Отандық өнім өндірісті өрге сүйрейді
Пернебай Сапар,
«Оңтүстік Қазақстан».
Алғаш тәуелсіздік алған жылдары еліміз біршама қиындыққа ұшырағаны рас. Экономикамыз құлдырап, ауылдар тозып, халық қалаға шұбырып, қолына ілінгенін қорек қылған заман да өтті. Сондай аласапыран кезеңде ел ішінде істің көзін тауып, қолдағы барын құрап, өзімен бірге жерлестерін де жұмыспен қамтып, замана қиындығынан еңсесін түсірмей шыққан іскер азаматтар табылып жатты. Бүгінгі кейіпкеріміз Хабибулла Азимов – тоқсаныншы жылдардың тоқырауын маңдай тер, адал еңбегінің арқасында жеңіп шыққан кәсіпкер қария.
Ол Сауран ауданы, Қарашық ауылдық округінде дүниеге келген. Еңбек жолын сол кездегі «Победа» колхозында құрылысшы-инженер қызметінен бастаған. Тәуелсіздіктен кейін «Тұран» шаруа қожалығын құрып, мақта шаруашылығымен айналыса бастады. Жылдарды араға салып мақта өңдейтін, оның майын алатын, тамшылатып суару технологиясына полиэтелинді су құбырларын шығаратын, сүт өнімдерін өңдейтін цехтар ашқан. Бүгінде бұл жұмыс орындары «Қазақстанда жасалған» маркасымен түрлі өнімдерін шығарып, 150-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
– Мен ең алғаш рет 1992 жылы құрылыс материалдарын сатумен айналыстым. Кейін колхоз басшыларының ұсынысымен мақта өңдейтін цех аштым. Ол кездері мақтаны өзіміз егетін едік, – дейді ақсақал.
Хабибулла Азимов тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қарашық ауылында алғаш рет жіп иіретін цех ашыпты. Бүгінде айтуға оңай болғанымен, кәсіпкерлік жолында талай қызықтар мен қиындықтар болғанын өз аузынан естідік.
– 1996 жылы жіп иіретін цех ашуды ойладым. Ол үшін Ресейдің Ивановка ауданына сапарлап, сол өңірдегі 46 фабриканы түгел аралап, өзім үйреніп, көзіммен көріп, жан-жақты зерттеу жүргіздім. Ресейлік әріптестерім білімді маманмен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, қол ұшын созды, – дейді Хабекең. Әрине, шығасы шықпай, кіріс кірмейтіні белгілі. Ол жылдары ауылда бұл істің жөнін білетін маман да тапшы еді. Сондықтан Хабибулла ағамыз ауылдағы қолы епсекті қыз-келіншектерді жинап Тәшкенге оқытқан екен.
– Мамандарымды тігін фабрикасында оқытып, үйретіп шығару аса маңызды еді. Ол кезде Алматыдағы фабрикалар жабылып қалған, Ресей алыс болды. Сондықтан Өзбекстанға бардым. Қайсыбір істің болмасын, бастамасында кедергілерге жолығатының белгілі. Тәшкендегі фабриканың бастығы орыс келіншек екен. Менің қыздарымды оқуға қабылдамай, үйретуден бас тартып, «Алматыға, Ресейге бар» деп маңына жуытқысы келмеді. Мен «біз үнемі нашар өмір сүретініміз үшін шағымданып жүреміз. Ал, нашар өмір сен сияқты кертартпа кісілердің кесірінен болып жатыр. Міне, мен үлкен іске ниет етіп, шекара асып келіп тұрмын. Ал, сенің жолатқың келмейді. Қызғаныш деген қауіпті кесел» деп айтып тастадым. Ол сөз таппағасын «жалақы төлемеймін, жатар орын бере алмаймын, тамағын не істеймін?» деп бұлтаққа сала бастады. «Жалақысы, жатар орны, тамағы, жалпы барлық шығынын мойныма аламын» деп көндірдім. Кейін сол қыздарыма орыс келіншектің риза болғаны соншалықты «осындай пысық қыздар менде жоқ» деп шынын айтты. Сол қыздарым ауылға келіп, өзгелерге де үйретті» дейді ақсақал. 1996 жылы ашылған сол цехта жүзден аса адам жұмыс істеген.
