Өзіңде өткен бір күнім...
Күнде таңғы алтыда радиодан берілетін Әнұранмен қатар оянамын… Осы уақытта қарт Қаратаудың төбесінен арайланып таң бозарып келе жатады. Алтын күннің нұр шұғылалы шуағы жан-жаққа шашырайды. Бойға қуат, сезімге жігер сыйлайды. Қазақ елінің Әнұранын масайрап тыңдап жатқанда шағын ауладағы өзім жатқан тапшанның үстіңгі жағына қонақтаған қарлығаштардың тамылжыта сайрауы ұйқымды ашады. Күнде жатар алдында алуан түрлі ертегілер айтып ұйықтататын апам да ол кезде орнында болмайды. Өріске ерте шығатын екі қара ала сиырды сауып отырады. Таңғы мүлгіген тыныштықта шелекке құйылған сүттің дыбысы да анық естіледі. Кеңістігінде бір шөкімдей бұлты жоқ көгілдір аспанға қарап ұзақ жатамын. Апам сиырларды өріске айдау үшін мені орнымнан тұрғызады.
Ал, мен болсам жылы төсекті қимаймын. Көрпемді басыма бүркеніп, ұйықтап жатқан адамның кейпін танытамын, жасанды қорылға басамын. Бірақ, апамды мұнымен алдай алмайсың, міне, айтқанымдай жаныма келіп, басымдағы көрпені ақырын ысырып, маңдайымнан иіскеді. Сосын, «Арын, Арынжан, тұра ғой, балам. Сиырларды өріске айдайтын уақыт болды» дейді. Ұйқымды аша алмаған кейіпте аунақши беремін…
– Бол, тезірек тұр енді. Өрістен кешігіп қаласың. Тұр, қане. Сен осы үйдің бас иесі емессің бе? Мен сен келгенше сүтті қазанға пісіріп, қаймағын саған сақтап қоямын, – дейді апам жанымнан кетпей. Басқасы басқа, даладағы ошақта, кәдімгі қара қазанға пісірілген сүтті, бетіне қалқып тұра қалатын қаймағын жақсы көретінім рас.
Сонымен, орнымнан еріксіз тұрып, алдымен енелерін солқылдатып еміп жатқан екі бұзауды ажыратып аламын. Қара есегіме жайдақ мініп, екі сиырды алдыма салып өріске қарай айдай жөнелемін. Артымнан үйдегі қара ит – Құтжол ілеседі. Осылай бір үйден он бір жасар қара бала (мен ғой), қара есек, қара ит, оған қоса екі қара ала сиыр бірге шығамыз. Осы кезде шағын ауылдың төңірегі азан-қазан болады – мөңіреген сиыр, маңыраған қой-ешкі, аңыраған есек, үрген ит… Қара жолдың шаңын шығарып сиырлар топтаса қалатын «Қызыларық» каналының басына жетемін. Падашы келген сиырлардың бас-аяғы жиналғанын күтеді. Мен де оған малды тапсыра сала, ауылдың қыр жақ беткейіне көтеріліп, есегімді арқандаймын. Ал, мұндайда Құтжол менен өлсе қала ма? Биік жотаға шыққан соң, қара есегімнің қазығын мықтап қағамын. Өзім жоғары шығып, биіктен ауылдың таңғы көрінісін тамашалаймын.
Ауылды қоршай ағып жатқан ерке Арыс алыстан тым әдемі көрінеді. Су беті күнге шағылысып, айнадай жарқырайды. Оған жауын құртына ұқсаған шағын Қарасу өзені бір бүйірінен қосылып жатыр. Қос өзеннің тоғысар тұсында ұсақ малдар көп. Әне, ауылдың күре жолын қақ жарып, қалаға қатынайтын автобус зырғып барады… Ерсілі-қарсылы жүріп жатқан ауыл адамдарының сұлбалары ұзақтан мұнартып, құмырсқадай көрінеді. Ауылдағы үлкен қарияның бірі – Төрехан ақсақал да биесін арқандауға келіпті. Жасы сексеннен асса да әлі бай-қуатты, жүрісі ширақ. Орнымнан атып тұрып сәлем бердім. Ата жаныма жайғасты. Екеуміз жота басында ауыл келбетіне бірге сүйсіне қарап, біраз отырдық. Түрлі тақырыпқа сөз қозғап, уақыттың жылдам өткенін байқамаппыз.
