ҮСЕНБАЙ ДАТҚА

Қоқан хандығы кезінде қазақ байтағына тырнағын батырып, ашкөздікпен ауыз салғаны белгілі. ХІХ ғасырдың басында Шымкент, Түркістан қалаларын жаулап алған олар, көп өтпей Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары жайлап жатқан Арал теңізінен Шу, Іле өзендеріне дейінгі аралықты бағындырды. Қоқан билігі жергілікті халықты уысында ұстау үшін басып алған жерлердің барлығына бекіністер салдырып, оларды өз өкілдері арқылы бақылап отырды. Әбден күшіне енген қоқандықтар көшіп-қонып жүрген қазақ руларына түрлі салықтар салып, халықтың әлеуметтік жағдайын тұралатып жіберді. Тіпті, қазақ азаматтары отаршылардың қарамағында әскери қызмет атқаруға міндеттелді...

Қоқан билігі өздерінің құзырындағы қазақ даласын уысында ұстап, мұндағы саяси жағдайларды бақылап отыру мақсатында биліктің тың құрылымын енгізді. Ірі қалаларға даруғалар,  кенттерге әкімдер тағайындады. Ал, осы шаһарлар мен қала тектес мекендерге қарасты өңірлерді датқалықтарға бөлді. Оларды датқалар басқарды. Жоғарыда аталған лауазымдарға тек өз адамдарын ғана бекітті. Кейіннен, яғни Қоқанды Омар хан билеген тұста датқалықтардың тізгіні қазақ ішінен шыққан беделді, елге сөзі өтімді тұлғаларға да беріле бастайды. Өйткені, әккі хан халықтан алым-салық жинауда, қажет кезінде ел ішінен әскер жасақтауда жергілікті тұлғалардың күшін пайдаланудың тиімді екенін білген. Тарихи деректерде айтылып жүргендей, сол тұстарда, оңтүстік өңірінде ХІХ ғасырдың басы мен орта шенінде 39 датқалық болған. Ал, қазақтан 80-нен астам датқа шыққан. Бұлардың арасында өздеріне берілген шен-шекпен үшін қоқандықтардың алдында құрдай жорғаламай, керісінше қарауындағы елдің мүддесі үшін өз басын қатерге тіге жүріп, отаршыларға қарсы тынымсыз күрескен қазақ датқалары көп болған. Өкінішке қарай, олардың басым бөлігінің есімдері өте сирек айтылады, тіпті, мүлде аталмай кеткендері де бар. Біз сөз еткелі отырған Үсенбай датқа да солардың бірі. 

Үсенбай Төлегенұлы шамамен 1777 жылы Түркістан маңындағы «Шоқтас» деген жерде туған. Үсенбайдың арғы атасы – тарихтан белгілі, сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген атақты Сүйіліш батыр. 