Кейіпкеріміз бүгінде мақта саласының қыр-сырын түгел меңгерген десек болады. Жыл сайын 800 гектардан аса жерге мақта егіп, 35-38 центнерден өнім алады. Оны Ресей, Бангладеш, Чехия, Түркия, Прибалтика елдеріне өткізеді. Өзіміз шығарған «Жаңа Түркістан» деп аталатын, 120 күнде ашылатын мақтаның сорты өте сапалы. Сондықтан да оған сұраныс көп. Бүгінде ауылда мақтаны қолмен теретін адам қалмады. Барлығын біз арнайы техникамен теріп береміз» дейді ол.
Ғұмырының елу бір жылын еңбекпен өткізіп келе жатқан қарияның айтары мен көңілге түйгені мол. Әсіресе, егіс саласының қажеттілігі мен кемшін тұстарына бей-жай қарай алмайды. Оның айтуынша, диқандар жанармайдың, электр энергиясын, түрлі химиялық қоспалардың қымбаттығынан зардап шегеді.
«2000 жылдары жарықтың бағасы 1 теңге 7 тиын еді. Қазір 47 теңге болды. Солярка 3 теңгеден 300 теңгеге көтерілді. Бұрын бір келі мақтаға 6 литр солярка келетін, қазір бір келі мақта 200 теңге, ал, солярка 300 теңге. Өнім арзан, шығын қымбат» дейді ол. Қарияның айтуынша, бағаны көтеру қиындықтан шығар жол емес. Сондай-ақ, сатушы мен алушының арасындағы тепе-теңдікті дұрыстау қажет.
«Мәселен, бір жылдары жүгері қымбат болса, елдің бәрі жүгері егіп кетеді. Өнім көп болған соң, құны түсетіні нарықтың заңы. Бірер жыл бұрын халық малды көптеп ұстайтын болғандықтан, жем-шөп бағасы көтеріліп кетті. Мал ұстаудың шығыны артып кеткен соң, тұрғындар қолда бар малын сатып, басын азайтып еді, міне, жоңышқа арзандап кетті. Қауын-қарбыз егетін диқандар тікелей Ресейдің нарығына мұқтаж. Биыл ол жақтан сұраныс аз болды да, кейбір диқандарымыздың еңбегі еш болды» дейді қария.
Хабибулла Азимов бүгінде еліміздің тек шикізат өндірумен ғана тоқталып қалғанына алаңдайды.
«Мәселен, бір тонна мақтаның пайдасы 1500 доллар болса, одан алынатын көйлек, шұлық, бас киім, тағы да басқа өнімдерден түсетін пайда жүз мың долларға дейін барады. Сондықтан еліміз мақтаны өңдейтін, одан тұрмысқа қажетті заттар шығаратын фабрика салса жақсы болар еді. Сол секілді қызанақ, болгар бұрышы, сәбіз, картоп, баклажан секілді бақша өнімдерінен тез дайындалатын тағам өндіру де тиімді. Бүгінде «Роллтон», «Доширак» секілді тағамдардың күніне миллиондаған данасы сатылады. Ал, бізде оларды шығарудың барлық мүмкіндігі бар. Бүгінде базарымызды Ресей, Өзбекстан, Қытай, Түркия елдерінің өнімі жаулап алған. Ал, ол нарықта біз жоқпыз, бар болсақ, тым азбыз» дейді кәсіпкер кейіпкеріміз.
Бүгінде жұбайы Малар апамызбен бірге екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, немере сүйіп отырған қария әлі де аттан түспек емес.
«Жұмыс барысымен бірқатар елдің дәмін таттым. Бір байқағаным, Қазақстан қазір көпке танымал. Бір қуанарлығы, біз жайлы тек жағымды пікір айтып жатады. Мені сол қуантады. Әрине, кез келген елдің кем-кетігі болады. Бірақ, ол да түзеліп, жолға түседі. Ең бастысы, тәуелсіз еліміздің бағыты айқын, мақсаты анық. Мен жақсылыққа сенемін!» дейді қария.