Солтүстікті оңтүстік қылып жіберген Усмановтар

Ерлан ҚУАНДЫҚ,
«Оңтүстік Қазақстан».

Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданының орталығы – Смирново ауылында «Шымкент» деген асхана бар. Оны сарыағаштық Әбдімүтәліп Усмановтың отбасы ашқан. Олар бұл өңірге 2017 жылы қоныс аударған екен. Оңтүстіктен солтүстікке ішкі қоныс аудару бағдарламасы аясында көшкен отбасы бүгінде теріскей өңірге әбден сіңісіп, жеке кәсібін дөңгелетіп отыр.

Аталған аудан орталығында 5 мыңнан астам тұрғын бар. Сарыағаштан келген жылы 53 жастағы Әбдімүтәліп Усманов 3 жыл 10 гектар алқапқа картоп егеді. Жері құнарлы аймақта гектарына 20 тоннадан астам өнім алып, Оңтүстіктен келген жүк көліктері арқылы Түркістан, Шымкент, Сарыағаш қалаларына картоп жөнелтіп отырыпты. Айтуына қарағанда, қомақты қаржы тапқан. Айтпақшы, мемлекет тарапынан үй алыпты. Екі жатын, бір қонақ күтетін бөлме, ас бөлмесі тағы бар. Қазір отағасы 60 жасқа келген. Жүрегі сыр беріп, ота жасатыпты. Ауыр жұмысты денсаулығы көтермеген соң егістікті қойып, жеміс-жидек дүкенін ашқан. «Көз қорқақ, қол батыр» деген рас дейді.  
– Бастысы, бейнет қылсаң, нәтижесі болады. Қай жерде жүрсең де, қандай жұмысты қолға алсаң да жемісін жейсің. Жер алып, картоп ектік. Оны барынша баптадық. Күш салдық. Маңдай тер төгілді. Құдайға шүкір, пайдасын көрдік. Ауылдан келетін жүк көліктері арқылы таныстардан картоп жөнелтіп отырдық. Кейбірімен келісіп басқа тауарға айырбас та жасадық. Нақты ақшасына да саттық. Тоқтап қалмадық. Осы жұмыстан тапқанымыз жеміс-жидек дүкенін ашуға мүмкіндік берді, – дейді отағасы Әбдімүтәліп Усманов.
Солтүстіктің бір жеңілдігі – мұнда бәсеке аз дейді. Содан болар, аудан орталығының жартысына жуығы сауданы осылардың дүкенінен жасайды. Дүкенде сататын жеміс-жидегін облыс орталығы – Петропавл қаласынан, кейін Ақмола облысының орталығы Көкшетаудың көтерме базарларынан арзан бағада сатып әкеледі екен. Айтпақшы, картоптан түскен пайдаға ГАЗель жүк көлігін сатып алған. Осы көлік бар игілігіне жарап тұр. Жергілікті тұрғындар дән риза. 
Ал, бәйбішесі Қымбат болса, «Шымкент» асханасында әрі аспаз, әрі даяшы қызметінде. Ас мәзірінде Шығыс тағамдарының түр-түрі бар екен. Сорпа, борщ, тефтели, голубцы, бифштекс, лағман, палау, мәнті, қуырдақ тұрғындардың күнделікті сұранысына ие. Ертесіне тамақ қалмайды, сол күнгі клиенттерден артылмайды. Қолының майлылығы болар, ауылдағы жұрт осы жердің тамағына үйір. 
– Сарыағаштан көшіп келдік. Кәсібіміздің бір белгісі ретінде асхана атауы ауылды еске салып тұрсын деген ниетте отағасының келісімімен «Шымкент» деп атадық. Өзім бар, қызым көмектеседі. Етті, басқа да азық-түлікті отағасы жеткізіп береді. Қолымыздан келген бар өнерімізді салып, ықыласпен тамақ әзірлейміз. Былайша айтқанда, үйдің дәмі, отбасының тіл үйірер тағамы келушілердің талғамы мен сұранысына сай келіп тұр. Клиенттер тек алғыс айтады, – деді Қымбат Усманова. 
Қызы Кәмила 28-де. Анасының іскерлігі мен әкесінің еңбекқорлығы бір бойынан табылады. Ата-анасына ұдайы қолғабыс көрсетеді. Отбасының табысы ұлғайған шақта қызына «Дөнер» сататын жеке сауда орнын ашып берген. Әкесінде жеміс-жидек дүкені, анасында асхана, қызында дөнер сату дүңгіршегі. Барлығы да «Шымкент» деген атау алған. «Солтүстікке толық үйреністік. Жергілікті тұрғындармен де тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қимылдаған адамға тіршілік жетеді» дейді қызы Кәмила. 
Түркістан өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына қоныс тепкен Усмановтар отбасының бүгінгі тіршілігіне ауылдағы ағайындары қызыға қарайды. Араларында көшу ниетінде жүргендері де жоқ емес. Жалпы, солтүстік өңірге көшу мәселесі мен мемлекеттен бөлінген квота туралы бұған дейін газет беттерінде жазғанбыз. Биылғы ондағы су тасқынына орай көшу барысы бәсеңсіп қалғаны айтылған. Жыл аяғына дейін мемлекеттік бағдарлама қаржысы әлі де игеріле бермек. 
Олай болса, ендігі жерде қоғамда еңбекқор адамдар жоғары бағаланады деген сенім бар. Оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған Усмановтар отбасын еңбекқор, нағыз бейнетшіл, үлгі алуға тұрарлық азаматтар қатарында атауға болады. Жұмыстың реті келмеді деп ауылында қол қусырып отырмастан, бұл да Қазақстанның бір аумағы деп, жүрексінбестен 2 мың шақырымнан астам жерді артқа тастап, теріскейге табан тіреді. Тәуекел етті. Қиындыққа шыдаймын, мойымаймын деп өзіне серт берді. Шыдамдылығы мен қажырлылығы арқасында мақсатына жетті. Солтүстікке сіңісті, бөтен елді жерсінді. «Еңбегі жанып, тоқтысы егіз туды».  

ТҮЙІН. Қазақта «Еңбек етсең – емерсің, Ерінбесең жеңерсің» деген қанатты сөз бар. Кешегі жұмыссыз жүріп қиналған шақтары артта қалған, қазір табысты кәсіпті жолға қойған Усмановтар солтүстікке көшіп келемін деушілермен өз білгендерін бөлісіп жүр. Олар мұнда тікелей «бизнес ашамын, жер игеремін, табыс табамын, мал көбейтіп аяққа тұрамын» деп келу керектігін айтады. «Оңтүстікте жұмыс таба алмай қиналып жүрген адамның солтүстікке келе салып, жұмысқа орналасып кетуі оңай шаруа емес. Мұнда еңбекақы төмен, күні суық, басқа да ескеретін тұстары жетерлік. Сол себепті іс ашамын, кәсіп бастаймын деп келуі қажет» дейді. Оған жағдай жасалған. Мұндағы бәсекелестіктің төмендігі де көңілге медеу. Өмір болған соң, адам басында қилы тағдыр болады. Сол тауқыметке мойымай, еңсесін түсірмей, керісінше жігерін жанып, рухын қайрап жетістікке жетіп жүргендер қатарында Усмановтар отбасы да бар. 
Пікір қалдырыңыз