Орайы келгенде «Ата, бізде мақта өспейді, ауыл неліктен Мақталы аталған? Ауыл тарихы қай кезден басталады?» деп сұрадым. Жауап қатуға асықпады. Шамалы үнсіздіктен соң қарлығыңқы даусымен әңгімесін бастады.
– Біздің ауыл қазан төңкерісіне дейін шашыраңқы жағдайда тіршілік кешкен екен. Бүгінгі Мақталыда негізінен Ресейдің ішкі аймағынан келген қара шекпенділер тұрыпты. 1920 жылы большевиктердің көсемі Лениннің жер туралы декретіне сай, құнарлы жерде тұрып жатқан орыстар оны жергілікті тұрғындарға беруге мәжбүр болған. Келімсектердің зорлық-зомбылығына әрең шыдаған ата-бабамыз оларды сол кездегі саясатпен, көнбеген жағдайда күшпен қуып шыққан. Содан қыр-қырда, сай-салада көшіп жүрген қазақтар орыстардан босаған үйлерді бөліп алып, қоныстанады. Маңайдағы шашыраңқы «Төбелдірік», «Қаратоғай», «Көктерек», «Керейт» деп аталған шағын ауылдар өзара бірігіп, колхоз болады. Осы жауапты кезеңде ерекше көзге түскен саяси сауатты, орысшаға жүйрік Мырзақұл, Махан деген кісілер елге пана болып, қарапайым халықтың ұйымдасып, бірлесе еңбек етуіне еңбек сіңірген. Әйтсе де, туған елі, қасиетті жері үшін әділетсіздікке қарсы шыққан есіл азаматтар кейін қуғын-сүргінге ұшырап, жер аударылып кете барады. Ал, ауыл еңбеккерлері мақта өсіріп, жоспарды асыра орындағаны үшін 1935 жылы Мақталы атауы жүк машинасымен сыйлыққа қоса беріліпті. Алғашқы жүргізушісі Қауға Сандыбаев деген азамат болыпты. Кейін ол кісі соғысқа аттанып, әлгі машинасын колхоз кеңсесінің алдына қойып кетеді. Бірақ, өзі соғыстан оралмапты. Иә, соғыс ешкімге оңай соқпаған. Жастар үлкен кісілермен бірдей колхозда еңбек етсе, әйелдер мен қыздар майдандағы жауынгерлерге киім-кешек, тамақ жөнелткен. «Мақталы» колхозын Әсілбай Балданбаев ұзақ жыл басқарған. Ол ата-бабамыздың маңдай терімен, қажыр-қайратымен құрылған ауыл, – деді қария.
Қалың ойдың шырмауында ұзақ отырыппын. Тұңғиық сезімге берілгенім соншалық дұрыс қоштаса да алмаппын. Бір қарасам, ақсақал жотадан алыстап кетіпті. Құтжол екеумізден басқа ешкім жоқ. Үйге келсем апам қара қазанын ошақтан түсіріпті. Қаймақты сүтті кесеге құйып, күтіп отыр. Тәтті қаймақпен тарихы терең ауылды тағы бір еске алдым. Жасыл желекке көмкерілген Мақталы ауылының төл тумасы болғаныма бойымды қуаныш кернеп, байрағы көкте желбіреген тәуелсіз Қазақстан үшін кеудемде мақтаныш сезімі алаулағанын аңғардым.
Бұл менің кіндік қаным тамған қасиетті атамекеніме деген оттай шексіз перзенттік махаббатым болатын. О, туған жер, сенде өткізген бір күніме не тең келеді, оған баға жетер дейсің бе?
Орынтай КӨМЕКОВ.
Түлкібас ауданы.