Өнеркәсіп саласында ілгерілеу байқалады

Өткен үш айда облыс кәсіпорындары 353 578,2 млн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 12,4 пайызға жоғары.

Өндіріс көлемінің өсуі облыстың 14 ауданында тіркелді, ал, Жетісай, Түлкібас және Шардара  аудандарында көрсеткіш деңгейі төмен.

Өнеркәсіп өндірісінің ең жоғары үлесі Созақ (60,4%), Сайрам (5%),  Төлеби (4,4%), Ордабасы (3,5%) аудандары мен Кентау (4,2%), Түркістан (3,7%) қалаларына тиесілі.

Қаңтар-наурызда уран және торий кендерін өндіру 13,4%-ға ұлғаюына байланысты өнеркәсіптік өндірістің индексі 114,1 пайызды құрады. 

Өңдеу өнеркәсібіне келер болсақ, жиhаз өндіру (63,5%), резеңке және пластмасса бұйымдарын шығару (56,4%), киім тігу (25,2%), кокс және мұнай өнімдерін өндіру (16,5%), металлургия өнеркәсібі (14,1%), машина жасау (13%), сусындар шығару (12%), өзге де бейметалл минералдық өнімдерді өндіру (10,4%), тамақ өнімдері (7,7%) есебінен өндіріс 8,4%-ға өсті. Ал, тоқыма бұйымдарын әзірлеу (18,5%), химия өнеркәсібінің өнімдерін дайындау (12,2%),  машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіру саласында (1,2%) көрсеткіштің төмендеуі байқалды. 

Электр  энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында электр қуатын өндіру өндірісінің өсуі есебінен (33%) өнеркәсіптік өндірістің индексі 125,7 пайызды құрады.

Қаңтар-наурыз аралығында сумен жабдықтау, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бағытындағы өнеркәсіптік өндірістің индексі 96,7 пайыз болғанын да айта кетейік.


Гүлжан НЫШАНБАЕВА, 

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының 

Түркістан облысы бойынша департаменті  өнеркәсіп және қоршаған орта статистикасы басқармасының басшысы.


Пікір қалдырыңыз