Есірткімен күрес ешқашан бәсеңдемеуі керек
Дәулет Тұрсынұлы,
«Оңтүстік Қазақстан».
«Күнделікті күйбең тіршіліктен шаршап жүрсеңіз, салыңыз суға кетпесін. Егер бізге жұмыс істесеңіз, біз сізге көмектесе аламыз. Бірақ, біздегі жұмыстың жауапкершілігі өте жоғары. Соған қарай ақшасы да қомақты. Ол үшін есірткі тасымалдап, тарату қажет. Оны өзіңіз қолданбайсыз, оны біз де қолданбаймыз. Біздің және сіздің міндет – жұмыс істеп, соған орай тиісті ақшаны алу. Ұсталып қаламын деп қорықпаңыз, біз сізді кез келген құқық қорғау органдарынан қорғап қаламыз. Тек барлық айғақ-деректерді өшіріп тастасаңыз болды». Әлеуметтік желілерден жарнамаға ұқсас осындай мәтіндерді көзіңіз шалған да болар. Әсіресе, жарнама тектес мұндай мәтіндер Telegram қосымшасында жиі жарияланады. Осы жарнама бойынша жұмыс істейтіндердің тірлігі да оңай емес. Өйткені, ол қосымшаға кез келген полиция қызметкері кіре алады. Ол сол жарнаманы оқып, арғы беттегі «жұмыс берушімен» де байланысқа шыға алады. Осыдан-ақ олардың заңға атүсті қарап, тіпті, құқық қорғау қызметкерлерінен ыға қоймайтынын аңғаруға болады.
Жасыратыны жоқ, алаяқтық бүгінде ақша табудың ең оңай жолына айналып барады. Ал, есірткі тарату арқылы пайда табу – алаяқтықтың ең сорақы түрі дер едік. Облыстық полиция департаментіндегі мамандардың айтуынша, қара немесе ақ орамға оралған бармақтай ғана ұнтақты бір жерге апарып жасырудың құны 2500-3000 теңгенің арасы екен. Ал, олар сізді жұмысқа бірден қабылдай алмайды. Ол үшін үш апта «білім жетілдіріп», арнайы сынақтан өтесіз. Мемлекеттік қызметке жұмысқа тұратын адам да бұлай жіті тексерілмесе керек.
– Жалпы есірткі тасымалдайтындарды әр нәрсеге тез әуестенетін, өз позициясы жоқ жандар деуге болады. Олардың арасында студенттер, жалғызбасты әйелдер және тұрақты жұмысы жоқ адамдар көп. Тіпті, мемлекеттік қызметкерлердің кездесуі де әбден мүмкін. Қазіргі заманда ақшаны керек қылмайтын адам бар ма?! Есірткі тарату қаншалықты қауіпті болса, оны тарату жұмыстары да өте қатаң ережемен жүргізіледі. Мысалы, қазір есірткі заттарын ешкім қолма-қол алмайды, оны арнайы қосымшадағы геолокция жіберу арқылы тауып алады. Мәселен, «Telegram» каналын алайық. Онда сіздің күнделікті қолданып жүрген чаттарыңыз бар. Соның біріне осы жарнама жылт етіп шыға келеді. Әуелгі кезде ат-тоныңды ала қашқаныңмен, мәтінді оқыған кезде ойланып қаласың. Ал, сол ой іске жетелейді. Оған қоса, оқытып-тоқытып, полициядан оңай құтқарамын деп тұрса, одан кім бас тартсын? – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Құрманбек Сақов.
Оның сөзінше есірткі тарату кәсібі бірнеше топтан құралады. Айталық, есірткі таратуға жаңадан қабылданғандарды «Тасымалдаушылар» деп атаса, олардың үстінен қарайтындарды «Күзетшілер» деп атайды екен. Мәселен, тарату үшін тасымалдаушыларға қанша мөлшерде есірткі берілді және ол қайда жеткізілуі керек, күзетшілер осының бәрінен хабардар болып отырады. Бұл кәсіптен пайда табамын дегендер ең алдымен «Telegram» арнасы арқылы тіркеледі. Сосын үш апта арнайы курс оқиды. Курс оқитындарға әжептәуір ақша да төленеді. Бірнеше жыл жұмыс істеген әккі тасымалдаушылардың шені де, ақшасы да өседі. Мұндай жұмысқа тұратындар алдымен тұрғылықты мекенжайын фото-бейнежазбаға түсіріп, жұмыс берушіге жібереді. Оның жеке куәлігі де алынады. Егер жаңадан жұмысқа орналасқан адам есірткіні өзі иемденбек болса, оның барар жерін басқа да ақпараттар арқылы оңай тауып алады. Сондықтан мұндай ұйымдасқан қылмысты тек арнайы жасақ пен құқық қорғау органдарының мінсіз жұмысы ғана тоқтатуы мүмкін.
Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда қоғамның дертіне айналған есірткінің таралуына байланысты ішкі істер органдарына қарата ащы сын айтқан болатын. Әлемді алаңдатып отырған есірткі бизнесіне, оның ішінде синтетикалық есірткі саудасына тоқталып, мұның балалар арасында тез таралып жатқанын да сөз еткен-ді. «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында да есірткіге қатысты қолданатын жазаны күшейту қажеттігін көтерді. Президент тапсырмасына байланысты түркістандық құқық қорғау органдарының қызметкерлері бүгінде тынбай жұмыс істеуде. Нәтижесіз де емес.
– Түркістан облысында есірткінің заңсыз айналымы және нашақорлыққа қарсы профилактикалық іс-шаралар қарқынды жүріп жатыр. Жалпы, осы жылдың 10 айында есірткінің заңсыз айналымына қатысты 530 дерек тіркелсе, 467 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 202 адам есірткі сақтағаны үшін, 34-і есірткі сату бойынша, ал, 170 адам есірткі контрабандасымен айналысқаны үшін жауапқа тартылды. Сонымен қатар 1 тоннадан астам есірткі заттары тәркіленіп, 4 есірткі зертханасының қызметі тоқтатылды. Сондай-ақ, мониторинг жұмыстарының нәтижесінде синтетикалық есірткі таратуға қатысы бар 115 ақпараттық сайт бұғатталып, есірткі жарнамасы бар 46 граффити анықталды, – дейді департаменттің баспасөз хатшысы Гүлнар Әбдіжаппарқызы.
Қалай айтсақ та, есірткімен күрес ешқашан да бәсеңдемеуі керек. Себебі, өндірушілер мен тасымалдаушылар оны саудалау үшін түрлі айла-шарғыларға барады. Оның жарқын айғағын облыстық полиция департаментінің жыл басынан бергі атқарған жұмыстарынан аңғаруға болады.