Азаттықтың алтын қазығы

Мемлекет басшысы Республика күніне орай өткен салтанатты жиында сөз сөйледі. Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті. Президент еліміздің Егемендігі туралы декларация қабылданған күнді қасиетті Тәуелсіздігіміздің бастауына балады.

Мемлекет басшысы өз сөзінде болашаққа сеніммен қарайтын ұлт қана табысқа жете алатынына назар аударып, өмір болған соң түрлі қиындық та кездесетініне тоқталды.
– Еліміз таңдаған даму жолынан ешқашан айнымайды. Мұны биылғы табиғи апат кезінде тағы да дәлелдедік. Алапат тасқын, шын мәнінде, еліміз үшін зор сынақ болды. Қаншама елді мекенді қарғын су басты. Қазақстанның 10 аймағында төтенше жағдай жарияланды. Мыңдаған адам баспанасыз қалды, мал-мүлкін жоғалтты. Күрделі сәтте менің халыққа арнайы үндеу жариялағанымды білесіздер. Онда бір де бір адам ескерусіз қалмайтынын нақты айттым. Мемлекет сол уәдесін орындады. Қысқа мерзім ішінде 2700-ге жуық үй салынды. Баспанасын қалпына келтіру үшін 9 мыңнан астам отбасына өтемақы берілді. Сондай-ақ 6 мыңға жуық үй сатып алынды. Жаздан бері мыңдаған отбасы қоныс тойын тойлады. Мемлекет бүлінген инфрақұрылымның көпшілігін аз уақытта қалпына келтірді, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұның бәрін қоғамның бірлесе атқарған жұмысының нәтижесі деп бағалап, апат салдарын жоюға атсалысқандарға, әсіресе, құтқарушыларға, еріктілерге, кәсіпкерлерге және басқа да жанашыр азаматтарға алғыс айтты.
Біз елімізде жан-жақты реформаларды жүзеге асырып жатырмыз. Бұл – ең алдымен, халқымыздың тұтастығы мен бірлігінің арқасы. Себебі, біз таңдаған жол – өркендеу мен даму жолы. Бүгінде оның жемісін барша азаматтарымыз көруде, – деді Мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдарына сәйкес ауқымды жұмыс атқарылып жатқанына тоқталды.
– Отандық кәсіпкерлер елдегі маңызды жобаларды жүзеге асыруға белсене атсалысып келеді. Олар мектептер, ауруханалар және басқа да әлеуметтік нысандар салып жатыр. Сондай-ақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамытуға инвестиция құйып, қайырымдылық бастамаларды қолдап жүр. Бұл – мемлекет пен бизнес арасындағы жасампаз серіктестіктің, бизнес өкілдерінің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын көрсеткіші, – деді Президент.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Үкімет пен әкімдердің тікелей міндеті – бизнес-қауымдастыққа жан-жақты қолдау көрсету, кәсіпкерлермен тығыз қарым-қатынас жасау екенін айтты.
Мемлекет басшысы ғылымы және техникасы дамыған елдердің әлем көшін бастап тұрғанын тілге тиек етіп, осы үдерістен қалмау үшін технократ ұлт болуымыз қажет екенін алға тартты.
Президент бір-бірімізді қолдап, биік мақсаттарға ұмтылатын бірлігі мықты ел болсақ, көк паспортымыз да мықты әрі қуатты болатынын айтты.
– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорытындылай келе, Қазақстанның жетістіктері барша халқымыздың ортақ табысы екенін атап өтіп, ұлық мейрам – Республика күніне орай елімізді дамытуға орасан зор үлес қосып жүрген бір топ азаматқа жоғары наградаларды және Мемлекеттік сыйлықты салтанатты түрде табыстады.
Жиында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған тұлғалар – Президент жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев, Қарағанды облысындағы «Шахтерское» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Георгий Прокоп, сондай-ақ Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Құлбек Ергөбек, «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері», «Ұлттық ғылыми медициналық орталығы» акционерлік қоғамының бас директоры Абай Байгенжин, «Шапағат» медалінің иегері, «Haileybury Astana» мектебінің қазақ тілі пәнінің мұғалімі Озода Маннопова сөз сөйледі.
Пікір қалдырыңыз