Ол ұлттық киімдерді брендке айналдырғысы келеді

Баян Дарғожина,
«Оңтүстік Қазақстан».

Елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» сәтімен жүзеге асып келеді. Бұл құжаттың басты мақсаты – қолынан іс келетін азаматтарға қаржылай қолдау көрсету. Биыл аталған жоба аясында 93 қазығұрттық азамат жаңа бизнес-идеяларын іске асыруға өтеусіз және қайтарымсыз гранттар алды. Солардың санатында бүгінде өз кәсібін дөңгелетіп отырған Пернекүл Исақова да бар. Ол бағдарламаға көпбалалы ана ретінде қатысты. 32 жастағы Пернекүлдің алты ұл-қызы бар. Үлкенінің жасы 13-те болса, кішісі – төртте.

Былтыр қыркүйекте 1 млн. 380 мың теңге қайтарымсыз грант ұтып алып, авточехол тігу цехын ашқан Пернекүл Пердебайқызының тігін шеберханасына жуырда арнайы жолымыз түсті. Оның жалға алған бір қабатты ғимараты Қазығұрт кентінің орталық көшесі – Қонаев көшесінде орналасқан екен. Грант қаржысына жұмысқа қажетті тігін машиналарын, басқа да құрал-саймандарды сатып алып, кәсібін бастаған келіншек қазіргі таңда бес адамды жұмыспен қамтып отыр. Тәжірибелі тігінші Ф.Қалдықараева мен дизайнер-сәнгер Н.Сайбекова негізгі жұмысты атқарса, қалған  үш жігіт көліктен чехолға қажетті өлшемдерді алумен айналысады.  
– Әкем Пердебай ауданымызға танымал мықты тігінші болды. Авточехол, аяқ киім тікті. Отбасы-дағы алты ұл-қыздың ішінде әкемнің тігіншілік қасиеті маған дарыпты. Мектепте оқып жүрген кезімде, 9-сыныпта каникулда  Шымкент қаласындағы «Гауһар тас» тігін фабрикасына әпкеммен, әкемнің қарындасымен бірге барып жұмыс істедім. 10-сыныпты бітірген соң сол жерде бір жыл  бойы тұрақты  жұмыс істеп, фабрика басшысының назарына іліктім. Ол менің еңбегімді бағалап, үлкен қолдау көрсетті. Кейін тұрмысқа шықтым. Қазір алты балам бар. Жолдасым Талғат құрылыспен айналысады. «Гаухар тас» фабрикасында әскери киім, мектеп формаларын тіккенмін. Тіпті жекеменшік ательелерде костюм-шалбар тіккен күндерім де болды. Сондықтан балаларымның алды есейе бастағанда «осылай жүре бергенше, неліктен өз кәсібімді ашпасқа, қолымнан келеді емес пе?!» деген ой келді. Содан соң грантқа қатысуға ниет еттім. Алған бетімнен қайтпай, «Еңбек» кz. сайтында оқып, үміткер болып қатыстым. «Мансап» жұмыспен қамту орталығына алғысым шексіз, комиссия мүшелері оң баға беріп, грант бөлді. Бұл қаржыға авточехол тігетін арнайы төрт тігін машинасын сатып алдым. Чехолдан бөлек, ұлттық киімдерге тапсырыс қабылдаймыз. Қазақтың ұлттық киімдерінен бренд шығарсам деп армандаймын. Шапан мен сумка тігіп дүкенге қойсам деймін. Қазақстанда да Түркия тәрізді балалар киімдерін неге шығармасқа деп ойланып жүрмін, – деді Пернекүл.
Тігін шеберханасына «Айсара» деген атау беріпті. Ол ерекше қызының есімі. Сөзі де, өзі де пысық келіншектің ендігі арманы – үлкен фабрика ашу екен. «Гауһар тас» фабрикасы сияқты 180-  200 адам жұмыс істейтін кәсіпорын ашсам дейді. 
«Мансап» орталығындағы кәсіпкерлікті қолдау бөлімінің маманы Арын Ахмет Қазығұрт ауданында қайтарымсыз грант алған 93 тұрғын бар екенін айтты. «Бірінші лекте 43 адам өтті. Соның 40-ы есебін тапсырды. Үшеуі қаржысын мақсатты пайдаланғаны туралы есептерін уақтылы тапсыра алмады. Зерделеп анықтау мақсатында мониторингтік топ оларды жұмыс орындарынан таппады. Сол себепті олармен қаржыны қайтару туралы жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Грант алғандардың барлығы бірдей Пернекүл Исақова сияқты кәсібін 100 пайыз дөңгелетіп кетеді дей алмаймыз. Қаржыны алғаннан кейін үш айға дейін есеп беруі тиіс. Ал, қалған 50 адамның қаржысын игеру мерзімі әлі біткен жоқ. Қайтарымсыз қаржы мақсатты жұмсалса ғана қайтарымсыз. Егер өзі ұсынған бизнес жобадан тыс  мақсатта пайдаланылатын болса, демек, оның  мақсатсыз пайдаланылғаны» дейді А.Ахмет.
Қыркүйек айында Түркістан облысына жасаған сапары кезінде ҚР вице-премьері Т. Дүйсенова Қазығұрт ауданына барды. Сапар бағдарламасына өзгеше кәсіп иесі әрі жұмыс көлемі үлкен, яғни тапсырысы мол П.Исақованың цехы да енгізіліпті. Бірақ Тамара Босымбекқызы ол жерге баруға үлгере алмаған, сенімді өкілін жіберіпті. Бірақ Астанаға оралғаннан кейін өзі Пернекүлге қоңырау шалыпты. Бұл жөнінде кәсіпкер келіншек былай дейді: «Алдымен менен грант жайлы, оны қандай сайтта оқығаным жайында сұрады. Мен барлығын шынайы түрде айтып бердім. Содан кейін барып қана өз аты-жөнін айтып, еңбегіме сәттілік тіледі. Үнемі жұмыс барысымды қадағалап, қолдау көрсетіп, хабарласып отыратынын айтты».  
Әрине, мұндай қолдау жас кісіпкерге тосын сый болды. Көңілін көкке көтеріп шабыттандырды десе де болады. Соның нәтижесі шығар, Пернекүл өз алдына арман-мақсатты үйіп қойды. Енді соған жетуге талпынатыны анық. Несі бар, жастық жалыны мен ұйымдастырушылық қабілеті, бірбеткейлігі, ең бастысы, өз ісіне деген адалдығы оны әлі талай биіктерге жетелейтіні кәдік. Сөйтіп, Қазығұрт ауданындағы бизнестегі бикештер санаты тағы бір нәзік жанмен толыққанын біліп қайттық.
Пікір қалдырыңыз