«Үнсіздікпен сырласады бір ғашық»

Өлмес жырларымен қазақ поэзиясының төрінен орын алған ақын қыздарымыз аз емес. Сөзімізге дәлел ретінде өмірін өлеңге арнаған Мәриям Хәкімжанова, Тұрсынхан Әбдірахманова, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтқожина, Аққұштап Бақтыгереева, Қанипа Бұғыбаева, Күләш Ахметова, Ханбибі Есенқарақызы, Шәмшия Жұбатова, Гүлнәр Салықбаева, Баян Бекетова сынды таланттардың есімін атасақ болады. Солардың қатарында созақтық ақын Гүлнәр Өмірбектің де даусы ерекше естіледі.

Мемлекеттік сыйлықтың, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Серік Ақсұңқарұлы өзінің «Тәнті еткен тәржіма» атты еңбегінде: «Гүлнəр Өмірбек  кітапхананың ішінде, біз екі сөздің бірінде айта беретін шынайы əдеби ортаның қазанында қайнап, піскен екен.   Көп оқып, дүниежүзілік поэзияның тұнығынан жүзіп ішкені көрініп тұр. Қазір екінің бірі, егіздің сыңары бес-алты өлең жаза сала əдебиетке «келе береді...». Меніңше ақын кітапхананың ішінде туып, сонда өлуі керек!» деп ақын қарындасына ерекше ризашылығын білдіреді, өнеріне шынайы баға береді. Ал, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Төреғали Тәшенов: «Созақта туып-өсіп, Созақтан ешқайда табан аудармаған  Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы, журналист Гүлнәр Өмірбек өлеңді қос тілде: қазақша және орысша қатар жазады және қатырып жазады» дейді. «Созақ үні» газетінің бас редакторы, журналист Сәрсенбек Теңізбаев:  «Ақын Гүлнәр – нәзік  сезімнің ақыны. Шым-шым нәзік, құпиялы сезім. Нұрлы шағы да, мұңлы шағы да көрікті оймен өріледі. Сергек сезіммен селт еткізіп алады да, тұңғиыққа жетелей жөнеледі. Гүлнәр өлеңі – тұнып тұрған лирика. Табиғаттың керімсал сазын, күз-көктемін қалт жібермей, жыр айдынында қалықтатады» деген лебіз білдіреді. Ақынның өлеңді қазақ және орыс тілдерінде жазуы, сонымен қатар аудармашылық өнерді де қабат алып жүруі расында да назар аударарлық жәйт.
Жалпы «Ақындық тұлға – лириканың ішкі табиғатынан танылатын ақын образы. Ол – ақын тұлғасын танытуда оның рухани дүниесіндегі жан тебіренісі, сезім толқынысы сияқты түйсік-таныммен ғана ұғылатын бейнесін – ақынның жиынтық образын құрайды.  Лирикалық «мен» (лирикалық қаһарман) бейнесінен асып, ақынның жиынтық образын құраған өлеңдегі ақындық тұлға әдебиет теориясында тұтас категория ретінде қаралады» деген теориялық тұжырымның терең мәні бар.
Гүлнәр Өмірбек «Ақ қанатты періштем», «Сүмбіле қыздың сырғасы», «Жанымның жапырағы»  секілді жыр жинақтарының авторы.
 «Жанымның жапырағы» деп аталатын жыр жинағының алғысөзін танымал ақын, халықаралық Алаш сыйлығының иегері Зайда Елғондинова жазыпты. Ол өзінің «Ақынға...» (Алаштың біртуар ақын қызы Гүлнəр Өмірбекке) атты жырында былай деп тебіренеді: 
Əлемде ақын ғана мұңданатын,
Тербетіп Айдың нұрын, 
Күн қанатын.
Жүрегің аман болсын, жырла, 
ақын,
Қазақтың ерке ақыны тұлпар 
тектес,
Бетіне түнде Айдың жыр жазатын,
Жасай бер оңтүстіктің ақ маралы!