Үсенбай ұзын бойлы, ірі денелі, сөзге шешен, елдің ынтымақ-бірлігін сақтап, әділ билік жүргізген әрі жылқылы бай адам болған екен. Ол Әулие-атадағы Байзақ датқа Мәмбетұлы, Сыр өңіріндегі Жанқожа батыр Нұрмұхамет- ұлы секілді басқа да атақты тұлғалармен тығыз байланыста болып, олардың басқыншыларға қарсы күрестеріне астыртын қолдау білдіріп отырған. Сақадай сай әскері бар, билік тізгінін берік ұстаған Қоқан бектеріне қарсы ашық күресу соңына ерген аз ғана ел-жұртын өлімге айдағанмен бірдей екенін терең түсінген Үсенбай жаулап алушылардың көңілін тапқансыған сыңай танытқанымен, негізінен бүкіл жан-дүниесімен өз халқына қызмет етіп өткен. Түркістан маңын алып жатқан сансыз жылқыларын барын білетін Қоқан бектері одан әскерге қажетті ат алып тұрған. Бұған амалсыздан көнген Үсенбай кейіннен жаудың көзіне жылқыларының бір бөлігін ғана көрсетіп, қалғанын Қаратаудың күнгейі мен теріскей бетінің қуыс-қуысына жасырып ұстаған. Ол тау қойнауларына қайырмалап, басқыншылардың назарына іліктірмей жүрген осы жылқыларының арқасында жер-жерлерде бас көтеріп жатқан ниеттес ағайындарына, қандастарына материалдық көмек беруді мықтап қолға алған. Қазақтың бас көтерер батырлары мен датқалары Үсенбайдың бұл ниетін түсініп, оны қоқандықтарға қарсы ашық күреске шығуға шақыра қоймаған. Өйткені, мініс аттар мен қару-жарақ, азық-түлік секілді қажеттіліктермен шын пейілімен, өз еркімен қамтамасыз ететін Үсенбай секілді азаматтардың көзге көріне қоймағаны абзал еді. Ол Ташкент, Шымкент, Сайрам сынды қалалардан ұста-шеберлер алдырып, оларға жасырын түрде ер-тұрман, қару-жарақ жасатып, өзінің сенімді жігіттері арқылы күрес жолында жүрген қазақ жасақтарына астыртын жолдап отырған. Тіпті, өз қарауындағы жігіттерді мұздай қаруландырып, қазақ көтерілісшілеріне көмекке жіберген кездері де көп болған. Бірде Үсенбайдың бұл астыртын ісі Түркістандағы Қоқан хандығының өкілі, қала әкімі Беглербектің құлағына жетеді. Шаһар бегі бұған ашуланып, Шоқтаста отырған Үсенбайды алдына әкелуге шабарманын басшы етіп, он шақты сарбазын жібереді. Шаш ал десе бас алуға дайын Қоқан жігіттері аттарын омыраулатып, оның ордасын қаға-маға келіп тоқтайды да, бірі сыртта тұрып: «Ей, Үсенбай, сыртқа шық, сені Беглербектің алдына алып баруымыз керек» деп өзеурейді. Осы кезде ауыл жігіттері де жинала қалады. Тапа-тал түсте ордасының алдын шаңдатқан әумесерлердің қылығына шамданған Үсенбай үйінен шығып, бектің адамдарына тіл қатпастан, өз жігіттеріне оларды байлап тастауға белгі береді. Сол заматта Қоқан сарбаздары өздеріне бас салған қазақтарға лайықты қарсылық көрсете алмай, аттарынан аударылып түсіріледі. Барлығын жіппен матап тастайды. Іле оларды екеу-екеуден жұптап, бір-бірлеріне теріс қарата байлап, ат үстіне таңдырады да көліктерін екі-үш жігітіне жетектетіп, Түркістанға қарай жолға салып жібереді. Мұның соңы бір жамандыққа соқтыратынын сезген ауыл ақсақалдары Үсенбайға артық кеткенін ескерткенімен, пәлендей ештеңе дей қоймайды. Өйткені, әкімнің сарбаздарынан әбден жүректері шайлығып қалған ауыл тұрғындары: «Қоқан әскерін де осылайша байлап, ат артына теріс қаратып мінгізіп жіберуге болады екен-ау» деп бір желпініп қалған-ды. Ал, өзіне сенімді Үсенбай бір топ нөкерін ертіп, Беглербектің ордасына әлгілерден бұрын жетеді де, бектің қабылдауына кіреді. Іле екі жақтың жауаптасуы басталып кетеді. Бірінші сөз алған төрдегі әкім «Сөйле, Үсенбай, жүрісің қауырт, түсің суық қой. Көзіңе шайтан көрінді ме, не болды сонша?» деп кекете тіл қатады. 

Үсенбай іркілместен «Бегіміздің кісі шаптырып, шақыртуының себебін білу үшін қауырт жүріп келгенім рас. Ал, жылы өңімді суытқан сенің шабармандарың. Тал түсте үйімнің алдын шаңдатқан әңгүдіктеріңнің қылығы жүрегіме шаншудай қадалып тұр. «Үсенбай – менің құлым, оған барып не істесеңдер де рұқсат» деп жөн сілтеген бегіміз бұған не дер екен?» деп тоқтайды. 

Беглербек: 

«Әй, ақымақтар-ай, оларға сенімен сыпайы сөйлесіңдер деп едім ғой, жігіттерден бір қателік кеткен болар, олардың сазайын өзім беремін» деп жұмсара сөйлейді. 

Үсенбай: 

– Олар онсыз да сазайын тартты. Көргенсіз жігіттеріңді ат үстіне таңып, Түркістанға қарай беттерін түзеп жібергенмін. 

– Қалай?! Жеңімпаз сарбаздарымды жазалайтындай сен кімсің? – деп Беглербек ақырып орнынан тұрып кетеді. 

Бұған саса қоймаған Үсенбай: 

– «Бегімізге абырой әпермейтін сарбазсымақтардың сазайын тартқызғаным әбестік пе?» дейді. 

