақ қарсы алып, орынбасарына жібергенімен, өздеріндегі атқарылып жатқан  жұмыстарды баяндаудан аса алмады. Бір қызығы, дерек жинақтап беруші  библиограф ол үшін  менен  ақша дәметті. Қалтам жұқа болғандықтан мәліметтерді амал жоқ  саусағымдағы күміс жүзігімді шешіп  беріп  алғаным бар.  
Кітап палатасы жоғарыда айтқанымдай, барлық баспа өнімдерінің статистикасы қайнап жатқан үлкен тайқазан. Бірақ, сайттан оқтын-оқтын қарап отырғанымдай,  биыл әлі бір жылдық, тіпті бір айлық дерек жарияланбады. Бұл мәліметтер неге қолжетімсіз? Библиографтар әлі күнге дейін  ол деректерді ізденушілерге жеке сата ма, ол жағын да анық білмеймін?! Мүмкін, ол мекеменің өзін-өзі қаржыландырудың экономикалық бір көзі болар, ол жағын да білмедім. Қайткен күнде де, мемлекет еліміздегі барлық  баспа өнімдерінің сілтеме дереккөздерін ашық түрде қолжетімді болуына мүдделілік танытып, оны бақылауға алуы тиіс.  
– Тәжірибелі маман ретінде айтыңызшы,  қазір кітапхана саласында атқарылып жатқан жұмыстарға көңіліңіз тола ма?  
– Әрине, серпіліс бар. Әсіресе,  соңғы онжылдықта ауқымды тірліктер жүзеге асып,  материалдық жағдай да біршама өзгерді. Қазір  кітапханалар  белгілі бір деңгейде әдеби ортаға айналып  үлгерді.  Әйтсе де, кітапхана жұмысы тек әдеби сипат алып кетпей, ғылым мен технологияға арналған  еңбектерді де насихаттауға ден қоюы керек. Жақында белгілі бір жазушы ағамыздың  кітапханашыларға «ақын-жазушылар болмаса  сендерге де жұмыс жоқ, біздің шығармалар  болмаса, кітапхана қайдан?» деп өктемдеу сөйлеп тұрғанын көрдім. Бұл – таяз түсінік.  Кітапхана тек ақын-жазушылардың шығармасын  насихаттап  отыратын  жер емес.  Ол қоғамға, сұранысқа қажетті әдебиеттердің бәріне бірдей қарап, оны таратушы орта. Ал, біздегі жұмыстар  көбіне іс-шаралар  ұйымдастырумен, ақын-жазушылардың кітабын  насихаттаумен шектеліп, клубтың да міндетін атқарып отыр. Бір  технологтың, ғалымның кітапханаға барып,  кітабын таныстырып жатқанын көрдіңіз бе? Өкінішке қарай, ғылыми презентациялар өткізіп, жалпы әдебиетті бірдей насихаттаушы кітапхананы бүгінгі қоғам көріп отырған  жоқ.  
Бір жағынан, кітапхананы тек кітап сақтайтын  қойма,  кітапханашыны оқырманға сөреден кітап алып беруші техникалық қызметкер деп қана білетін, солай  қалыптасқан  көзқарас бар.  Бұған кейбір әріптестерімнің де кінәсі бар. Есімде, Түркістандағы ХҚТУ-ға алғаш шақырылғанда басшымыздың «Айналайын-ай, дипломы бар  кітапханашы да болады екен ғой,  біздегілер  бұл жерге үйдегі бітпей қалған  шұлығын тоқып кету үшін келеді» дегені бар еді. Расында, кәсібін сүймей, жұмысқа үйдегі күйбең мен  кикілжіңнен  демалу үшін  келіп кететіндер де бар.  Әсілінде кітапханашы кеңістіктегі атом молекуласы сияқты шашырап  жатқан ақпаратты, барлық баспахана өнімдерін, құжаттарды, фотодокументтерді, бәрін-бәрін шашауын шығармай жинап отыруы тиіс. Оны іздеп, тауып,  өңдеп, стандарттар бойынша анализдеп, синтездеп, халықаралық талапқа сай қорғап,  сақтаудың технологиясымен сөреге орналастырып,  тұтынушыға жеткізіп,  насихаттауға дейінгі барлық  жұмысты атқаруы керек. Мұның барлығы интеллектуалды біліммен  өнетін  жұмыс.  Индекстермен салаға сай бөлек орналастыру, пәндестіру, каталог жасауды бүгінде арнайы бағдарлама жасайды дегенмен де, оны меңгеру үшін де білім керек. Бұл жұмыстардың барлығы автоматты технологияның функцияларын орындап отыратын  жаңа біліктілікті қажет етеді. 
Мемлекет дамуына қажет нағыз ғылыми кітаптарды көпшілік  кітапханалар  алмайды. Осындай бағытта ізденетін оқырмандарды көбірек тартып, мамандардың өзі кітаптарды өңдеп, сауатты орналастырмаса  ақпарат та адасады. Міне, осы жерде кітапханашының біліктілігіне көп  нәрсе  тәуелді. Ақпаратты оқырманға дұрыс өңдеп, талдап, тек жұтуына көмектесе алмаған маман  ғылымды мешеу қылады.
