Ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту – уақыт талабы

Баян ДАРҒОЖИНА,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қазығұрт ауданында тыңнан түрен салып, жақсы бір істердің бастамашысы болатын азаматтар аз емес. Міне, сондай жандардың қатарында аудандық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты Данияр Көбеев те бар. 

Ақпараттық технологиялар және қаржы бизнесі бойынша маманданған Данияр Әбдімүтәліпұлы жас та болса көп іске мұрындық болып келеді. Жоғары оқу орнынан кейін ол «ҚазМұнайГаз» құрылымында жұмыс істеді. Кейін туған ауылына қайтып оралып, отбасылық бизнес – «Serper invest» ЖШС-інің басшылығын қолға алды. Ковидтік пандемия басталған кезде өзінің тігін фабрикасында медициналық маскалар шығарды. Оның тігін фабрикасы негізінен мектеп формасын тігумен айналысатын. Жыл сайын қайырымдылық іс-шараларына қатысып, балаларды тегін киіндіреді. Әр қайырлы істің бір қайтарымы болатыны рас екен. 2021 жылы «нұротандықтар» арасында өткен праймеризде 94 адамның арасынан жоғары балл жинап, үшінші орынға шыққанында Даниярдың өзі қатты таң қалғанын жасырмайды. «Сол кездегі «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің көпшілігі мектеп мұғалімдері еді ғой. Мені жақсы танығандықтан олар маған дауыс берген болуы керек» дейді ол. Алайда, бір жарым-екі жылдан кейін мәслихат таратылды. Дегенмен, 2023 жылы қаңтарда мәслихаттың екінші шақырылымының депутаты болып қайта сайланған  Данияр Әбдімүтәліпұлы – бүгінде мәслихатта бюджет комиссиясының төрағасы. «Бұл – үлкен комиссия. Қаржылық білімім болғандықтан маған өзге әріптестерім  үлкен сенім артты. Шындығын айтқанда, біздің ауданда бюджет көп емес. Өндіріс орындары жоқтың қасы. Ал, бюджет солардың салықтарынан құралады емес пе? Басты салымшылардың бірі – «Нәрлен» серіктестігі» дейді халық қалаулысы. 
Облыс әкімі Д.Сатыбалдының бастамасымен 2023 жылы қазан айында  Түркістан облысының делегациясы Қытайға іскерлік сапармен барып қайтты. Делегация құрамына өңірдегі 5 ауданның әкімдері, кәсіпкерлер, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер болды. Делегация құрамына Қазығұрт ауданынан аудан әкімі А.Исмаилов пен депутат Д.Көбеев те кірді. Басты мақсат – инвестор тарту, елге жаңа технологиялар әкелу. 
– Біз Қытайдың шығысында орналасқан Шандунь  провинциясында болдық. Өзге қызығушылар болды ма, болмады ма білмеймін, Гаотанг округіндегі 10 мың адам жұмыс істейтін орасан үлкен зауытқа барғанда Shandong Shifeng Group LTD компаниясының өнімдері мені қатты қызықтырды. Ол ауыл шаруашылығы техникаларын шығарудан Қытайда  алғашқы бестікке кіреді екен. Негізінен трактор, комбайн, электромобильдер шығарумен айналысады. Қуатты өндіріс орны тауарларын 
50 елге экспорттайды. Атап айтқанда, Африка, Америка, Канада, Белоруссия елдерінің аграршылары техниканы негізінен осы компаниядан сатып алады. Соғысқа дейін Украина да сатып алыпты. Олар бізге Қазақстанмен де жұмыс істеуге ниетті екендіктерін айтты. Зауыттың бас  директорымен танысып, бірге суретке түстім. «Техникаларды алсақ, бағалары қандай?» деп сұрап, қызығушылық танытқанымды байқаған менеджері бірден менің телефон нөмірімді жазып алды. Бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Одан соң үш күннен кейін Гуанжоуға бардық. Ол жерде «Кантон көрмесі» дейтін үлкен көрме өтіп жатыр екен. Көрмеге Қытайдағы бүкіл зауыттардың өнімдері қойылған. Сол жерде әлгі менеджер мені бауырын көргендей құшақтай алды. Каталогтарын берді. Тағы да «бірге жұмыс істейік, техникаларды Қазақ-станға кіргізейік» деген ұсынысын айтты. Кейін елге келген соң да хабарластық. Бейнеқоңыраумен аудармашысы арқылы екі-үш рет сөйлестік. Дистрбьютерлік келісімге келдік. «Алдымен  бірінші партия техниканы ал» деді. Басында біраз техникаларын сатып алып, осында қызығушылық бар екенін көрсету керек екен. Содан кейін өздері осында зауыттарын ашуға жәрдем береді. Бірден келіп зауыт ашпайды. Тәртіп солай. Біз де соған орай әрекет жасаудамыз.