Сөзден тосылып қалған Беглербек ойын тез жинап алып: 

«Жүзбе-жүз кездескенде «бек» дейсіңдер, былай шыға білгендеріңді істеп, жауларыммен қолтықтасып кетесіңдер. Менің естуімше, әлгі өнбес іске бас болып, Қоқанның ноқтасын кигісі келмей кердеңдеген қазақтарға барыңды беріп болысады екенсің. Бұған не дейсің?»  дейді. 

Үсенбай: 

– Сұрағаныңды беріп отырған маған сенесің бе, әлде қайдағы бір өсекшілердің жел сөзінің ығына жығыласың ба?.. 

Беглербек аз-кем үнсіздіктен кейін ыңырана: 

– «Жарайды, саған сенейін, бірақ, менің жауларым сенің достарың екенін жақсы білемін. Абайла, әшкере болған күні тұқымыңды құртамын» дейді. 

Шын мәнінде, Үсенбайдың өз қандастарына барын сала көмектесіп жүргеніне, көтеріліс көсемдерімен тығыз байланыста екеніне Беглербектің дәлелдері көп еді. Бірақ, ол өз ханының қазақтың ішіндегі беделді, сөзімен де, ісімен де ықпалды адамдарды алдаусыратып ұстауға, оларға тым қатал қарамауға байланысты берген пәрменінен аса алмаған. Өйткені, елге сөзі қадірлі қазақтарды өздеріне тарта білмесе, өңірдегі дәурендері ұзаққа созылмайтынын Қоқан билеушілері терең түсінетін. Үсенбайдың әкім ордасынан еңсесін түсірмей шығуы сарайдағы лауазым иелерін таң-тамаша қалдырады. Өйткені, бәрі де қазақ байының тұтқындалатыны сөзсіз деп ойлаған-ды. Бірақ, жағдай басқаша өрбиді. Осыдан бастап Түркістан әкімі оның ізін аңдытып, қыр соңына тыңшыларын салып қояды. Мұны сезіп-біліп жүрген Үсенбай аса сақ қимылдап, оңтүстік өңіріндегі қазақтың айтулы адамдарымен қарым-қатынасын үзе қоймайды. 