– Кітапханашылардың кәсіби тұрғыдан «қартайып» бара жатқанына алаңдап,  газетке бұдан бұрын да бірнеше рет мақала жазған едік.  Қазір  кітапханашы болуға қызығатындар  көбейді ме?
– Жоқ, баяғы жартас,  сол жартас. Кітапханашы мәртебесінің төмен, жалақысының аздығы бұл мамандыққа жастарды отыз  жыл бойы жолатқан  жоқ. Бұрын  Шымкент педагогика және өнер институты мен Алматыдағы ЖенПИ жылына 150-дей маман  даярлап шығаратын. Бүгінде болашақ кітапханашыларды даярлайтын  оқу орны көбейгенімен,  оқитын жастар  жоқтың қасы. Мәселен, М.Әуезов атындағы ОҚУ кафедрасында алдыңғы жылы небәрі үш студент,  биыл  екі студент қана оқып жүргенін білемін.  Біздің кезімізде де кітапхананы бітіріп шыққан 150 маманның он шақтысы ғана осы салада жұмыс істеп, қалғандары саудаға немесе мұғалімдікті сырттай оқып алып, мектептерге кетті. 
– Сіздіңше, қазіргі қазақ  оқырманы қандай? 
– Қазір кітап оқу трендте.  Әрбір нәрсенің қайыры болатынын дүниежүзілік пандемия көрсетіп кетті. Кітап оқуға батыл  бетбұрыстар  жасалды.  Жастар  өзінің бағытын, талғамын қалыптастырып, оянып жатыр. 
Көптеген баспа үйлері, баспагерлердің жұмысы сұранысқа ие болып, кітап  сату ісі біртіндеп дамып келе жатыр. Міне, осы істің басында «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйінің тыңғылықты жұмысын айтар едім. «Қасым» баспа үйі,  «Мазмұндама»,  «Кітап ал», «Әлем буук» сияқты бірнеше баспа кітап шығарумен ғана айналысып қоймай, ол оқырман қолына тигенше жарғақ құлақтары жастыққа тимей еңбектенуде. Ақпараттық технологияның мүмкіндіктерімен насихаттау жұмыстарын параллельді жүргізулері жеміс беріп жатыр. 
Ал, кәсіби салаларда өткен ғасырдың соңында,  жаңа ғасырдың басында қазақша оқулықтар тапшылығы мен оқырман сұранысының жоқтығын жоғарыда айттым. Қазір медицина саласында оқулықтар түгел қазақшаланды. Он жылда айтарлықтай кітап  қоры қалыптасты. Қазіргі сұраныс тек қазақ  тілінде.  
Әрине, бұл мен  жұмыс істеп  жүрген саладағы өзгеріс. Жалпы,  қазақ оқырманы қандай деген сұраққа жауап беру меніңше, қиын.  Әлі де құндылықтарымыз бен  қызығушылығымыз материалды әлеммен байланысты. Ол үшін тағы бір буын  ауысуы керек сияқты. Оқырманның жетпіс пайызы әлі де ұйықтап жатыр. Саланы толық жандандыру үшін  әр адам өз ісінің жанашыры болуы аздық етеді, кітапхана қызметінің тамырына қан жүгіру үшін мемлекеттің қолдауы, нақты міндеттер, іс-шаралар аса қажет. Отыз бес жылын  кітапханаға арнаған маман ретінде түйгенім осы. 
– Мәселен, нақты қандай іс-шаралар қажет деп ойлайсыз?
– Өркениеті дамыған  Батыс елдерін айтпағанда,  ТМД елдерінің барлығында дерлік Кітапхана ісі туралы арнайы заң бар.  Бірақ,  біздің мемлекетте  бұл саланың ауқымды міндеттері мен  құқықтарына Мәдениет туралы заңның бір тармағы ғана арналған. Мәселен, Шымкенттегі «Гарант» аталып кеткен аялдама маңы қос бірдей іргелі оқу орны орналасқан, жастар көп шоғырланған аймақ.  Жатақханалар да жоқ емес.  Әрине, оқу орнының негізгі тауары – білім, ал, білім – кітапта. Осыны сезінген  Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ басшылығы биыл студенттерге арнап кітапхананы жөндеуден  өткізіп,  ғылыми-кітапхана мәртебесін берді. Сол сияқты жергілікті билік те жастарды білім алуға тәрбиелеу керек. Жаңағы «Гарант» дүкені маңында орналасқан  дүңгіршектер кітап-кофехана, кітап дүкеніне айналса, ата-аналары ақша салғанда немесе стипендиясын алған студент оны Қытайдың арзан тауарына емес, білім алуға жұмсар еді. Мейлі бір бұрышы асхана, майда-шүйде заттарға арналсын дейік. Шымкентте кітап саудасына басқа нүктеден  болмаса да дәл осы жерден сұраныс боларын қала әкімдігі де, жергілікті кәсіпкерлер де ойлануы тиіс. Бұл сауабы үлкен тірлік болмақ.  Ұлтының болашағын ойлаған әкім осыны қолға алады деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рахмет!  
 
