Сөз зергерінің есімін ұлықтады
Жуырда А.Қалыбеков ауылдық округіндегі Б.Соқпақбаев атындағы жалпы білім беретін мектепте қазақ балалар әдебиетінің классигі, талантты жазушы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» деген тақырыпта салтанатты кеш өтті.
Биыл 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның атаулы күндер тізбесіне енгізілген сөз зергерінің есімін ұлықтап, шығармашылық еңбегін ел жадында жаңғырту мақсатында еліміздің түкпір-түкпірінде айтулы іс-шаралар өтіп жатыр. Сондай жиынның бірі – Мырзашөл төрінде өтуі бекер емес. Мақтаарал ауданы іріленген жылдары, атап айтқанда, 1999 жылы өңірде Қ.Сәтбаевтың атында үш мектеп бар еді. Осыған байланысты Қ.Сәтбаевтың атын өзгертуге тура келді. Шешуші сәтте білім саласының үздігі, осы мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары, марқұм Түймебай Қожахметов ағамыз білім ордасына жазушы Б.Соқпақбаевтың есімін беруді ұсынған болатын. Бұл бастаманы сол кездегі Үлгілі ауылдық әкімшілігінің әкімі, ақын-журналист Пердеш Есенбеков қолдап, тиісті құжаттарды дайындап өкім шығарды. Содан бері ширек ғасырдай уақыт өтіпті.
Енді, міне, Б.Соқпақбаев атындағы мектепте өтіп жатқан мерейтойлық жиынға жазушының қызы, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, аудармашы Самал Соқпақбаева, филология ғылымдарының докторы, профессор, күні кеше Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанған жазушы-ғалым, әдебиет сыншысы Құлбек Ергөбек пен Қазақстанның құрметті журналисі Жолбарыс Тілеуұлы, мемлекеттік қызмет саласының ардагері, ақын-журналист Пердеш Есенбеков қатысты. Рухани кеш осы округтегі Халық Қаһарманы, партизан жазушы Қасым Қайсенов атындағы мектептен бастау алды. Мұнда әдеби-сазды кеш өтіп, 6-8 сынып оқушылары «Менің атым Қожа» повесінен үзінділер оқыды. Кеш қонақтары Абай Пердешұлы атындағы қазақ тілі мен әдебиеті кабинетінде болып, Б.Соқпақбаевтың суреттері мен кітаптары қойылған көрмені тамашалады. Самал Соқпақбаева мектеп кітапханасына әкесінің кітаптарын тарту етті. Қ.Ергөбек өмірден жалындап ерте өткен Абай Пердешұлының рухына тағзым етіп, өзінің жаңа шығармаларын пән кабинетіне сыйлады.
Бұдан соң қонақтар Б.Соқпақбаев атындағы жалпы орта мектебіне келіп жазушыға арнап қойылған ескерткіш-бюстіні ашу салтанатына қатысты. Жүрек тебірентерлік қуанышты сәтте Самал Бердібекқызы толғаныспен былай деді:
Біріншіден, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен әкемнің 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО аясында атап өтіліп, бүкіл адамзаттың рухани байлығына айналғанына шексіз қуаныштымын. Бұл үшін Президентке алғыс айтқым келеді. Мерейтой жыл басында Қонаев қаласында бастау алды. Әкемнің туған жері Нарынқолда той жалғасын тауып, мұнда үлкен ескерткіш орнатылды. Алматыда және туған ауылы Қостөбеде көшеге, Нарынқолдағы орта мектепке аты берілді. Білім ордасында ескерткіш-бюст ашылды. Сондай-ақ, елордамызда «Менің атым Қожа» туындысының бас кейіпкеріне ескерткіш қойылды. Бүгінгі күні сонау шалғайда жатқан Мырзашөлде әкемнің атын ардақтап, мектепке ескерткіш-бюстін қойып, еске алу кешін өткізіп жатқан мектеп директоры Нұржамал Пірімбековаға және барша ұстаздар қауымына, білім шыңына ұмтылған жас өрендерге риза болып отырмын. Өмір шындығын шынайы суреттеп, оқырманның, соның ішінде балалардың сүйіспеншілігіне, махаббатына бөленген әкемнің туындылары жас ұрпақты тәрбиелеуге үлесін қосып келе жатқанына өте қуаныштымын, – деді ол.
Жиында ғалым-жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құлбек Ергөбек Бердібек ағаның балалық шағынан, шығармашылығынан сыр тербеді.
Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары Алтын Ешанқұлова, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қайрат Арап, жазушы-журналист Жолбарыс Тілеуұлы, ақын-журналист Пердеш Есенбеков және мектеп директоры Нұржамал Пірімбекова қазақ әдебиетінде ешкімге ұқсамайтын қайталанбас қолтаңба қалдырған суреткердің шығармашылығына тоқталып, асыл азаматтың есімін құрметпен еске алды. Жазушының қызы Самал Бердібекқызы әкесінің кітаптарын мектепке сыйға тарту етті. Кеш қонақтары мектеп оқушыларының концерттік бағдарламасын және қаламгердің кітаптары мен суреттері қойылған көрмені тамашалады. Жас өрендер «Менің атым Қожа» повесінен сахналық көріністер қойды.
Қазақ балалар әдебиетінің атасы атанған жазушының есімін әспеттеп, ұлықтаған мектеп ұжымының өнегелі ісіне ел риза болды.
Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ.
Мақтаарал ауданы.