Сот төрелігінің сапасы артады

Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір конституциялық заңдарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңға қол қойып, сот саласын дамытуға серпін беретін жаңалықтардың енгізілуіне жол ашты. Осы жаңа заңға сәйкес, Астана қаласында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша үш кассациялық сот құрылатын болды.

Ал, кассациялық сот құрудың артықшылығы неде? Ең бастысы, бұл кассация өндірісіне түскен кез келген істің егжей-тегжейлі қаралуына ықпалын тигізеді. Өйткені, бұған дейін кейбір істердің бір судьяның пайымдауымен алқа қарауына жіберілмеуі азаматтар мен кәсіпкерлердің ренішін туғызған болатын. Жаңа өзгеріс сот төрелігінің сапасын және азаматтардың соттарға деген сенімін арттыруға ықпал етпек. Екіншіден, азаматтардың ұсыныс-талаптарын ескере отырып шешім шығаруға жол ашылады.
Осыған орай кассациялық істерді қарайтын судьяларға да талап күшейеді. Кассациялық сот судьяларының заңгерлік өтілі кемінде 18 жыл болуы керек. Ал, судьялық тәжірибесі кемінде 8 жыл болуы міндетті. Сондай-ақ төрағаның кемінде 10 жыл сот алаңында төрелік етуі, оның ішінде облыстық соттың судьясы лауазымындағы жұмыс өтілі 5 жылдан кем болмауы тиіс. Мұндай талап кассациялық сотқа неғұрлым тәжірибелі, кәсіби шеберлігі шыңдалған мамандардың таңдалатынын көрсетеді. Кассациялық сот Астана қаласында болғанымен, ол бүкіл республика көлемінде жұмыс істейді. Төменгі сот шешімімен келіспегендер бірден кассациялық соттарға жүгіне алады.

Дәуренбек ТҮЙМЕБАЕВ,
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі 
ауданаралық сотының жетекші маманы.

Пікір қалдырыңыз