Сәтжанов сыналатын кез
Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Бүгін Таиландтың Чиангмай қаласында бокстан Азия чемпионатының жалауы желбірейді. Бұл – ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжановтың құрама тізгінін қайта ұстағалы бері қатысқалы отырған алғашқы ірі жарысы. Оның үстіне бұл жарысқа әр салмақтағы бірінші нөмірлі боксшылар бара жатыр. Көшбасшы боксшылардың ішінде жарақатына байланысты бірлі-жарымы ғана ұлттық құрамаға көмектесе алмайды. Осылайша Қайрат Сәтжанов алғашқы ірі жарысында жоғары нәтиже көрсетуді мақсат етіп отыр.
Бас бапкер БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында осы жарыста жалпыкомандалық есепте топ жаруды көздеп отырғанын айтты.
– Азия құрлығында бокс өте қатты қарқынмен дамып келеді. Бұл жарыста басты қарсыласымыз Өзбекстан құрамасы екені түсінікті. Одан бөлек Қырғызстан, Моңғолия, Қытай және жарыс иелері Таиланд құрамасын есімізден шығармауымыз керек, – деді бас бапкер Қайрат Сәтжанов.
Бас бапкердің сөзінен аларымыз болмаса да, оған қосарымыз бар. Олимпиада ойындары мен әлем, құрлық чемпионаттарында олжа салып жүрген Үндістан, Иордания құрамаларының да әлеуеті мығым екенін ұмытпауымыз керек. Олардан бөлек кейінгі жылдары әуесқой, кәсіпқой рингте сәтті өнер көрсетіп жүрген жапониялық боксшыларды естен шығармағанымыз абзал. Қарапайым ғана мысал, 2022 жылғы Азия чемпионатының қорытынды кестесінде біз атаған құрамалар Қазақстан мен Өзбекстаннан кейінгі орындарға жайғасқан. Үндістан құрамасы Азия чемпионатын үздік үштікте аяқтаса, Иордания – төртінші, Жапония алтыншы орынды иеленген. Яғни біздің құраманың басты қарсыластары да осы елдерден келген боксшылар болмақ.
Азия чемпионатында ел намысын кімдер қорғайды? Енді соған тоқталайық. Ең жеңіл 48 келі салмақта 2023 жылғы әлем чемпионатының жеңімпазы Санжар Ташкенбай өнер көрсетеді. Шымкент қаласында өткен Қарақозы Әбдалиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде Санжар финалға дейін жеткен. Алайда, жартылай финалда алған жарақатына байланысты ақтық сынға шыға алмай қалды. Сөйтіп бас жүлде тағы бір әлем чемпионы Теміртас Жүсіповке бұйырған. Бұл салмақта бапкерлердің таңдауы жас боксшыға түсіпті. Әйтпесе, Теміртас Жүсіповтің тәжірибесі мол спортшы екенін бәріміз білеміз. Ол – осыдан 11 жыл бұрынғы Азия чемпионатында, 2021 жылғы әлем чемпионатында ел қоржынына алтын жүлде салған боксшы.
Одан кейінгі жеңіл салмақ 51 келіде Сәкен Бибосынов жұдырықтасады. Сәкен Шымкенттегі турнирде 54 келіде бақ сынады. Ол да жартылай финалда алған жарақатына байланысты ақтық бәсекеде өнер көрсете алмады.
Ұлттық құраманың тағы бір басты үміті Махмұд Сабырхан бұл жолы өз салмағы – 54 келіде бақ сынамақ. Махмұд та соңғы жарыста 57 келіде бақ сынап көрді. Алайда, ақтық сында Оразбек Асылқұловқа жол беріп қойды. Осылайша Таиландта 54 келіде Махмұд, 57 келіде Оразбек ел намысын қорғамақ. Жалпы, 57 келі салмақ дәрежесінде Оразбек Асылқұловқа тең келетін боксшы жоқ дегенді айтатындар көп. Махмұд Сабырхан Париж Олимпиадасының алғашқы айналымында жеңіліп қалғанда бұл әңгіме тіпті үдеді. Енді Қайрат Сәтжанов оны Таиландтағы Азия чемпионатында сынап көрмек.
Шымкенттегі халықаралық турнирдің тағы бір жеңімпазы Бейбарыс Жексен (60 келі) де ұлттық құрама сапында ересектер арасындағы алғашқы ірі жарысына қатыспақ. Олимпиада ойындарының қатысушысы Мұхаммедсабыр Базарбайұлын 63,5 келіде ығыстыратын боксшы әзірге табылмай тұр. Шымкенттегі турнирде Мұхаммедсабыр 67 келіде топ жарды. Ал, 63,5 келіде жеңімпаз атанған Ертуған Зейнуллинов Мұхаммедсабырмен осыған дейін бірнеше рет жұдырық түйістіріп, жеңіліп қалған. Осыны ескерген бапкерлік құрам Таиландқа Мұхаммедсабыр Базарбайұлының барғанын дұрыс деп шешіпті.
Ташкенттегі әлем чемпионатының алтын жүлдегері Дулат Бекбауов (67 келі) Таиландтағы құрлық додасында да ел намысын қорғамақ. Ұлттық құрама жанкүйерлерінің аса қызу талқысына түскен салмақ 71 келі болды. Бұл салмақта ел намысын Абылайхан Жүсіпов қорғамақ. «Сары құрлық» додасына жастар арасында үздік нәтиже көрсетіп жүрген Сабыржан Ақхалықовты апару керек еді дейтіндердің қатары қалың. Шымкенттегі турнирде бұл қос боксшы дәл осы салмақта финалға шыққан. Алайда, Абылайхан Жүсіпов рингке шығудан бас тартып, бас жүлде Сабыржанға бұйырған. Мұның мәнісі көпшілік екеуінің де Қарағанды бокс мектебінен шыққан боксшылар болуында жатыр деп шамалаған.
Осы турнирде нағыз бабында екенін көрсеткен Диас Молжігітов (75 келі) пен Ерасыл Жақпеков (80 келі) Таиландтағы додада бақ сынайды. Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Нұрбек Оралбай жарақатын емдеп жатыр. Ауыр салмақтарда аса өзгеріс жоқ. 2019 жылғы әлем чемпионы Бекзат Нұрдәулетов 86 келіде, түркістандық боксшы Сағындық Тоғамбай 92 келіде, Айбек Оралбай 92 келіден жоғары салмақ дәржесінде өнер көрсетеді.
Қазақстан құрамасымен салыстырғанда Өзбекстан құрамасы Таиландқа кілең жас боксшыларды апара жатыр. Тек 2019 жылғы әлем чемпионы Миразизбек Мырзахалықов (57 келі) пен 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, этникалық қазақ Мадияр Сайдрахымов (92 келі) бар демесеңіз, өзге салмақта жаңа есімдер. Өзбекстан сапында Париж Олимпиадасына барған боксшылардың арасынан тағы бір этникалық қазақ Тұрабек Хабибуллаев қана (81 келі) Таиландтағы жарыста бақ сынамақ.
Бастапқыда бұл жарыс Иордания астанасы Амман қаласында өтуі тиіс еді. Алайда, Таяу Шығыстағы саяси тұрақсыздыққа байланысты Азия чемпионаты Таиландтың Чиангмай қаласына ауыстырылды. Байрақты бәсеке бүгін басталып, 12 желтоқсанға дейін жалғасады.