Алаштың ақсұңқары Гүлнəр ақын!
Ақын Гүлнәр туған елі  сырлы Созақты, шежірелі Қаратауды шексіз сүйеді. Туған жерінің ұлттық рухын, асқақ бейнесін:
Қанаты талмас қалықтап,
Созақ пен қазақ егіздей. 
Тақ көтеріп, ту тіккен,
Қазақтың тұңғыш хандығы.
Ысқақ баба, Шашты Әзіз,
Түркіге күллі кие еді.
Сүгір мен егіз Төлеген,
Құйылды күй боп төбеден.
Қобызы сарнап Жаппастың,
Сыр тартты көмбе-көнеден.
Осы ғой көрген өнегем,
Өнеге түйген өлең ем, – деп жырлайды Гүлнәр. 
«Созақ деген елмін мен» деп жар салатын жырда ең алдымен тұнып тұрған тарих сыр шертеді, сонымен қатар өнер әлемі де менмұндалайды, осы көрген өнегеден ақын өзіндік ой түйеді.
Ақын Гүлнәр Өмірбек шығармашылығынан күз тақырыбы оның жанына жақын екендігі аңғарылады. Ол жырлайтын күздің өзіне ғана тән мұңы бар. «Сайрандап жүрген дәуренім, Сарыала мұңды күз дейін» дейді, енді бірде: «Сырғалы күзді сүй мендей, Сыңғырлы сырлы баққа бар» деп тілек айтады. «Сен мені бір күн іздесең» атты өлеңінің түйіні былай аяқталады:
Шарқ ұрып шарла күз елін,
Ақтап ал күйін қараша.
Жанымнан жапырақ үзермін,
Сонда мен күзге таласа...
Ақын күз үшін де «жанының жапырағын үзуге» дайын. Гүлнәр көріп жүрген күз сіз бен біз көріп жүрген күзге ұқсамайды, одан әлдебір жұмбақ мұң төгіліп тұрады. 
Мен күзді ұнатам да, ұнатпаймын,
Қарашада тұрады жылап қайғым.
Жүрегімнен өзіңді ұрлап кеткен,
Мен күзді ұнатам да, ұнатпаймын.
Ақынның дәл осы тақырыптағы жырларының ішінде сан алуан сұрақ та, сыр да бар тәрізді. Бірде «Іздегенім күз бе менің, Жаңбыр жаным жаудырап» деп сұрақ қойса, енді бірде «Кейде күздей көңіліме, Ұлпа қонса, таңғалам» деп сыр ақтарады. Бір сөзбен айтқанда «Жазым да күздей, күзім де күздей» деп жырлайтын ақын жанын бірде түсініп, бірде түсінбей қалып жатамыз. Ақын жанының жұмбағы да осында.
Махаббат жайлы жыр жазбаған ақын жоқ шығар. Ұлы Абай: «Ғашықтың тілі – тілсіз тіл» деп жырласа, ақын Гүлнәр: «Алыстағы жапырақпен мұңдасып, Үнсіздікпен сырласады бір ғашық...» деп жауап қатады. Енді бірде: 
Біз екеуміз – екі әлемде тұрамыз,
Екі әлемнің махаббаты – өзгелерге тірі аңыз, – дейді.
Белгілі ақын Исраил Сапарбайдың «Махаббат ескіре ме, ескіре ме?» деген жыр жолдарына жауап ретінде жазылған «Махаббат ескірмейді, ескірмейді, Жыры оның ерсілеу боп естілмейді» деген жыры да сәтті дүниелердің бірі деп айтуға болады. 
Жадырап өр көктемде аппақ көңіл,
Жырлайды махаббаттың аққу - мұңын.
Тағдырдың талайынан демеп өтер,
Махаббат – тіршіліктің дара бағы, – деген жолдар осы сөзімізге дәлел. 