Еліміздің оңтүстігін құзырына қаратқан Қоқан хандығы өздері жаулап алған жерлерге сарт-өзбектерді қоныстандыру саясатын жүргізген. Ондағы мақсаты жергілікті қазақтардың әлеуметтік-экономикалық және саяси ықпалына бәсекелесетін балама күш қалыптастыру еді. Осы саясаттың себебімен Созақ даласына да қазақтар «сарт» деп атап кеткен өзбектер қоныстандырылды. Олар Созақ қаласына, сондай-ақ Қаратаудан бастау алар ірілі-ұсақты өзендердің бойына көшіріліп апарылды. Бұл өзендердің бойында тассыз, қара топырақты әрі тың, егін егуге ыңғайлы ашық алаңқайлар көптеп кездеседі. Міне, осындай жерлерге табан тіреген өзбектер қоқандықтардың аз болса да сүйенішіне айналды. Бұл қалыптасқан ахуал қазақтар үшін тиімсіз болды. Себебі, бастауын Қаратаудың теріскей бетінен алатын Торлан, Балдысу, Жылыбұлақ, Суындық, Қарақұр, Тау шаға, Алтын тау, Раң секілді өзендердің бойын еркін жайлап жүрген жергілікті халық Қоқан билігі тарапынан бірқатар шектеулерге тап болды. Мұның бәрі тек Созақ қазақтарын ғана емес, күнгей беттегі, яғни Түркістан қаласы маңын мекендеген, жайылым алқаптары күн сайын тарылып бара жатқан ағайынды да ойлантумен болады. Өйткені, олар үйір-үйір жылқыларын, уақ малдарын құнарлы келетін қуаң шөпті Созақ даласына жаюды көксейтін. Бірақ, қолдың қысқалығы оған мүмкіндік бермейді. Осы қарсаңда Қоқан хандығы біршама қиындықтарды бастан өткеріп жатыр еді. Сыртқы күштермен соғыстар, ішкі бас көтерулер хандықтың іргесін шайқалта бастаған-ды. Соған байланысты хандық тарапынан жергілікті халық арасындағы сөзі өтімді, беделді адамдарға шен-шекпен үлестіріп, өздеріне тартып, солар арқылы ел ішіндегі ықпалын сақтап қалу амалын кеңінен қолданды. Тіпті, реті келгенде Қоқан әкімдері мен бектері қазақ руларымен қыз алысып, қыз берісіп, құдандалы болу мәселесіне де назар аударды. Өйткені, қазақ ұлтының құдалық жағдайындағы қарым-қатынасқа зор мән беретінін, мұның ішкі тұрақтылықты сақтауда өзіндік орны болатынын жақсы білетін. Сол тұста Ташкент құшбегі тарапынан Үсенбайға датқа шені беріледі. Оны бұл дәрежеге Түркістан әкімі Беглербек ұсынады. Қоқан хандығына деген көзқарасының жақсы емес екенін қала әкімі біле тұра, Үсенбайдың аталған лауазымды алғанын қалайды. Себебі, Беглербекке оның мүлде теріс қарап кетпеуі аса қажет болған. Беделі бұрынғыдан да өсе түскен Үсенбай датқалықтың мөрін алған соң өз қарауындағы елдің өрісін кеңейтуді ойлап, Қаратаудың теріскей бетіне, яғни Созақ даласына ойысуды көздейді («Үсенбай датқаның тайшығы «221» деген жазу бар бұл мөр Қарақұр ауылының тұрғыны Жеңіс Қасымқұловтың үйінде сақталып келген). Бұл үшін Қоқан билігінен арнайы рұқсат керек еді. Ал, Үсенбайдың Түркістан маңынан ұзап, Теріскей асып кетуі Қоқан өкілдеріне қолайсыз болатын. Шынында, биліктің иегі астында жүрсе де өзінің жан қалауын іске асырып жүрген датқа Созақ даласына өтіп кетсе, Қоқан хандығына қарсы күреске шыққан қазақ тұлғаларымен алаңсыз, еркін байланысқа түсетіні сөзсіз еді. Сол кездерде датқаның Ханымбибі атты ақылына көркі сай немере қарындасына Беглербектің көңілі ауып, сөз салады. Қыз да Қоқан хандығы өкілінің ұсынысын бөтен көрмейді. Қарындасының меселін жығуды жөн көрмеген Үсенбай екеуінің қосылуына кедергі келтірмейді. Көп ұзамай Беглербек қазақтар жағын құдалыққа шақырады. Ханымбибі төркін жұртының адамдарын Үсенбай ағасының басқарып келуін сұрап, еліне кісі жібереді. Содан Түркістан әкімі қонақтарына барынша құрмет көрсетіп, лайықты деңгейде күтіп алады. Екі жақ та бір-бірлеріне көңілдері толып, алыс-беріс жасалып, ақырында тарқасатын сәт те келіп жетеді. Беглербек қайынағасына құрметін білдіріп, оның алдына үш ақбоз атты көлденең тартады. Сонда қоқандық күйеу балаға Үсенбай: 

– Пейіліңе рахмет. Өзімнің де аяқ артарым жеткілікті. Одан да маған теріскейдегі Қарақұр өзенінің бойына және оның шығысы мен батысына қоныстануыма рұқсат бер, – дейді. Датқаның әлгі өзеннің шығысы мен батысын қоса сұрауында үлкен мән бар еді. Өйткені, Қарақұрдың екі жағындағы Алтын тау, Раң, бұрынғы атауы белгісіз, қазір Тау шаға деп аталатын өзендерді де қамтып қалуды көздеген. Мұндай мәселені өзінен жоғары тұрған хан арқылы шешу қажеттігін жақсы білетін Беглербек қайын жұртының алдында төмендегісі келмей, келісімін береді. Оның үстіне Ханымбибі де ағасының тілегін жерге тастамауды сұрағандай, күйеуіне ишарат білдірген деседі. Сол сәтте қыз ағасына қарап: 

– Сіз келгелі бері ағалығыңыз үшін қандай сый көрсетерімді білмей жүрмін. Не тілегіңіз бар, айтыңызшы, – дейді. 

Үсенбай: 

– Ниетіңе рахмет. Ештеңе керек емес. Қалағанымды алып кетіп барамын, – дейді. 

Сонда Ханымбибі: 

– Теріскейге барғанда ордаңызды тігетін қолайлы бір жер таңдасаңызшы. Ағалығыңызға алғыс ретінде соны бергізейін, – деп күйеуіне наздана қарайды. Бұл ұсынысқа не дерін білмей қалған Үсенбайға серіктері: 

– Қарындасыңыздың айтқаны жөн. Бізден кеңес сұрасаңыз, Созақ қамалы мен Қарақұр өзенінің ортасындағы өзіңіз талай көрген, бұрқылдаған бұлақтары көп, үсті жазық төбені таңдаңыз. Сол араға ордаңызды тігіп, еліңізге ағалық жасап отырыңыз, – дейді. 