Елге келген соң әкем мен ағам зауытқа тағы барып, техникаларды өз көздерімен көріп, бірінші партиясына тапсырыс беріп қайтты. Тауарлар қазіргі уақытта елге жеткізілді. Алғашында 109 мың долларға олармен келісім шарт жасадық. Бастапқы жарналарын төледік. Отбасылық бизнесіміз үшін 5 трактор, бір жүк көлігі және ауыл шаруашылығына пайдаланатын өзге де құрал-жабдықтар алдық. Яғни қытайлық shifeng шағын тракторларды (шифенг) сынап көру үшін сатып алдық. Түркістан облысында мұндай техника жоқ. Аспалы жабдығы бар бес шифенг шағын тракторының екеуі жәшіктерде бөлшектелген түрде жеткізілді, – деді журналистерге берген сұхбатында Д.Көбеев.
Биыл мамыр айында Қазығұртқа Гаотанг уезінің мэрі бастаған Қытай делегациясы келді. Осы сапар барысында Гаотанг уезінің мэрі мен Қазығұрт ауданының әкімі екі өңірдің ынтымақтастығы туралы меморандумға қол қойды. 
«Serper invest» ЖШС-нің Сарапхана ауылдық округінде өндірістік базасы, ауыл шаруашылығы техникалары бар, онда малға түйіршіктелген жем-шөп өндіріледі. Сол өндірістік базаның бос нысандарының бірінде Қазығұрт шеберлері екі шифенгті құрастырып жинады. Бұл тракторлар әдеттегі МТЗ-80 тракторы айнала алмайтын шағын аумақтарға арналған. Яғни бақтарда, жылыжайлар мен аулаларда жұмыс істеуге ыңғайлы. Ықшамды, үнемді. Оған бекітілген соқа, тырма және тағы басқа толықтырулар – барлығы дерлік ауыл шаруашылығы жұмыстарын орындауға мүмкіндік береді. Пайдалану мерзімі – 10-15 жыл.
«Беларусь тракторының құны – 6 миллион теңге, ал, қытайлық шифенг – 2,9 миллион теңге. Қытай зауыты қазір бізге 28 трактор жібергелі жатыр. Енді соларды құрастырамыз. Оларды құрастыру үшін құрал-саймандар алу керек. Аудан әкімі бізге қолдау білдіріп отыр. Министрліктен рұқсат алу үшін құжаттар дайындаудамыз. Қазақстанда трактор шығаратын зауыт жоқ.  Егер алсақ, Қазығұртта ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыратын зауыт ашылады. Соған әрекет жасап жатырмыз» деді Данияр Әбдімүтәліпұлы.
Ол тракторларды кедендік ресімдеуге байланысты мәселелермен де бөлісті. «25 аттың күшіне ие бір шағын тракторды ресімдеуге – 370 000 теңге, ал, 95 ат күшіне ие тракторға  900 000 теңге жұмсалады» деді ол. 
Жас депутаттың, кәсіпкердің мақсаты – өңірдегі фермерлерді қолжетімді ауыл шаруашылығы техникаларымен қамтамасыз ету. Кеңес заманынан қалған ескі техникалардың уақыты әлдеқашан өтті. Оның ойынша, Қытайдағы зауыттардың өзінен тікелей қолжетімді техникаларды сатып әкелу көп проблеманы шешеді. Ал, шифенгтерді жинау бойынша өндірісті ұйымдастыру үшін  оның мамандары да, өндірістік орны да дайын. Ең бастысы, кәсіпкердің жоспары нық, мақсаты айқын.
Пікір қалдырыңыз