Сұхбаттасқан  Дилара БИМЕНОВА,
«Оңтүстік Қазақстан».

3 пікір

  • Омирзахқызы Гүлзада
    Омирзахқызы Гүлзада

    Мақалада кітапхана саласының маңызды мәселелері жақсы қозғалған.Роза Сәтқызының кәсібіне деген адалдығы мен жанашырлығы ерекше көрініп-ақ тұр .Кітапхананың заманға сай өзгеруі, ғылым мен әдебиетті насихаттау қажеттілігі дұрыс айтылған. Балалар әдебиетіне назар аудару мен қазақша кітаптарға қолжетімділікті арттыру да өзекті мәселе. Бұл мақала сала мамандарына ғана емес, әрбір оқырманға ой салады.

  • Альмира Байдабекқызы
    Альмира Байдабекқызы

    Роза Сатовна өте білімді, іскер, әрдайым жаңалыққа ұмтылатын тұлға. Кәзіргі таңда ол кітапханашылардың жұмыстарына үлкен трансформация керектігін түсініп, осы бағытта ізденуде және еңбек етуде. Сізге еңбегіңіздің жана беруіне тілектеспіз.

  • Жарикбасова Гулжан Молдагалиевна.
    Жарикбасова Гулжан Молдагалиевна.

    Оте билмди.искер казак азаматы десем шатаспаспын. Билимге куштар киси оз билгенинокыган токыган билимди де биликти нагыз китапхана иеси...Казак халкынын рухани баилыгы мол болса ешкандаи киындыктар болса да белсенди урпактар биимди урпактар тарбиелеуде улеси зор деп есптеимин оз басым.Жане оте акконил меииримди жан.

Пікір қалдырыңыз