Көп ұзамай, шамамен 1837 жылы Үсенбай датқа өзіне қарасты елді күнгейден теріскейге, яғни Қарақұр өзенінің бойына көшіріп әкеледі. Өзі әлгі бұлақты төбенің үстіне жайғасады. Кейіннен бұл жер «Ағалық» аталады. Бүгінде оны жұрт «Ағалақ» деп кеткен. Жоғарыда айтып өткеніміздей, датқаның бейіті дәл осы жерде орналасқан. 

Үсенбайдың Созақ өңіріне көшіп баруы қазақтың бірқатар руларына айтарлықтай жеңілдік әкелді. Өйткені, Түркістан маңында малына өріс іздеген әрі Қоқан әскерлерінің көз алдында жалтақтаған рулар датқаны сағалап барып, Қаратаудың теріскей бетіндегі өзендерді бойлай жайғасты. Датқа өзінен жер сұрап келген қазақ руларының ешқайсысының да бетін қақпаған. Қайта, керісінше олардың айналасына көптеп келгенін қалайды. Ниеті ақ, мырза көңілді Үсенбайды пана тұтқан қазақтардың арасында, әсіресе, жоқ-жұтаңдар көп болған. Қазіргі таңда Созақ жерінде «Тау шаға», «Бала шаға», «Шаға» деген жер-су аттары кездеседі. Бұлардың осылай айтылуының өзіндік сыры бар. Датқа өзінен қоныстануға жер сұрай келген ағайындарына: «Бала-шағаның несібесі ғой. Барыңдар да жайғасыңдар» деп жолға салып жібереді екен. Содан келіп, теріскейде бірқатар жер «Шаға» сөзімен байланыстырыла аталып кеткен («Шаға» сөзі парсы тілінен енген, оның қазақша мағынасы «бала», «сәби» дегенді білдіреді. – Ж.Б.). 

Осы арада ерекше бір тоқтала кетер жайт, Үсенбайдың Созақ даласына қоныстануы шын мәнінде бұл жерлерді Қоқан хандығынан азат етуге алғышарт жасап берді. Өйткені, кезінде жаулап алушылардың күшімен орналасқан сарт-өзбектер Қаратаудың күнгейінен келіп қоныстанған қазақ руларының тарапынан ысырылып, қайтадан Түркістан маңына ауа көшеді. Оларға Қоқан билігі тарапынан жартымды қолдау бола қоймады. Бүгінде Созақ ауылында жасап жатқан өзбектер сол заманда тау асып көшуге жағдайлары келмеген соң лажсыздан қалып қойған өзбек жатақтарының ұрпақтары деген сөз бар. Мұны шындықтан алшақ дей алмаймыз. Бұл қалыптасқан жағдай Қоқан хандығының Созақ өңіріндегі ықпалын әлсіретіп жібереді. Сол замандардағы оқиғаларды біршама білетін қариялардан естігеніміздей, ХІХ ғасырдың ортасында, шамамен 1841 жылы Созақ қамалы үшін болған соғыста Кенесары хан жергілікті халықтан барынша қолдау тапқан. Әрине, мұның бәрі Үсенбай сынды тұлғалардың Қоқан билігін  әлсірете түсу мақсатында жылдар бойы талмай жүргізген нәзік саясатының бір көрінісі еді. 

Созақтық ақын, датқаның тікелей ұрпағы, бүгінде дүние салған Ескермес Жақсымбетов: «Атамыз бүкіл Түркістан өңірі мен Арқа еліне танымал, сыйлы болған. Әсіресе, Ақмола дуанбасы, белгілі Ерден би Сандыбайұлы, Ақсақ төре, арғын Ағыбай батыр және бірқатар найман, тама билері оның сөзін жерге тастамай, қадірлеп өткен екен»   дейді. 

Үсенбай ата 1865 жылы 88 жасында Созақ жерінде қайтыс болған. Сүйегі Созақ және Қарақұр ауылдарының ортасындағы Ағалақ деген жердегі биіктеу, үсті жалпақ, әр тұсынан бұлақтар саулаған, қалың шилі төбешікке өзі тірі кезінде салдырған кесенеге қойылған. Осыдан біраз бұрын атаның ұрпақтары кесенені жаңғыртып, еңсесін қайта көтерді. Бүгінде Созақ ауданы, Қарақұр ауылының орталық көшесі Үсенбай датқа Төлегенұлының есімімен аталады. 


Жолдыбай БАЗАР,

журналист.

Пікір қалдырыңыз