Қой жүнінен түрлі бұйым жасайды

Дилара Бименова, «Оңтүстік Қазақстан».


Мақтаарал ауданы, Абай ауылының тұрғыны Нұрбибі Омарова – ұлттық қолөнерімізді дамытуға үлес қосып келе жатқан кәсіпкер. Жақында ол Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Астана қаласында әлем жұртшылығына халқымыздың даналығы мен дәстүрін, мәдениеті мен өнерін паш ету мақсатында өткізілген көшпенділер ойынына қатысып қайтқан болатын. 

– Мақтаарал ауданы, Абай ауылында 1964 жылы дүниеге келгенмін. Осында мектепті бітіріп, дүкенде сатушы болдым. Кеңес Одағы кезінде бұл екінің біріне бұйыра бермейтін жұмыс еді. Кейіннен тұрмыс құрып, жолдасым екеуміз 5 перзент тәрбиелеп өсірдік. Бүгінде үш қызым мен екі ұлым үйлі-жайлы болды. Зейнеткерлікке шығып, шағын шеберхана ашып, өзімнің сүйікті ісіммен айналыса бастадым. 

Анам өте ісмер адам болатын. Бала күнімнен оның текемет басып, алаша тоқығанын көріп, бұл өнерді бойыма сіңіріп өстім. Жасыратыны жоқ, қазір көпшілік қой жүнінің қадірін білмейді. Малшылар жүннен тезірек құтылу үшін оны өртейді немесе суға ағызып жіберіп жатады. Бірде осылай ешкімге керек болмай қалған қой жүндерін көргенде анамның әрекеті есіме түсе берді. Содан шашылған жүндерді жинап алып, жақсылап жуып, тазалап, шуашын кетіріп, сабадым. Түтілген дайын өнімнен анамнан үйренген бұйымдарды жасауды қолға алдым. Осылайша, байлығымызды қор қылмайын деп бастаған ісім бүгінде кәсібіме айналып шыға келді. Қазір республикалық және халықаралық көрмелерге қатысып, ұлттық қолөнерімізді жаңғыртуға үлес қосып жатырмын, – дейді Нұрбибі Жарқынқызы. 

Бүгінде кәсіппен айналысамын деушілерге өзін-өзі дамытуға мүмкіндік мол. Жүннен жасалған бұйымдар – үйдің сәні, ал, тоқылған киімдер суық өткізбейді. Осыны білетін адамдар алғашқыда шебердің жасаған бұйымдарын үйіне келіп сатып алып жатты. Сұраныс көбейгеннен кейін кейіпкеріміз шеберхана ашып, сүйікті ісін кәсібіне айналдыруды мақсат етті. Ол үшін, әрине, жүнді заман талабына сай өндеудің технологиясын меңгеруі керек. Содан Нұрбибі Жарқынқызы 2018 жылы Қарағанды облысы, Осакаров ауданында орналасқан «Баршын білек» оқу орталығынан білім алып, қой жүнінен ұлттық нақыштағы киімдер дайындауды үйреніп келді. 

– Қазір адамның бас киімінен бастап аяқ киіміне дейінгі дүниелердің барлығын өзіндік сән үлгісімен ерекше етіп жасап жүрмін. Жалпы, қой жүнінің адам денсаулығына тигізетін пайдасы орасан зор. Одан жасалатын бұйымдар, тоқылатын киім де сәнді әрі әдемі. Сондықтан қой жүнін өндеп, сәнді киімдер тігіп үйренемін деушілер болса, қуана-қуана үйретуге әзірмін. 

 Қазір шеберханамда 6 қыз-келіншек қой жүнін өңдеуді үйренуде әрі маған көмектесуде. Ал, басқа ауылдарда бұл дәстүр жойылып барады. Бала күнімізде апаларымыз қой жүнін түтіп, сабап, киіз басып, білектейтін. Ал, біздің міндетіміз шиге оралған кілемді тепкілеу болатын. Киіз басу былай тұрсын, қазір ұршық иіріп, шұлық тоқитын апалар жоқтың қасы. Біле білгенге қойдың жүнінен тоқылған шұлық оңайлықпен жыртыла қоймайды. Әрі жылуды жақсы сақтайды. Созылғыш келеді. Су мен дымқылдан илене қоймайды. Ұзақ уақыт бойы бояуын жоғалтпайды. 

Денеңізді жарақаттап алып, ем-дом қонбай жүрсе, онда қой жүнін жылы сумен жусаңыз, жарадан тыртық та қалмайды. Ертеректе бабаларымыз гайморит пен варикоз ауруларын қойдың жүнімен емдеген. Қой жүнінің суықты тартып алатын, жараны тез жазатын қасиеті бар. Қой жүнінің пайдасы, міне, осындай. 

Тараз қаласында елімізді қойдың өңделген таза жүнімен қамтамасыз етіп отырған Аркен есімді жігіт тұрады. Мен де жүнді сол Аркеннен аламын. 

Соңғы уақытта ғалымдар қойдың жүнінде йод көп екенін мәлімдеуде. Қазір адамдар йод тапшылығы салдарынан көптеген ауруларға душар болуда... 

Орайы келгенде айта кетейінші, менің жүннен жасалған жастығым бар. Қан қысымым көтерілгенде әлгі жастығыма басымды қойып, тынығып аламын. Сонда көп ұзамай басымның ауырғаны да қояды, қан қысымы да қалыпқа келеді. Сондықтан қайда барсам да оны өзіммен бірге алып жүруге тырысамын, – дейді шебер. 

Нұрбибі Жарқынқызы бұған дейін жолдасы екеуі жылыжайда көкөністер өсіріп, жылына екі рет өнім алған екен. Қазір жылыжайдағы жұмысты жолдасы мен ұлдары жалғастырып жүр. Ал, ол өзінің сүйікті ісімен айналысып, қой жүнінен ұлттық нақыштағы бұйымдарды жасауда. 

– Жақында Түркістан қаласында үлкен көрме өтті. Сонда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде белді қызмет атқаратын түрік әйел 100 шақты қолөнершінің ішінен менің бұйымдарыма қызығушылық танытып, ұлттық нақыштағы өрнектер түскен 70 мың теңгелік 5 шапанды сатып алды. Және мені оқу орнында өтетін көрмеге арнайы шақырды. Бұл – мен үшін үлкен жетістік.

Қазіргі таңда қолымда тұратын келінім қой жүнін өңдеуді үйренуге ден қойған. Болашақта менің ісімді жалғастыратын әлемге әйгілі қолөнер шебері болады деп сенемін, – дейді кейіпкеріміз. 

Пікір қалдырыңыз