Аса ірі мемлекет және қоғам қайраткері, ұлтын сүйген дара тұлға Сұлтанбек Қожанов Созақ елінің ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтан тұтар ардақты ұлы. Осы ретте ақын қаламынан туған «Ақсүмбенің ақсұңқары» атты көлемді жыры да сұлтанбектану әлемінің көкжиегін кеңейте түсетін жақсы өлең. Өткен тарихты бір зерделеп алған ақын:
Қара түнде жарқ етті жұлдыз жаңа,
Селк етті мүлгіп жатқан көне дала.
Бағына алты алаштың сонау жылы,
Туған-ды Ақсүмбеде қара бала.
Қаратау! Қасиетіңе шексіз тағзым,
Сұлтанбектей ұл берген – алып тұлға!
Ойымызды дәлелді жеткізуді мақсат еткендіктен үзіндіні ұзақтау келтірдік. Ақсүмбеден шыққан арда ұлдың шынайы келбетін ақын жүрегі осылай сипаттайды. Өрлік пен ерлікті, ұлттың асқақ рухын паш етіп тұрған жыр жолдары шынайы патриотизмнің ғажап үлгісі.
Созақ елінің өткен тарихы мен бүгінгі тарихын еске алғанда есімізге атақты Асқар Сүлейменовтің «Созақ біріншіден – қария, екіншіден – мінез, үшіншіден – өнер» деген сөзі түседі. Созақ қария, Созақ мінез, Созақ өнер тарихында өшпес із қалдырған тұлғалар аз емес. Соның бірі, күні кеше ғана ортамыздан өткен Дулат Тұрантегі еді. Дулат аға ақын Гүлнәрдің өмір жолындағы, өнер жолындағы ұстазы. Дулат ағаның 70 жылдығына арнап жыр жазған Гүлнәр былай толғанады:
Турашылсыз, кетпейсіз елеске еріп,
Жамандық атаулыдан жүрген жеріп.
Созақ сөздің киесін қадірлеумен,
Белестерден келесіз белеске өтіп. 
Ақын Гүлнәр асылдың сынығы, тектінің тұяғы. Әкесі Есіркеп Өмірбеков республикаға танымал жазушы, шежіреші, журналист, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, өлкетанушы еді. Жазушы-шежіреші Есіркеп Өмірбековтің соңында «Дәулет пен сәулет», «Шежірелі өлке», «Бабалар соқпағы», «Өмір керуені» атты кітаптары қалды.
Шолаққорған ауылында дүниеге келген ақын қыз  Ы.Алтынсарин атындағы орта мектепті үздік бітіріп, еңбек жолын 1980 жылы Созақ аудандық мәдениет бөлімінде автоклуб меңгерушісі болып бастаған. 1981 жылы аудандық орталық  кітапханаға ауысты. Жоғары білімді кітапханашы-библиограф Гүлнәр Есіркепқызы саналы ғұмырын кітапхана ісіне арнады. Бүгінгі таңда Сұлтанбек Қожанов атындағы Созақ аудандық тарихи–өлкетану музейінде ғылыми қызметкер болып абыроймен еңбек етіп келеді.
Оның жырлары «Жалын», «Қазақстан әйелдері», «Ақиқат», «Ардагер тынысы»  журналдарында, «Оңтүстік Қазақстан», «Созақ үні» секілді басылымдардан жиі көрініп тұрады.
Ақын, аудармашы, Қазақстан Жазушылар  одағының, Журналистер одағының мүшесі, «Кітапхана ісінің үздігі», «Мінсіз қызметі үшін» медалінің иегері Гүлнәр Өмірбек өмірін де, өнерін де кітап әлеміне арнаған жан. Ол – кітапхана  деп аталатын құтхананың шырақшысы, туған елінің сырлы да сезімтал жыршысы. Әп-әдемі лирикасымен оқырман жүрегін баурап алған көркем мінезді ақыннан алдағы уақытта да терең иірімді жырлар күтеміз.

Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы.
Пікір қалдырыңыз